Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КАРАНТИН һәм «ӘР ІСТІҢ ҚАЙЫРЫ БАР…»

02.04.2020, 10:34 800

Айтуға аты-ақ жаман. Әлемнің  әбігерін   шығар­ған ауруға «корона» деп келістіріп ат та қойдық. Әдетте «корона» сөзі ең жоғар­ы, биік, мәртебелі дүниелерге бағытталатын еді. Бұ жолы басқаша. Қытайдың Уханы ушық­тырған індетпен іле-шала іргелес елдер, одан қалды Еуропа­, жер бетінің жар­тысы  жараланды  да  қалды. Ғалам әлемтапырақ күйге енді. Қапелімде келген қонақтай абдырады, алды адам өліміне әкеле бас­тады. Сақтануға сақадай сай  болмаса да, ғалам  оның басын карантиннен бас­тады.  Сақадай сай бол­маса  да  дейтін  себебіміз, коро­навирусқа қарсы вакцина да, ем де табылмай тұр. Кейбір  ғалымдар  емге дәру іздеп талпынып-ақ жатыр.­ Бірақ оның сынақтан өтемін дегенше қазіргі жаһандық  жағдай да шегіне  жетіп тынары хақ. Статистика Қазақстанда кеше кешкілік 375 адам аты жаман аурудың құрығына ілінген дейді. Сандарға сенім жоқ, сынаптай сыр­ғып тұр. Қызыл­орданың  өзінде  25  адам  тізімде тұр. Бас­тапқыда бейжай қараған халық енді шын  шо­шиын  деді.

ЖАҢАҚОРҒАНДА   БІР   ОТБАСЫ  ТҮГЕЛДЕЙ   ІНДЕТ   ЖҰҚТЫРҒАН

Әдепкіде мұндай жағдай Қызыл­орда облысында тіркелмей тұрған кезде жұрт та жайбарақат жүрді. Аты жаман ауру Алаштың анасын да айна­лы­п өткісі келмеді, ең бірінші болып­ 28 наурыз күні Оңтүстік Кореядан келген әйелден табылды. Бір қызығы, ол 1 наурыз күні Қызылорда қаласына­ келіп, 14 наурызға дейін карантинге жатқызылған. Алайда осынша уақыт аралығында тұрғыннан ауру белгілері анықталмаған соң ауруханадан шығары­лған. Тек 28 наурыз күні ғана науқаста коронавирус инфекциясы анықталған. Жағдай әлі түсініксіз. Себебін білмей жұрт та әрі-сәрі күйде. Орайы келгенде айтайық, осы іс бо­йынша Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызметінде қателік жіберген  мамандар тексері­ле­тіндігін және жауапқа тартылатындығын айтып өтті. Расында бұл жерде бір күдіктің қалғанын жасырмаймыз. Себебі карантиннен шыққаннан кейін ол қанша адаммен қарым-қатынас орнатқаны бір Құдайға ғана мәлім. Артынша қаладағы «Сенім» емханасының медбикесінде ауру белгіле­рі бар екендігі анықталды. Басы біреу-екеумен басталған індет Жаңақорғанға жетіп, түгелдей бір отбасы­ мүшелері инфекциямен зақымда­нды. Қаладан ауылға аттан­ған  вирус  әзірге ауыздықталмай тұр. Ресми­ мәліметтер бойынша жаңа­қорғандықтар бір-бірінің үйінен наурыз­көже ішуге барған­ деседі. Тығылы­п тойлаймыз дегендерге тыйым­ бол­маса, түбіне жететін түрі бар. Қазір Жаңақ­орған ауданы  карантинге  жабылды.­

– Қосымша тіркелген фактілер Жаңақорған ауданынан болып отыр. Барлығы да – алдында тіркелген нау­қаспен қарым-қатынаста болып, оқшауланып, карантинде болған азаматтар. Осы азаматтардан сынама алынған  еді. Коронавирус жұқтырған 8 азамат – бір отбасының мүшелері. Олар – 6-45 жас аралығындағы адамдар. Соның ішінде үшеуі – 14 жасқа дейінгі  балалар, – деді Қызылорда облыс­ы денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Жақсылық Әбду­саметов.­

ЖАҢА   ӘКІМ   ЖАҒДАЙҒА  БЕЙЖАЙ   ЕМЕС

Орынтағына енді ғана орналасқан жаңа әкім Гүлшара Әбдіқалықова Сырдың жеріне келген күні қалада коронавирустың алғашқы жағдайы тіркелді. Келе сала медицина нысандарын аралады, аймақтағы ауруға қатысты ахуалдан хабардар болды. Тәуліктің 24 сағатында да тікесінен тік тұра тынбай қызмет етемін деген басшыға қазір халық иланып отыр. Қарқынының межесін уақыт көр­се­теді. Хош, облыстық телеарнадан аймақ  жұртшылығына Үндеуін жария­  етті.

– Қызылорда облысының бас санитар­лық дәрігерінің 30 наурыз 2020 жыл­ғы №4 қаулысымен 31 наурыз сағат 00-ден бастап Қызылорда қаласы­на көліктің барлық түрлерінің келуіне және шығуына тыйым салы­нады. Теміржол қатынасына шектеу 1 сәуірден басталады. Облыс тұрғындарынан  сұрайтыным,  шектеу  талаптарын қатаң сақтауға тиіспіз. Қоғамдық орындарда серуендеуді доғары­п, үйден шықпай, дерттен оқшауланған жөн. Қазір кез келген адам вирус жұқтыруы ықтимал. Ал қаулы ережесін  бұзғандарға  заң аясында шаралар қолданылатын болады. Өңірде коронавирус диагнозымен ауруханаға түскен ең алғашқы науқастың мәселесіне келсек, қызметтік тексеріс жүргізілуде. Қауіпті індет белгілерінің неліктен кеш анықталғандығы қаралады, – деді аймақ басшысы.

Оқшаулануды ойлайтындар болса, мына дертті жеңетін сыңайымыз бар. Алайда тығылып той істеп, үймелеп­ үй-үйді аралап жүргендердің жетесіне жеткізілгенше ауруды ауыздықт­ай алмай қалатын түріміз бар.

ҚЫЗЫЛОРДА – КАРАНТИНДЕ

Облыстың бас санитары Әлия Әбдіқайымова аймақты карантинге жабу туралы арнайы қаулы қабыл­дады. Оның мазмұны бойынша облыс­  орталығы  толықтай жабылады. Қалааралық, ауданаралық жол-көлік қатынасы тоқтатылады, кәсіп­керлік нысандары жұмыстарына шектеу қойылады. Карантинге қатысты­ шектеуле­р туралы барлық БАҚ құрал­дарында дамылсыз таратылып  жатыр.

Жалпы, облысымызда коронавирусқа қарсы стационарларда төсек-орындар дайындалған. Қазіргі таңда 135 төсек-орынға дейін кеңейтілді. Сонымен қатар провизорлық ста­ционар 100 төсек-орын болса, қазір 260-қа дейін кеңейтілді. Карантиндік қосымша 600 төсек-орын бар. 1А санатындағы елдерден келген 33 азамат бар. Оның 9-ы ауруханада оқшауланса, 23-і үй жағдайында. 1В санатынан келген 148 азаматтың 12-сі аурухана, қалған 136-ы үй жағдайында оқшаулауға алынған. Медициналық ұйымдардың қызметкерлерінің бәрі қазіргі уақытта сырттан келген азаматтарды анықтау және үйде бақылау жұмыстарын жүргізуде. Жұқпалы аурулардың алдын алу, таралуының қаупін болдырмау мақсатында ауыр науқастарға және жалғызбасты аналарға қатысты дәрі-дәрмекті үйді-үйге тарат­у  жұмыстары  жолға  қойылған.

ПАНДЕМИЯДАН  ПАЙДА   БАР  ДЕСЕДІ…

Дүниенің екіұшты екенін ескерсек, дәл осы әлемдік пандемияның да пайдасы бар көрінеді. Күні бүгінге дейін 200-ден астам мемлекетке тарап­, короновирус құрығына  800 мыңнан астам адам ілінді. Джон Хокинс университетінің дерегінше, қазір қауіпті індеттен 30 мыңдай адам қайтыс болды. Осынша адамның ғұмырын жалмаған індеттен ілкімді дүниені іліп алып айту оғаш секілді көрінеді. Дегенмен бұл рас. Мысалы, Алматы қаласы карантинге жабыл­ғаннан кейін ауа құрамы 30 па­йызға дейін тазарған. Италияның Венец­ия қаласында карантин орна­ғалы өзен-сулары балыққа толып, ең ар жағы дельфиндерге дейін суға оралған­. Қытайдағы пандемия кезінде де дәл осындай атмосфера тазару процесі байқалған. Бұдан бөлек, каран­тин кезінде­ отбасы мүшелерінің шаңырақ астында бас қосып, бірге уақыт өткізулеріне мүмкіндік туын­дады. Жеке бас гигиенасын сақтауға дағ­дыланған жұрт коронавирус ғана емес, өзге де жұқпалы аурулардың алын  алуға  бейімделді. «Әр нәрсенің қайыры бар»  деген  осы.

ТҮЙІН. Күллі әлемде қазір коронавирустан бөлек маңызды тақырып жоқтай  көрінеді. Күллі  адамзат зейіні  осыған ауды. Алайда тек қана індеттің кесірінен  емес, адам өліміне өзге де  себепші  жайттар  бары  анық. Мәселен,  СПИД-тен күніне  әлемде  шамамен  5000 адам қайтыс  болады.  Оның  көпшілігі  – 15-49 жас  аралығындағы  адамдар.  Ал,  коронавирус  бастал­ғалы екі айда өлгендер саны бар-жоғы 30 мыңға жуықтағаны айтылады. АҚШ, Италия, Испания елдерінде індет асқынып, өлім-жітім көбейіп тұр. Қытайда­ да өлгендер саны жасырылған деген де сөз бар. Демек, нақты сан белгісіз. Бастысы, бұл вирустан да келер қауіп көп екені ақиқат.  Бұл уақытта­ СПИД-тен 300 мың адам о дүниеге сапар шегіп кетті. СПИД-тің  емі  жоқ,  коронавирустан жазылуға болатын секілді. Ал, күніне жер бетінде шамамен 150 000 адам дүниеден өтеді екен. Оның 100 мыңы түрлі аурудан деседі. Күніне 50 мың адам жүрек ауруларынан, 40 мың адам аштықтан, апаттан­ және өзге де себептермен бақилық боп кетеді-міс. Тажал­дың  қай тұстан  тап беретіні  бір  Аллаға  аян. Ал коронавирустан келер­  кеселд­ің  алдын­  алу, сақ  жүру  сіз  бен  біздің  қолымызда  ғана  тұр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: