Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ергешбаевтың айтқаны шындыққа айналды

17.08.2020, 9:20 930

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданында жол жөндеу жұмыстарына баса көңіл бөлінуде. Әрине, бұл аудандағы көшелердің баршасы жіптіктей, ешқандай мәселе жоқ дегеніміз емес. Жауын-шашында жүріп-тұруы күрделі көшелер, ойдым-ойдым жолдар әлі де кездеседі. Десе де, кейінгі бір-екі жылда бұл тұрғыда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүзеге асып жатқанын көзіміз көруде.

Сәл уақыт бұрын Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевпен сұхбаттасқан болатынмын. Әңгіме барысында Мұрат Нәлхожаұлының «Біздегі жол мәселесі – күн тәртібіндегі жайттың бірі. Әсіресе, елді мекендер арасындағы жолдардың сапасы көңіл көншітпейді. Соған орай, шешім қабылданды. Басты мақсат – шалғай ауылға дейін адамдардың аман-есен, қауіпсіз жетуін қамтамасыз ету. АҚШ-ты дамытқан көлік қатынасы жолы екені тарихтан мәлім. Бұл – әлемдік экономикадағы тәжірибе. Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы да бекер болмас» деген болатын.

Мұны естігенде іштей «әй, қайдам, сізге дейін де талай қозғалып, түйіні шешілмеген тақырып тарқатыла қойса игі…»деп ойлағанымды несіне жасырайын?! Алайда Ергешбаевтың айтқаны көп ұзамай шындыққа айналды. Бірқатар көше жөнделді. Сөзіме нақты мысал келтірсем.

Әйтеке би кентінде Сырым батыр атындағы іргелі көше бар. Кенттің дәл ортасында орналасқан ұзын да ауқымды көше. Осынау жүзге тарта үйі бар көшенің тұрғындары бұған дейін жолдың жайсыздығынан зардап шегетін. Жауын-шашында толарсақтан саз кешетін аумақта көлік тұрмақ, жаяу адам жүрудің өзі мұң болатын. Әсіресе, денсаулығы сыр берген жандар, қарттар мен жас балалар қатты қиналушы еді. Батпақ кешіп мектепке баратын оқушылардың халі онсызда белгілі. Енді бұл кемшілік ретке келді. Аталмыш көшенің асфальтталған, мұнтаздай қазіргі кейпі тұрғындардың ұзақ жылдардан бергі өкпе-ренішін жуып-шайып кеткендей. «Енді тротуар төселіп, түнгі жарықпен қамтылса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді өзіміз тілдескен Сырым Датұлы көшесінің тұрғындары.

«Қуаныш бөліссе көбейеді» деседі. Қазалы ауданындағы жол жөндеу бағыты бойынша атқарылған толымды тірліктер мен алдағы уақытта жүзеге асуы межеленген жағымды жаңалықтарға тоқталсақ. Сонымен…

2018-2019 жылы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 12 жоба қолға алынып, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 2,7 млрд теңгеге 68 шақырым жол жөнделген. Сонымен қатар, 2019 жылы 795,0 млн теңгеге 7 жоба жүзеге асып, 60 шақырым жолды жөндеу жұмысы басталды. Ағымдағы жылға осы жұмыстарды жалғастыруға 1,1 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Нәтижесінде қолға алынған 12 жобаның 9-ның жұмысын толықтай аяқтау жоспарлануда.

Өткен жылы облыстық және аудандық бюджеттерден қаралған қаржыға 5 елді мекеннің 16 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл 13 елді мекеннің 56 көшесі қайта жаңғырту, орташа жөндеуден өткізілуде. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында Әйтеке би кентіндегі – 11, Қазалы қаласынан – 4, Мұратбаев елді мекенінен – 7, Жанқожа батыр ауылындағы 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде Бекарыстан би ауылының 7 көшесі орташа жөндеуден өткізілуде. Бұл үшін республикалық бюджеттен 529,0 млн теңге бөлініпті.

Сонымен қатар, Ғабдуллин көшесі асфальтталып, жаяу жүргінші жолдары және көше жарықшамдары орнатылуда. Сәтбаев көшесіне 2,3 шақырым жолға 2 қабатты асфальтбетон төсеніші салынып, ел игілігіне берілді.

Алдағы уақытта 54 шақырым құрайтын 4 жобаны жүзеге асыруға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп (жоба құны – 1,8 млрд теңге), сараптамадан өткізілуде. Жөндеуден өткізілетін көшелердің жалпы ұзындығы 51,4 шақырымды құрайды. Осылайша Қазалы ауданында жол жөндеу қарқын алуда.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: