Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Карантин

04.04.2020, 12:41 1953

HALYQLINE.KZ –

Терезеге байландым. Көңіл түзде.

Биыл көктем ұқсайды қоңыр күзге.

Жаға жайлау жүргесін жатқан шығар

Өмір жайлы үйретіп ӨМІР бізге.

Өз пәтерің болғанмен таза мекен,

Жалғыздықтан ЖАН жүдеп азады екен.

Кең далаға сыймайтын қазақ үшін

Қабырғаға қамалған азап екен…

Дүр сілкінді ДҮНИЕ, рас, түтігіп,

Жүрсе екен деп кәрі мен жас күтініп.

«ӨЛМЕЙМІЗ!»- деп әйелдер ақ кебіннің

Матасын жыртып отыр маска тігіп.

Қара жерді қауіппен басып жүрміз,

Аштық келмей, айлық ас тасып жүрміз.

Көрінбейтін пәлекет жабысардай

Көрінгеннің бәрінен қашып жүрміз.

Арпалысып ҮРЕЙің ҮМІТпенен,

Індет кірсе, кетердей іріп денең,

Асыраушың болғаны естен шығып,

Қолыңа да қарайсың КҮДІКпенен.

Өліарада түседі араша кім?

Басы қатып кеткендей қарашаның.

Қымбат иіс суларың сіресіп тұр,

Сөрелерде қалмапты қара сабын.

Жазыла ма белгісіз ғазал жаңа,

Кімді келер білмейміз назарға ала.

Алаламас байсың деп, кедейсің деп

Адамдарды бөлмейді АЖАЛ ғана!

Қаша алмайсың, аңсама құр ондайды.

Блокпосттар сырыңды ұға алмайды,

Ешбір жанды себепсіз кіргізбейді,

Ешбір жанды себепсіз шығармайды!

Алыстағы аңқылдақ ауыл қайда?

Барушы едім жылда бір сәуір, майда.

Уысыңа сыйғызып бар тәттіні

Туысыңа жете алмау – ауыр қайғы ә?!

Басымызды әр жаққа ала қашпай,

Бір болғанда сынбаймыз қара ағаштай.

ТІРШІЛІКті тоқтатып сағынсақ та,

ТІРІ ЖАНмен отырмыз араласпай.

Жолымды енді дегендей тұсатпаймын,

Қозғалады пойыз бен ұшақ қай күн?!

Ей, АДАМДАР, үйімнен шыққан күні,

Ел аралап бәріңді құшақтаймын!

Жансая  МУСИНА,

ақын, ұстаз

Орал  қаласы

(facebook-тегі парақшасынан алынды.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: