Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еліне елеусіз ерлер

04.03.2020, 14:54 770

Тарихи  тағылым

Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек.

Н.Назарбаев

Сөз  басы

«Біздің әлем алдында ұялатын тарихымыз жоқ» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, басқасын былай қойғанда, ата-бабаларымыз құрған Ғұн, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда империясы империя болғанымен (империя – өз мемлекетінен тысқары елдерге ықпал етуші алып мемлекет. – Н.Ж.) көрші елдерге зәбірі тимеген, олардың тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне қысым жасамаған, керісінше қорған болған.

Бұл турасында айта кету керек, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, тұрмыс- тіршілігіміз, қарым-қатынасымыз көшпелі тұрмысқа бейімделгендіктен, біздің жарқын тарихымыз көбіне-көп шежірешілер арқылы атадан-балаға ауызша тарап, мирас боп келді. Мұндай тәсілдің жетістігі – Сайын Дала перзенттеріне кез келген тарихи оқиға тез тарап, рухани тәрбиеге зор ықпалы болды. Кемшілігі – ауыздан-ауызға тараған сәттерде кейбір тарихи оқиғалар, дара тұлғалар әрекеті таратушылар тарапынан қателесіп, не әдейі бұрмаланып, шындықтан алшақтауы. Ал, жазу-сызуы жетілген отырықшы елдерде мұндай кемшіліктер аз болды немесе саясат үшін әдейі қолдан жасалды. Өкініштісі, бүгінде халқымыз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өткен тарихын түгелдеуде отырықшы елдердің кезінде өздеріне бейімдеп, бұрмаланған тарихын пайдалануға мәжбүр болуында.

Жазу-сызуы жетілген отырықшы елдердің тағы бір жетістігі – кезінде елінің, тіпті әр ауылының тарихын, әр әулеттің, әр адамының өзіндік қасиетін бүкпесіз жазып кетуінде. Мұндай жетістікті ұлтының тәрбиелік мәніне ұтымды пайдалана білген отырықшы елдердің көшпелі елдерге қарағанда ұлт боп ұйысу үрдісі жылдамырақ жүрген. Ал, тарихы ауыздан-ауызға тарап отырған көшпелі елдердің шынайы тарихы көбіне-көп көмескіленіп, не бұрмаланып, нақтыланбады. Нәтижесінде, бұл үрдіс қолданысқа тиімсіздеу боп, тіпті кейде ру-тайпалар арасына жік түсіріп, ұлт боп ұйысуға үлкен кедергілер келтіріліп отырды. Оның бір өкінішті мысалы «Қыз Жібек» лиро-эпосында айқын көрініс тапқан. Қазақтың қас батыры шекті Бекежанды арғынның батыры етіп бұрмалап, Төлегенді Бекежанға өлтіртуі дәлелімізді айқындай түседі. Шын мәнісінде, Төлегенді Кескентерек деген қарақшы қожа өлтірген-ді. 

Ал, шынтуайтына келсек, Бекежан – Қыз Жібектің қыз алыспайтын жақын рулас ағасы. Міне, көрдіңіздер ме?! Жырда тіпті қазақтың салт-дәстүріне дейін бұрмаланған! Мұндай жағдай қазақтың әр ру-тайпасының, әр ауылының тарихына тән екені жасырын емес. Демек, мұндай келеңсіз жайттар ұлтымызды рушылдыққа, жершілдікке әкеп соғып, бір мақсатқа, ұлт боп ұйысуға үлкен кедергі келтірді. Ал, дұшпандарымыз бұл осалдықты ел арасына жік салуға таптырмас кұрал ретінде пайдаланды.

Келешекте осындай олқылықтың жолын кесу – бүгінгі Тәуелсіз еліміздің әрбір сауатты да, көкірегі ояу перзентінің парызы деп білемін. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың ел рухын көтерудегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын рухты бағыт-бағдары әр ауылдың шынайы тарихын түгендеуден, жасақтаудан басталады. Ендеше, тарихы ХІХ ғасырдың басынан, Жанқожа батырдың сарбаздарына қару-жарақ соғушы ұсталардың мекені ретінде басталған ауылымыз Қамыстыбастың (1905 жылға дейін «Темірші». – Н.Ж.) тарихының өзім білетін, куәсі болған кейбір тұстарын болашақ ұрпақ үшін жазып кетуді өзіме парыз санадым.

Ел  намысы  –  ер  намысы

Ерді намыс өлтіреді,

Қоянды қамыс өлтіреді.

Халық мақалы

Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген «Желтоқсан» оқиғасы тұсында мен Ақтөбе қаласында жұмыс істеп, Қызылордада сырттай оқитынмын. Кезекті қысқы сессияға аттандым. Жай аттанғаным жоқ. Сол кездері аты аңызға айнала бастаған облыс басшысы Е.Н.Әуелбековке жолығып, ауылымыз Қамбаштың (Қамбаш – Қамыстыбастың қысқартылған атауы. – Н.Ж.) әлеуметтік ауыр жағдайын, жастардың жұмыссыздығын баяндаған хатты қолына табыс етуді де мақсат тұтқам. Алайда кенеттен «Желтоқсан» оқиғасы басталып кетті де, Еркін Нұржанұлымен кездесудің сәті түспеді. Есесіне, хатты сол кезде облыс басшысының көмекшісі қызметін атқарып жүрген, кейін Арал ауданының басшысы болған Балтабай Ақпанбетовтің қолына табыс еттім. Содан бірер күн өткенде «Желтоқсан» оқиғасына байланысты пединституттың мәжіліс залында халықпен кездескен Еркін ағама тағы да әлгі мазмұнда жеделхат жазып, қолына табыстаудың сәті түсті. Ол кісі хатты оқып, Қамбаштың әлеуметтік мәселесін тез арада қолға алып, шешетінін мәлімдеді. Мен қатты қуанып қалдым. Сол қуаныш сезімімен Ақтөбеге де аттанып кеттім. Алайда алдымда қатерге толы өмір күтіп тұрғанын білмеппін. 

Көп ұзатпай өзім жататын жұмысшылар жатақханасына төрт милиция жетіп келді. Сөйтсе, үстімнен арыз жазылыпты. Арыз иесі осында тұрып жатқан орыс шовинистері екен. «Желтоқсан» оқиғасын желеу еткен олардың арызы бойынша түнімен қазақша ән салып ұйықтатпайды екенмін. Ол аз дегендей, қазақша білмейтін қазақ балаларын жиып ап, күнде қазақша үйреткеніммен де қоймай, әлемдік саяси картаға Қазақстан шекарасын оқшаулай сызып, сепаратистік бағытқа тәрбиелейтін көрінемін. Сайып келгенде, мұның бәрі «Желтоқсан» оқиғасынан бұрынырақ болған бір келеңсіз оқиғаға әкеп тіреп қойғаны да белгілі боп қалды. Жатақхананың қызыл бұрышындағы теледидардан (ол кезде жатақхана бойынша жалғыз-ақ теледидар болатын. – Н.Ж.) «Тамаша» ойын-сауық кешін көруге кедергі жасамақ болған шовинистерге тойтарыс бергенімнен екен!

Сонымен не керек, сол арыздың әсерінен құқық қорғау органдары тарапынан да, КГБ тарапынан да аңдуға іліндім. Ақыры достарымның ақылымен ауылға қайтуға мәжбүр болдым. 

Бұл 1987 жылдың ақпан айы болатын. Жұмыссызбын. Күдіктіні ешкім жұмысқа алар емес. Оның үстіне ол кездің атқамінерлерінің түсінігі бойынша (қазірде де солай. – Н.Ж.) мінезділер «шпана»болып есептелінеді де, жолдарына бөгет жасап, жандарына жолатпайды. Сөйтіп екіұдай сенделіп жүргенімде, ауылға теміржол салатын әскерилер келді. Олар мені не істесін?! Содан бір жыл бос жүрдім. Келесі жылы, яғни 1988 жылдың көктемінде Еркін Нұржанұлының табандылығымен Арал қаласындағы «Приарал» совхозының орталығы Қамбашқа көшіріле бастады. Бірақ, мені құрылыс жұмысына қабылдамады. Есесіне, кіл «сен тұр, мен атайын», яғни мінездері «теріс» деп саналатын жігіттерді біріктіріп, тас шабатын бригада құрып, мені бригадир етіп бекітті.

Ақирек тауының жанынан шақыр тас қазып, оны шауып, көліктерге тиейтін болдық. Жұмыс қызып сала берді. Күнде таңертеңнен кара кешке дейін тас шабамыз. Небір темірден жасалған үлкен балға-куалдар тасқа шыдай алмай, морт-морт сынады. Осындайда қатындардың: «Құдайдан тауып құм арқала!», «Құдай бар болса, азаннан қара кешке дейін тас шап !» деген қарғыстарының қаншалықты шындық екеніне енді көзіміз жетті. Бірінен соң бірі жетіп кеп тұрған көліктер! Оларды тоқтатпау үшін қара тасты тоқпақтаймыз кеп!.. Жан шыдар емес! Бірақ, жігіттер жарады! Шыдады!.. Жан-жақтағы достарым: «Ау, Нұреке, не тірлік істеп жатырсың?» – деп сұраса, «Тас шауып жатырмын!» – деп жауап беремін. Жауабымды естіген достарым бұл хабарды әрқалай қабылдайды. Біреулері: «Әзілің қалмайды екен!»- деп кейістік білдірсе, енді біреулері: «Ха-ха-ха! Әзіл деп осыны айт!» – дейді, «әзіліме» қатты риза боп. Бірақ бәрін қабыстырып тұрған «тас шабуға» деген сенбестік пікір! 

Осылайша қалыпты күндер өте берер ме еді, 1988 жылдың шілде айының 1-і күні түс мезгілінде тас шауып кеп, аздап мызғып жатқан кезімде үйге бір топ жігіттер кіріп келмегенде!.. Түрлері өрт сөндіргендей түтігіп кеткен, жүрістері тым суыт! Топты бастап келген мектептің көлік жүргізушісі Кенжебек Қазанқапов пен Алаш Құлмырзаев деген жігіттер екен. Сөздері кесек-кесек.

– Нұреке, кеше түнде офицерлері бастаған солдаттар көшеде жүрген халықты аямай ұрып-соғып кетіпті. Кейбірі тіпті үйлерге де басып кірген дейді! – деді Кенжебек .

– Офицерлердің қолдарында бір-бір мылтық, халыққа қарай оқ атқан да көрінеді! – деді Алаш та бастырмалата.

Мұны естігенде, қаным басыма шауып, орнымнан атып тұрдым. Ашу-ызадан тұла бойым қалш-қалш етеді. Жігіттер жарыса сөйлеп жатыр. Намыстан жарылғалы тұрған жігіттердің сөздері бір-бірімен қабыспаса да, бәрібір мазмұндары түсінікті еді.

– Солдаттарға қарсылық көрсетіп, қызға араша түскен төрт баланы Аралдан келген төрт милиция қамап, алып кетейін деп жатыр екен! Әскерден жақында ғана келген жас жігіттер ауылға қыдырып келген Қазалының қызын бір топ солдаттар зорламақшы боп жатқанда араша түсіпті! Әскерилердің арызы бойынша ұсталып қамалған ауылдың сол төрт баласын Аралдан келген төрт милиция мен ауылдың милициясы бірігіп, офицерлердің көзінше аямай ұрыпты!

– Осы сырттан келгендерге неге біздің билік жайылып жастық болады да жатады?

Мұны естігенде, менің ашуланғаным сонша – жағым қарысып, тіл-аузым байланып қалғандай тұтығып қалдым! Тек жігіттерге:

– Мені осы жерде күтіңдер! Қазір келемін! – деп айтуға ғана шамам келді. Үстімде киімнің бар-жоғына да қарамастан, өзімді-өзім ұстай алмай, ауылнайдың кеңсесіне қарай жалаңаяқ, жалаңбас жүгіре жөнелдім.

Ішке кірер-кірместен, сәлем жоқ-сауқат жоқ, ұзынтұра ауылнайға дүрсе қоя бердім

– Түнде ауылыңда не жағдай болып еді?! 

Ызадан жарылғалы тұрған маған ауызыма бұдан басқа сөз түспеді. Ауылнайдың да қарсы жауабы менің екпініме қарай өктем шыкты.

– Өй! Не айғайлайсың?!…Не болушы еді?!.. Ауылдың оңбаған балалары қарап жүрмей, солдаттарға тиісіп!..

Ауылнайдын осыншама намыссыз, рухсыз, халқына қорған бола алмас бейшара сөзі менің жарылғалы тұрған «шиқанымды» түртіп жарып жібергендей болды. Әуелі ауылнайды жақсылап тұрып сыбап алдым да, ішкі запыран ашуымды «құса» бастадым. 

– Әй, шешең!.. Ол балалар жайдан-жай тиісті дейсің бе?! «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген!..  Олар қаракөз қарындасына болысқан жоқ па?!

– Түн ортасында үйлерінде жатпай, не істеп жүр?!

Ауылнайдың осы бір ақымақтық сөзі менің намысыма қатты тигені сонша – ауызымнан енді, барынша жұмсартып айтқанда, қатқыл-қатқыл сөздер қалай болса, солай шыға бастады.

– Әй, ақымақ! Түн ортасында солдаттар не істеп жүр?! Армияда мен де болдым. Сағат он бірде – отбой!.. Ал, ол балалардың өз ауылы ғой! Азанға дейін жүрсе де еркі!.. Менің түсінгенім, сендердей ақымақтар еліне ешқашанда қорған бола алмайды! Кез келген көлденең көк аттыға халқыңды жығып бере берсеңдер!.. Мына түрлеріңмен ертең қойныңдағы қатындарыңды да тартып алар!.. Олар еліне қайтқанда, ауылыңның халқын бейшара қылдық демейді, қазақ халқын бейшара қылдық деп барады! Қазір ана қамалған төрт баланы босатпасаңдар, қарулы көтеріліс жасаймыз. Біздің үйде жігіттер жан-жаққа адам жіберіп, көтеріліске қызу дайындалып жатыр! Егер көтеріліс басталып кетсе, ең алдымен, еліне қорған бола алмаған сендерді жазалаймыз. Мені өзің білесің, айтсам – орындаймын!..

Мынадай қорқынышты сөздерді естігенде, ауылнайдын көзі атыздай боп, ойбайлай есікке ұмтылды. 

– Ой-бай!… Мыналардың түрі жаман екен! Әлгі балаларды босатып жіберейік! – деп сыртқа шыға жөнелді. Шамасы, ауданнан келген милициялар көрші бөлмеде болса керек.

Бірсыпыра уақыттан кейін ауылнай ішке қайта оралды да:

– Әлгі балаларды босататын болды, енді ашуыңды басып, үйіңе қайта бер! Ана жігіттерің де үйлеріне тарасын! – деді.

– Жарайды! – дедім мен де, ерегісе беруді жөн санамай, – бірақ, балаларды босатпай, тарамаймыз!

Сөйттім де, үйде жиналып жатқан жігіттерге бардым. Жігіттердің де қарасы молая түсіпті. Қазалыға да адам жіберіп үлгіріпті.

Мен ауылнаймен екі арадағы әңгімені жігіттерге айтып бердім. Бірақ, олар ауылнайдын сөзіне сенбеді.

– Өй, олар өтірікті соға береді!

– Оларға сенбеу керек!

– Кешке дейін күтейік, болмаса!..

Жігіттердің ыңғайын байқаған соң, стихиялы түрде бас көтеруге жол бермеу керек деп ұқтым. Сөйттім де:

– Кешкі сағат тоғызда клуб алдындағы құмда тәртіпті түрде жиналып, жоспар құрайық! – деп басу айттым.

Бәріміз бір ауыздан осы мәмілеге келісіп жатқанда, ауылымыздың ұзынтұра милициясы (біздің атқамінерлерімізге ой бермесе де, бой берген ғой! – Н.Ж.) кіріп келді. Жай кірген жоқ, аяғының ұшымен кінәлі адамдай именіп кірді. Бәрімізге жалтақ-жалтақ қарайды. Айтар сөзін үзіп-үзіп әрең айтты. 

– Шырақтарым, (дегенмен, үлкен кісі ғой! – Н.Ж.) сендердің талаптарың орындалды. Төрт баланы қамаудан босаттық. Енді тараңдар, – деді.

Мұны естігенде, жігіттер тағы шу шығарды. Басшыларға сенбейтіндіктерін айтты. Бір жігітті бар жайтты біліп келуіге жібердік. Ол келем дегенше, ауыл милициясына бірнеше сұрақтар қойып үлгірдік. 

– «Милиция – қорғаның» деуші еді, сен ана шовинист офицерлердің көзінше намысқа тырысқан балаларды неге ұрып қорлайсың?!

– Кешіріңдер, бізден бір білместік кетті…

– Үйіңдегі ана бойжеткен қызыңды қорласа не істейсің?! 

– …

Мұндай ашынғаннан шыққан ащы сұрақтар милицияның мысын басты да тастады. Үн шығаруға шамасы да жетпеді. Сол сәтте бағанағы біз барлауға жіберген жігіт те келді. 

– Жігіттер, мына милицияның айтқаны рас екен! Жігіттерді босатыпты. Аралдан келген милициялар көліктерімен қайтып кетіпті.

Жиналғандар «уһ» деп арқаларынан жүк түскендей бір жеңілдеп қалды. Сонда да күмәндары сейілер емес. 

– Бұл бір кезекті айла болып жүрмесін. Сонда да сақтықты ұмытпайық! 

Тағы да дауыстар көтеріле бастады. Милиция әрқайсысына жалтақтай қарайды. Мен жігіттерге басу айтпақ боп қолымды көтердім. Тығырықтан шығар жол іздедім. Жұрт сәл тынышығандай болды.

– Жігіттер, істі ақылмен шешейік. «Уды у қайтарады» деген ата-бабамыз. Бұлар өздеріннің озбырлықтарын халыққа аудару үшін ауданға арыз жазса, біз бұлардың үстінен жоғарыға жазайық. Сөйтіп, шовинистердің өз әдісін өздеріне қарсы пайдаланайық.

Жұрт аз-кем ойланып қалғандай болды.

– Кімге, қалай жазамыз?! 

– Мен «Красная звезда» газетіне Мәскеуге жазамын. «Бір ай уақыт күтеміз. Мына жүгенсіз әскерлерінді сабасына түсіріңдер, әйтпесе, қарсы көтерілеміз!» дейік. 

– Бопты!.. Мақұл!..

Жігіттердің жауабын естіген милиция көңілденейін деді. Маған жалтақтай қарап:

– Қазір тарқайсындар ғой! Жан-жақтан келетін жігіттеріңді тоқтатасындар ғой…

Менің жауабым тым келте, әрі қатқыл шықты.

– Иә, бір ай мерзім береміз! Егер Мәскеуден хабар болмаса, қайта қауышамыз!

Бұл жауапты естіген милиция қуанған күйі шығып кетті. Біздер кешкілік сағат 23.00-де клуб алдындағы құмда кездесуге келістік. 

Уәделескеніміздей кешкілік клуб алдындағы құмда бас қостық. Бүгінгі оқиғадан хабардар болған жастар қарасы күрт өсіпті. Бәрі де ашуға беріліп, намыстан жарылғалы тұр. Сұрақтары кесек-кесек, төбеден түскендей! 

– Осы жиналған күйіміз әскерлерге шабуыл жасасақ қайтеді?! Қару да жеткілікті! 

– Арал, Қазалыдан келетін жігіттерді неге тоқтаттыңдар?!

Осы тұрпатты сұрақтар түн қараңғылығын тіліп өтіп, айналаны жаңғыртып тұр. Дауыстар бірінен-бірі асып түсердей! «Бұл жігіттерді дер кезінде тоқтатпаса болмас. Бір бәлеге ұрынбасақ жарар еді!» деп ойлап үлгірдім де, дереу жігіттерге тоқтау айта бастадым.

– Жігіттер, ашу-ызаға булығып тұрғандарыңды білемін!

Менің дауысымды естіген жігіттер сабырға келе бастады. Бірлі-жарымы әлі де ашуын баса алмай тұр еді. Оларды Кенжебек басып тастады. 

– Әй, жөн-жосықсыз айғайлай бермей Нұрекенді тыңдайық!

Кенжебектің зор дауысынан жұрт тым-тырыс бола қалған сәтті ұтымды пайдаланып, даусымды салмақтай түсіп, жігіттерге сауал тастадым.

– Жігіттер, қазақ халқы – сөзсіз батыр халық! Батыр болмаса, осыншама жерді жайлай алар ма еді?! 

Түн тас қараңғы болса да, сөзімді қоштап бастарын изегендері байқалып тұрды. Мен сауалымды әрі қарай қоя бердім.

– Алайда, батыр бола тұра, неге сонау алыстан келген орыстардан жеңіліп, бағындық?! 

– Өйткені, аузымыз бір болмады! 

– Мылтықтарына қарсы тұра алмадық!

Дауыстар күшейе түсті. Мен у-шуды басу үшін, сөзімді әрі қарай жалғадым. 

– Дұрыс айтасыңдар! Бірақ аузымыздың бір болмауына да, мылтыққа ие бола алмауымызға да басты себеп: бізді біріктірер ортақ елдік ой-сананы қалыптастырып үлгірмедік. Орыстар келгенде, әлі де рулық-тайпалық дәрежеде болдық. Ұлт боп ұйысып үлгере алмадық. Ортақ іске бірікпедік. Қазірде де біздің осы ісімізге ауылымыз қырық бөлек боп, біреуі қолдаса, біреуі қолдамай отыр! Ата-бабаларымыздың қателігі тағы да қайталанбақшы! Сондықтан, жұдырық боп жұмылу үшін, осы істе басшы сайлап, бәріміз соған бағынайық, тәртіпті күшейтейік! Батыр Бауыржан атамыз «Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас!» демекші, тәртіпке бағынсақ, ісіміз оңға басар!…

Мұны естігенде, көпшілік шулап қоя берді.

– Нұреке, басшы өзің бол! Біз саған сенеміз!

Жұртшылықтың сеніміне ие болғаннан кейін, өзіме жүктелген жауапкершілікті қатты сезіндім. Ауылдастарымды, бауырларымды, өмірді енді бастап жатқан мына өрімдей жастарды бір бәлеге ұрындырып алмай, қайткенде де шовинистердің мысын басуды ойладым. Жігіттерге мұндай шиеленісте алдымен идеологиялық шайқаста жеңіп шығудың маңыздылығын түсіндірдім. Сондықтан, солдаттарды басқарып жүрген шовинист офицерлерге жөн-жосықсыз тиіспеуге шақырдым. Өйткені, олар өте қу, әрбір оқыс қимылымызды өз пайдаларына шешіп кетуі мүмкін екенін ескерттім. Бір ай мерзімде Мәскеуден комиссия келтіріп, кінәлілерді жазалатуды өз мойныма алдым. Жігіттер арасындағы тәртіпті бақылауды Кенжебекке тапсырдым.

Дереу, ертеңіне «Красная звезда» газетіне қатқыл хат жолданды. 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасын қазақ халқы әлі ұмытпағанын, жағдайдың табан асты бақылаудан шығып кетері ескертілді. 

Бір айдан соң, көптен күткен хат та жетті. Хат №61590 әскери бөлімінен екен. Бұрыштамада «10 август 1988 год. Город Москва №1700/Ж-571» делініпті.

Хатта: «Уважаемый товарищ Жусупов! Ваше письмо адресованное в редакцию газеты «Красная звезда» по поручению рассмотрено на месте с представителями районных органов советской власти. В настоящее время возбужденное Аральским РОВД дознание по факту имевшей место 30.06.88 г. драки прекращено так как пострадавший простил своих обидчиков. Командованием части совместно с советскими и партийными органами Аральского района принимаются меры по укреплению дружбы личного состава с местным населением. 

Заместитель командира части А.Дьячкин» деп жазылып, қолы қойылыпты. 

Жігіттерге хатты таныстырып жатып:

– Міне, көрдіңдер ме?! Бәленің бәрін өздері бастап алып, жаланы жергілікті тұрғындарға жауыпты. Тағы да кешірім жасап, өздерін өкпелеткендерді «жазадан құтқарып», «қайырымдылық» жасапты, – дедім.

Мұны естігенде, жігіттер еріксіз бастарын шайқады.

Бұл шовинистердің ежелден келе жатқан идеологиялық шайқаста жеңіске жету жолындағы әдіс-тәсілінің бір парасы екендігін енді түсінгендей.

Әрине, идеологиялық шайқаста кім жеңіске жетсе, соғыста да жеңіс соныкі екендігі көзі қарақты, көкірегі ояуларға қашаннан белгілі.

Тағы бір қызығы, аталмыш хат менің қолыма тигенше, әскерилер барлық істі тап-тұйнақтай етіп қойыпты. Командир орнынан алынып тасталыпты. Тәртіп қатаңдатылыпты. Жергілікті тұрғындармен арадағы қатынас реттеліп, олардың қажетіне көліктерін еркін пайдалануға рұқсат беріпті.

Иә-ә, осылайша жақсылықпен аяқталған аталмыш істе ауылдастарының, ұлтының намысы үшін басын бәйгеге тіккен Кенжебек Қазанғаповтан басқа да, Нұрғали Жиеналиев, Ислам Бейсеналиев, Аманқос Тайшыбайұлы, Қаламбек Жұмабаев сынды ауыл азаматтары, небір ауыл жігіттері белсенділік танытты. Осылайша, ауылымызға қатысты тағы бір тарихи  оқиға сәтімен аяқталды.

Сөз  соңы

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.

Халық даналығы

Бұл жазбаны жазу көптен көкейде жүрген ойым еді. Алайда басты қаһармандарымыздың бірі Кенжебек Нұрмағамбетұлының мезгілсіз қаза болуы ойдағы нәрсені жеделдетті. 

Өйткені, «Әкең өлсе де, көзі көрген өлмесін» деген, бүгінде бұл оқиғаның куәсі болғандардың қатары тым сиреп қалды. Енді кешіксек, ұлт намысын қолдан бермеген қарапайым ауыл жігіттерінің ерлігі мүлде ұмытылып қалары сөзсіз.   

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтпақшы, қазақтың әр ауылынан шыққан талай ер мінезді азаматтарымыздың ұлт алдындағы қаһармандық істерін алдағы уақытта кеңінен насихаттап отыру – елін сүйер кез келген көкірегі ояу азаматтың тікелей парызы.

 «Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер де болмас!», «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дер!».

Бұл оқиғаның сценариі бүгінде «Қордай оқиғасында» да қайталанып отыр. Демек, орыс шовинистеріне күшігінен таланған атқамінерлеріміз биліктен кетпей, қазақ рухы пәс болған күйі, өзгелермен теңесе алмас!

«Елді арыстан басқарса, ел арыстан болар, қой басқарса, қой болар!»

Ойлан, қазақ! 

Нұрбай ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамыстыбас  ауылы

03.03.2020 жыл

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: