«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 419.54 (0)

  • EUR: 509.2 (0)

  • RUB: 5.72 (0)

Тоқаев 1,6 млрд еуро қарыз алу туралы заңға қол қойды

22.12.2020, 9:00 87 0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жалпы сомасы 1,6 миллиард еуро қарыз алу туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Қарыз коронавируспен күрес және ел экономикасын қалпына келтіру шараларына алынып отыр.

Қараша айының соңында Қазақстан парламенті мәжілісі Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жалпы сомасы 1 570 396 000 еуро (шамаммен 1,9 миллиард доллар) қарыз алу туралы заңды мақұлдаған. Еврибор+0,50% үстемақысымен берілетін бұл қарыздың 908,5 миллион еуросын Азия даму банкі, 661,8 миллион еуросын Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі ұсынып отыр.

Қазан айында Қазақстан қаржы министрі Ерулан Жамаубаев 2021 жылы республикалық бюджетке кіріс 11,4 триллион теңге, шығыс 14 триллион теңге болады деп жоспарланып отырғанын айтқан.

Қазақстан ұлттық банкінің мәліметінше, 2020 жылғы 1 шілдеде елдің сыртқы қарызы 159,8 миллиард долларға жеткен. Оның ішінде 11,8 миллиард доллар мемлекеттік басқару органдарының, 825 миллион доллары орталық банктің (Ұлттық банк), 5,2 миллиард доллары екінші деңгейлі банктердің, 101,2 миллиард доллары фирмааралық қарыздың үлесінде. Қалған 40,6 миллиард доллар – мемлекет кепілдігімен алынған басқа да қарыздар.

Коронавирус жұқтырған науқас алғаш тіркеліп, төтенше жағдай жарияланғанда Қазақстан үкіметі коронавируспен күреске және оның салдарынан туындайтын экономикалық дағдарысқа 5,9 триллион теңге (14 миллиард долларға жуық) бөлетінін мәлімдеген. Бұл соманың ішінде 191 миллиард теңге пандемиямен күреске тікелей жұмсалған. Қалғаны коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантин шараларынан табысынан айырылғандарға жәрдемақы төлеуге, кәсіпорындарға қолдауға және экономиканы қалпына келтіру бойынша өзге де шараларға бағытталған.

Қазақстанда жергілікті мамандар шетелден алынған қарыздың тиімді жұмсалуына күмән келтіреді. Жемқорлық деңгейі жоғары елде мемлекетке қарыз болып жазылатын ақшаның талан-таражға түсуі оңай дейді. Мұның мысалы – Нұр-Сұлтан қаласындағы LRT жеңіл рельсті көлік жобасы. Қытайдан алған қарызға жасалуы тиіс болған жоба құрылысы аяқталмай тоқтап қалды. Жобаға жауапты компанияның бұрынғы басшылары істі болды. Қазақстан бұл жоба үшін Қытайдан 1,5 миллиард доллар қарыз алған.

Қазақстан Transparency International ұйымының жемқорлық рейтингінде 198 елдің ішінде 113-орында.

Дереккөз: centralasian.org

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: