Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ДБ «Орталық Азияны рецессия күтіп тұр, кедейлер саны артуы мүмкін» деп болжайды

09.10.2020, 9:00 626

Еуропа мен Орталық Азия экономикасы 2008 жылдан бері болып көрмеген рецессияға қарай жылжып барады. Дүниежүзілік банк жариялаған мәлімдемеде биыл аймақ экономикасының 4,4 пайызға қысқаратыны жазылған. Бұл туралы centralasian.org хабарлады.

Дүниежүзілік банк келесі жылы аймақ экономикасы 1,1 мен 3,3 пайыз аралығында дамиды деп санайды.

«Мұндай күрделі шақта Еуропа және Орталық Азия елдері дағдарысты еңсеріп, індеттен кейін экономиканы қалыпқа келтіруге қамдануы тиіс. Яғни, басқару сапасын жетілдіріп, инвестициялық климатты жақсартуға күш салуы керек, инновация мен цифрлық даму көмегіне жүгінуі тиіс. Әсіресе сапалы білім мен денсаулық сақтау саласына тұрақты түрде айтарлықтай инвестиция құю маңызды» деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті Анна Бьерде.

Дүниежүзілік банк індеттің кесірінен экономиканың құлдырауы аймақта кедейлер санының артуына әсер етеді деп санайды. Егер 3,2 долларға күн көретін адамдарды кедейлер қатарына қосса, келесі жылы кедейлер саны 2,2 миллион адамға артады. Ал егер 5,5 долларға күн көретін адамдар кедей деп саналса, бұл көрсеткіш 6 миллионға дейін жетуі мүмкін.

Дүниежүзілік банк індет аймақтағы білім мен денсаулық сақтау саласына да кері әсер етті деп санайды.

«Жылдам өзгеріске ұшырайтын еңбек нарығында адамдардың бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін сапалы жоғары білімге көп көңіл бөлу керек. Батыс Балқан, Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі жоғары білім сапасын жетілдіру де көші-қон тұрақты түрде артқан шақта білікті мамандарды сақтауға көмектеседі» делінген мәлімдемеде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: