Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ертегідегідей өмір сүріп жатқандаймын»

26.10.2020, 17:35 832

HALYQLINE.KZ

Қамқорлық

Өңірімізде тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жандар өте көп. Тұрғын үйге зәру жұрт өз кезегін жылдап күтіп, жалдамалы пәтер жағалап кеткені қашан. Бір баспанаға зар болып, қиналып жүрген жандарда мемлекеттік бағдарламалар аясында баспаналы болып қалармыз деген үміт бар. Дегенмен, несиеге берілетін үйдің өзін жылдап күтуге мәжбүр. Осы тұрғыда Жалағаш ауданында 10 үй салынып, желтоқсан айының басына дейін қолданысқа берілетін болды.

Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жалағаш кенті Дәуімбай учаскесінде 10 несиелік тұрғын үй салынуда. Тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 91 млн теңге, жергілікті бюджеттен 3,6 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Жоба құны 115,4 млн теңгені құрайды. Бұл тұрғын үйлер жер учаскесін алу кезегіне тіркелген азаматтарға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы 14-15 жыл мерзімге несиеге беріледі. Тұрғын үйдің болжамды бағасы 7-8 млн теңгені құрайды. Баспананы сатып алуға ниет білдірген азаматтан аталмыш банкке тұрғын үй бағасының алғашқы 20 пайыз жарнасын төлеу талап етіледі және оның төлем қабілеттігі осы банк арқылы зерттеледі.

Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл осы 10 үй салынды. Келесі жылы 20 үй салсақ деп жоспарлап отырмыз. Басқа да әлеуметтік нысандар бойынша да жоспарларымыз көп. Дәуімбай учаскесіне келсек, мұнда барлық жағдай жасалған. Барлық инфрақұрылым жеткізіліп, әлеуметтік мәселелері шешілген. Ағымдағы жылы газ жүйесін қосуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, қазіргі қиын-қыстау сәтте елге демеу болып, көмектесіп жатқан кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Қазіргі таңда жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен 35 млн теңге жиналып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетудеміз, – деді Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шаменов.

Арманы орындалып, үйлі болып жатқандардың бірі – Орынбек Шаймағанбетов. Ол қызмет бабында жүргенде екі аяғын пойыз басып кетіп, мүгедек болып қалған. Қос аяғынан ерте айырылған азамат 15 жыл бойына үй жалдап тұрып келген. Жұбайымен бірге екі баланы тәрбиелеп отырған отбасыға аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, үйдің барлық сомасын төлеп беретін болды. Қолдау көрсетіп жатқан кәсіпкерлер өздерін атамауды сұраған екен.

2005 жылдан бері пәтерім жоқ. Үй алу мақсатында әкімшілікке бардық, үй кезегіне тұрдық. Аллаға шүкір, әкімдіктің арқасында үйлі болып жатырмын. Қуанышымда шек жоқ. «Өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай» күй кешудемін. Көмек беріп жатқан барша азаматтарға алғысым шексіз. Жан-жақтан демеу беріп жатқан халқыма да рақмет айтамын. Дәл осы беріліп жатқан үйдің құрылысы қатты ұнаған. Несиеге болса да алсам деп армандадым. Алайда кәсібімді денсаулығыма байланысты уақытша тоқтатып қойғандықтан бұл арманым орындалмастай көрінген. Одан бөлек, келіншегім де жол апатына ұшырап, жағдай қиындап қалып еді. Сонда да мойымай сынақ болар деп бәрін жеңіп келдік. Барлығы біртіндеп оңалып келеді. Шүкір! – деді Орынбек Ақбергенұлы.

Орынбектің мәселесін ең бірінші көтерген «Астана» телеарнасының журналисі Бибігүл Дәулетбекқызы болатын. «Аялы алақан» бағдарламасына хабарласқан Орынбектің жағдайын әкімдікке жеткізген де – сол. Жаңа пәтермен таныстыру барысында журналистің өзі де болып, кейіпкерін жеке құттықтап қайтты.

Тағдыр мен тұрмыс тауқыметін қатар тартқан Орынбектің өмірінде ауыр кезеңдер де, көз жасы да, түңілу де болған. Қырық төрт жастағы ол «Ертегідегідей өмір сүріп жатқандаймын» деп екі езуі екі құлағына жетердей қуанып жүр. 2015 жылы «Ақниет» бағдарламасы аясында қайтарымсыз 485 000 теңге алып, өз кәсібін ашып, тігінмен айналысқан болатын. Бірақ, денсаулығына байланысты оны уақытша тоқтата тұрғанын айтады. Үй беру барысындағы аудан әкімінің жұмысын айта кеткен жөн. Орынбектің жақындарының айтуынша, бұл жұмыстың барлығы аудан басшысының ықпалымен жүзеге асқан көрінеді. Өз кезегінде әкім қоныстойдан кейін Орынбектің кәсібін дамыту жөнінде ақылдасып, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге шақырды. Қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар әкімге алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.

Қазақ жерінде неше түрлі қилы тағдырлар кездеседі. Бұл жүрек тебірентерлік оқиға – сол тағдыр тәлкегіне түскен жандардың арасында оң шешімін тапқаны. Бұдан бөлек еліміздің әр бұрышында баспанаға зәру жандар жетерлік. «Егер қазақтың өз тізгіні өзінде болып, жұрттан жиналған ақшаны өз қажетіне жұмсайтын болса, қазақ баласы кiруге орын таба алмай қайғырмас едi». Бұл – 1913 жылы Міржақып Дулатұлының жазған жазбасы. Арада ғасырдан астам уақыт өтті. Тәуелсіздігімізді алдық, етек-жеңімізді жинадық. Бірақ қазақтың жай-күйі өзгермеді. Өз ақшамызды өз қажетімізге жұмсаған күнде де бір баспанаға жетпей-ақ қойды. Егер де осындай игі істер мақсатынан таймай, өңіріміздің барлық аудандарында болса, халқымыздың халі дұрысталып қалар ма еді…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: