Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы өнімдері экспортқа шығарылды

24.11.2020, 9:10 1005

HALYQLINE.KZ

«Еңбектің наны тәтті…». Таяуда Қазалы ауданында карантин талаптарын сақтай отырып, жоғары деңгейде аталып өткен «Алтын дән-2020» мерекесі осындай тұжырымға жетеледі. Әңгімеміздің кіріспесін Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында болған сол салтанатты шарадан аз-кем шолу жасаудан бастасақ.

Шара барысында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев көпшілікті еңбек мерекесімен құттықтап, сала озаттарын марапаттады.

– «Берекелі жерден мереке кетпес» деген бар. Мол өнімнің биігінен көрінген қазалылықтар осы дәстүрді сақтай отырып, тағы бір берекелі жылды табысты қорытындылап отыр. Нәтижесінде Қазалы ауданы облыста жылдың қорытындысымен жеңімпаздар қатарынан көрініп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық «Алтын дән – 2020» мерекесінде бірқатар азаматтар «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерін, Ауыл шаруашылығы Министрінің «Құрмет грамотасын» иеленді. Бұл – дала еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет, осы салада қызмет етіп жатқан барша қауымның нәтижелі еңбегінің жемісі деп білемін, – деген Мұрат Нәлхожаұлы алдағы міндеттерді де қамтып өтті.

Келесі кезекте Қазалы ауданы мен Қызылорда облысының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов жиналғандарға өзінің ақ тілегін жеткізді.

Мерейлі сәтте марапаттан күріштен мол өнім алған шаруашылықтар да қалыс қалмады. Мәселен, әр гектардан 50 центнерден өнім жинаған «Агро Өркен» ЖШС 1-ші дәрежелі, 48 центнер өнім алған «РЗА-Агро» ЖШС 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, облыстық мәслихат депутаты Мінажадин Өтеев жетекшілік ететін «Сыр маржаны» ЖШС «Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясын иеленді.

Биылғы жылдың қиындығына қарамастан Қазалы ауданы табыс биігінен табылып, облыста жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Озат аудан» номинациясын жеңіп алғанын бұған дейін де жазған едік.

Қолдағы деректе жыл басынан бері Қазалы ауданында 10,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, барлық ауылдарда бау-бақша егу жұмысы жанданғаны көрсетілген. Сондай-ақ, биыл 15 мың тоннаға жуық бау-бақша өнімдері алынса, 3 мың тоннаға жуық күріш Ресей, Украина, Тәжікстан мен Өзбекстанға экспортталған. Мұнан бөлек, ағымдағы жылы 1 мың тоннадан астам балық өнімдері Германия, Дания, Грузия, Қытай мемлекеттеріне экспортқа шығарылыпты. Машина-трактор паркін жаңа техникамен толықтыруда алға басушылық бар.

Өткен жылмен салыстырғанда әртараптандыру дақылдарының көлемі 452 гектарға артқан. Соның ішінде жаздық бидай 144 га, арпа 108 га, сүрлемдік жүгері дақылы 200 гектарға өскен. Қазалыда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамыту бағытында да оңды істер атқарылып жатқанын атап өтсек.

– Бүгінгі таңда мемлекет қолдауымен аудандағы түрлі шаруашылықтар 595 млн теңге несие алып, 2000 бастан астам төрт түлікті сатып алды. Олардың арасында асыл тұқымдысы да бар. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Малды өсірумен қатар, мал өнімдерін өңдеу және терісі мен жүнін шикізат көзі ретінде пайдалану мүмкіндігін қарауымыз керек, – деген аудан басшысының сөзі көпшіліктің көкейіндегі ойды тамыршыдай дөп басқан-ды.

Аудан тұрғындарын жергілікті жерде өндірілген бау-бақша, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету, ол үшін заманауи талаптарға сай бау-бақша өнімдері мен көкөніс сақтау қоймаларын салу қажеттілігі баршаға белгілі. Осы тұрғыда аудан орталығынан «АгроОптСервис» ЖШС тарапынан сыйымдылығы 500 тонна болатын «Көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма» салынғанынан көпшілік хабардар болар.

Қазіргі таңда қоймаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, 200 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінген. Қойма жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Толық аяқталғанда ауданда азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туындайды.

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Анық мақсат, талмас талап, жұдырықша жұмылған ауызбіршілік бар жерде, табыс та болары – өмірдің өзі дәлелдеген ұстаным.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: