Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан жылына 30 мың тонна балық экспорттайды

18.08.2020, 15:00 532

HALYQLINE.KZ ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығының дамуы туралы баяндады.

Өзінің бай әрі бірегей табиғатының арқасында біздің еліміздің балық шаруашылығының қоры айтарлықтай қуатты. Бұл бағытта экспорттық әлеуеті де жоғары. Балық өнеркәсібі қызметінің негізгі түрлері – балық аулау, балық өсіру және қайта өңдеу. Еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна; балық өсіру – 7,4 мыңға жуық тонна; экспорт – 30 мың тонна; импорт – 43,5 мың тонна. Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар: майшабақ, скумбрия, креветка, мидия және тағы басқалары. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық жағалауы елдеріне тиесілі. Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен $60 млн сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды.

 – Негізінен біз балық филесін, кептірілген-ысталған өнімдерді және балықтың тоңазытылған етін экспорттаймыз. Мысалы, көксерке филесі Еуропалық Одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады. Ал кептірілген-ысталған өнімдер Ресей, Украина, Литва, Қытай және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте, біздің қасымызда экспорт үшін айтарлықтай потенциалды нарықтар бар, – деді М.Мырзағалиев.

Қазақстанда жан басына шаққанда балықты аз тұтынады. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: