Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоныстой қуанышы

30.11.2020, 17:35 550

HALYQLINE.KZ

Мерей

 «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім». Өз уақытында Жиренше шешен бұл сөзімен адам үшін өз үйінен асқан мекен жоқ екенін айтса керек. Баспана тапшылығы – қазіргі таңда еліміздегі өзекті тақырыптардың бірі. Қара басына қақыра таппай, пәтер жағалап, тентіреп жүргендер саны қаншама. Дегенмен, бұл мәселенің шешімін табу үшін атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар аясында біршама жұмыстар істеліп, салынған тұрғын үйлер халықтың игілігіне берілуде. Осы тұрғыда, еліміздің Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қызылорда қаласының сол жағалауынан 50 пәтерлік екі тұрғын үй табысталды. Пәтер кілтін табыстауға аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев келіп, қоныстоймен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.

– Алдымен баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын. Биыл облыстың барлық қаржыландыру көздерінен 1946 пәтерді құрайтын 94 тұрғын үй құрылысы басталды. Қызылорда қаласында жыл басынан бері 580 пәтерді құрайтын 13 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін қаламызда 680 пәтерлік 14 арендалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 1741 пәтерлік 38 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан 725 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйдің 14-і ағымдағы жылы пайдалануға берілетінін де айта кету керек. 2021 жылы СПМК-70 тұрғын ауданында 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, өз иелерін таппақ. Сыр өңірінің бас шаһарын дамытуға ат салысып, аймағымыздың сән-салтанатын арттыруға үлес қосып жүрген барлық Сыр құрылысшыларына алғысымды айтамын, – деді облыс әкімі Гүлшара Наушақызы.

Әуелі егін егіп, Құдайдан жаңбырды содан соң тілеу керек. Тұрмыстың тауқыметінен шыға алмай жүрген жандар өз қызметінде де біршама қиындыққа тап болатыны белгілі. Баспана табысталған жандардың дені – әскери, полиция, мұғалім, дәрігер және мәдениет саласында еңбек етіп жүрген жандар. Ел игілігі үшін төгілген терлері ақталып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болып жатыр екен. Көрсетілген көмекке олар да дән риза. Бұл игі іс олардың алдағы уақытта қызметіне серпін берері анық.

– Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында пәтерлі болып жатқаныма қуаныштымын. Облыс басшылығына алғысымды айтамын. Сонымен қатар, осы игі бастамаға арқау болып, осы жолда жұмыс істеген әрбір азаматқа рақмет. Қоныстойларыңыз құтты болсын, – деді тұрғын Бибігүл Өмірзаққызы.

Жалпы, құрылыс 2019 жылдың маусым айында басталған. Мердігер компанияның мәлімдеуінше, үйдің сапасы жоғарғы деңгейде. Сонымен қатар, материалдардың барлығы – отандық өнім. Яғни, елімізде өндірілген шикізаттармен салынған. Бұл баспана беріктігіне кепіл болады екен. Тұрғын үйді қос мердігер компания бірігіп тұрғызған. Олар – «Авангард» ЖШС мен «Дәнекер» ЖШС. Тұрғын үйге бөлінген қаражат 556 миллион теңгені құраған.

– Тұңғыш Президент күніне байланысты қаламызда жаңа нысандар беріліп жатыр. Бұл нысандар – толық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары кезекке тұрған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілген үйлер. Жыл аяғына дейін тағы 3 нысан берілетін болады. Жылдан-жылға Сыр елінде салынып жатқан үйлер саны артуда. Ағымдағы жылы қаламызда 1200 отбасы қоныстойын тойлады. Барлық қоныс иелерін құттықтаймыз, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда қаласындағы филиалының директоры Әділжан Рахымжанұлы.

Соңғы жылда қаламызда құрылыс қарқын алып, шаһар аумағы әлдеқайда кеңейгенін көріп жүрміз. Нәтижесінде, 9 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болған. Жыл соңына дейін бірнеше пәтер табыстау жоспарда бар екен. «Күн жаңбыр деп жылқыны суғармай қоймаңдар» дегеннің кебін киіп, тұрғын үй мәселесін екінші орынға қойсақ, үйсіз жүргендер саны арта бермек. Сол үшін мұндай игі істер келесі жылы да өз жалғасын таппақ.

Б.Есжанов (сурет).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: