Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғаламның ең үлкен екі мәселесі қандай?

02.02.2020, 12:52 1032

Достар, әлемдегі ең басты екі мәселеге нені жатқызар едіңіз? Менің ойымша, біріншісі – ауыз су мәселесі, екіншісі – экологиялық апат.

Рас, ауыз су ресурсы сарқыла бастады. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегуде. Бүгiнде су тапшылығы Азия, Африка, Еуропа құрлығындағы елдердің басты мәселесіне айналды. Енді суға талас үдей береді. Дамыған елдер Антарктиданың мұздықтарын кемемен тасып, тұтынып отыр. 2025 жылға қарай Жер шары тұрғындарының үштен екiсi су тапшылығының зардабын тартады деген болжам бар. Ал, біз жазда ауыз сумен есік алдындағы егінді суарып, шаруашылық істерге жұмсап, ысырап етудеміз…

Жер-жаһанның тазалығын тұрмыстық қатты заттар ластап, экологиялық апатқа ұшыратуда. Белгілі қаламгер Қайнар Олжай өзінің «Жер мен аспан арасындағы дастан» кітабында «Тынық мұхиттағы солтүстік иірімде аумағы 700 мың шаршы шақырым мен 1,5 миллион шаршы шақырым аралығындағы пластик қалдықтар қалқып жүр. Көздеріңізге елестету үшін айта кетейік: Түркия, Чили, Замбия сынды мемлекеттің аумағы 700 мың шаршы шақырымнен асады, ал 1,5 миллион шарқы шақырым дегеніңіз Монғолия аумағымен тең» дегенді алға тартады. Табиғи процесте жойылуына жүздеген жылдар кететін пластик ыдыстар, полиэтеллен пакеттер мен памперстердің қоршаған ортаға зиянын әлі түсіне алмаймыз немесе түсінсек те, қабылдай алмаймыз. Бір ғана памперсті алсақ, оны дайындағанда целлюлоза, трибутилен, полипропилен, натрий полиакрилаты, кремний оксиді секілді химиялық заттар және полиэтилен, резеңке және хош иістендіргіштерге күн сәулесі тікелей түскенінде химиялық реакциялар жүріп, ондағы зәрден улы заттар бөлінеді. Осыдан-ақ памперстен қоршаған ортаға зиянын бағамдай беріңіз. Ал оны жою үшін тек жоғары температурада өртеу қажет.

Ескерте кететіні, химиялық қоспалардың арқасында памперстің беріктігі артып, далаға тасталған жағдайда 200 жылда толық жойылады екен. Пластик пен полиэтелленнен жасалған тұрмыстық заттардан дамыған мемлекеттер бас тартып, заңды тұрғыда шектеу қоюда. Оның зияны шаш-етектен. Біз болсақ сауда орындарында полиэтеллен пакеттерді тегін таратып, экологиялық кеселге үлес қосудамыз. Соған қарамастан озық отыздыққа енуге үміттіміз. Тазалықты үйренбей өркендеу…

P.S.: Африкада бір кездері Германия мен Англияның отары болған Руанда мен Эритрея сияқты елдер пластик пакеттер өндірмек түгілі, ел аумағына мүлде жолатпайды. Әрине, зиянын білгендіктен. Егер онда затыңызды пакетке салып барсаңыз, шекара аса алмайсыз. Заң солай. Еуропаның озық елдері полиэтеллен пакеттерді берік қағаздан жасалған пакеттерге ауыстырып жатыр. Бізге африкалық елдердің ұстанымын ұстануға не сауат жетіспейді не келешек ұрпақтың амандығы қызықтырмайды. Айтқым келгені, сана мәдениетін оздырып, мәселердің алдын алуда белсенділік таныту керек…

Достар, сіздер әлемдегі негізгі мәселеге нені жатқызар едіңіздер? Бәлкім сіздердің тың ойларыңыз бар шығар? Сіздердің құнды пікірлеріңізді күтемін…

(Нұрлат Байгенженің ФБ парақшасынан алынды.)

Пікірлер:
  • Пікіріңізге қосыламын өте орынды. Мен рухани байлықты да қосар едім. Қазір адамзаттың біраз бөлігінің рухани байлығы аз болғандықтан əлемде түрлі келеңсіз оқиғалар орын алуда. Осы рухани азықты ұрпағымыз мектеп табалдырығын аттағаннан бастап алса. Тəрбие сағаты деген сағатқа үлкен мəн беріліп, оқушыларға рухани азық бере алатындай дайындықпен өткізілсе. Имандылық, адалдық, ізденімпаздық, ізеттілік, парасаттылық, жауаптылық, тазалық, мейрімділік, қоғамға, денсаулыққа деген қамқорлық т.с.с ұғымдарды мектеп жасынан ұрпағымыздың бойына сіңіру қажет. Рухани байлық маңызды мəселе деп есептеймін.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: