Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүз жылдан астам шірімейтін қалдықтар бар

07.01.2021, 16:00 1018

HALYQLINE.KZ Әлем теңіздерінің пластикалық қоқыстан қандай зардап шегіп жатқанын естуіміз де, көруіміз де алғаш емес. Көкжиекке көз тастауға ерінсеңіз, өз өлкемізде су айдындарындағы тіршілік иелерінің өмірімен қалай қош айтысып жатқанына бір сәт назар аударсаңыз да болады.

Әсіресе, Арал теңізіндегі бір реттік қолдануға арналған пластикалық кермешелердің салдары ондағы сусыз тіршілік ете алмайтын мақұлықтардың өмірін жалмап жатыр. Одан қалды, пластикалық қалдықтардан жасалатын үрлемелі шарлар да құстардың аяғына оратылып, олардың өмір сүруіне кедергі келтіреді. Сондықтан аспанға шар ұшыру үрдісіне де тыйым салған жөн. Ол түгілі, үйіңізден шыққан қоқыс араласқан жуындыны жеймін деген қора жануарлары да целлофан қаптаманы қорыта алмай, өлексеге айналады.

Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы-эколог:

 – Полиэтилен пакеттер мен пластикалық қалдықтардан жасалатын тауарлардың табиғатқа зияндылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті әлемдік проблема болып тұр. Өркениетті елдердің біразы табиғатқа қисапсыз залал келтіріп отырған бұл тауарды тұтынудан бас тартып отыр. Әлемдік деңгейдегі мақалаларды оқып қарасаңыз, Антарктидадан Солтүстік теңізге, Гаваиге дейін әлемдегі әр құстың ас қорыту жүйесінде пластикалық қалдық кездеседі. Суға түскенде де өңін бұзуы қиын полиэтилен пакеттерді теңіз жануарлары медузаға ұқсатып жеуге ұмтылады екен. Осындай оқиға салдарынан жыл сайын 100 мыңнан астам кит, су тасбақасы, итбалықтар мен құстар өлуде. Қарапайым күннің өзінде жануарлар осы қалдықтардың кесірінен қырылып жатыр. Сондықтан біздің елге де полиэтилен тауарлардың кең таралуына, қолданылуына тыйым салған жөн секілді.

Әлемдік зерттеу қорытындысына көз жүгіртсек, табиғаттың өзі жаратып тұрған апельсиннің қабығы 2-5 апта, ал алманың дәні 2 айдың ішінде табиғатта еріп жоғалады екен. Сіз оқып отырған газеттің қағазы 6 апта, темекінің қалдығы 1-5 жыл арасында, қағаз орамал ылғалды жағдайда 1 ай ішінде шіриді. Сағыз тастаған жерінде 5 жылға дейін өңін бұзбай жатады. Ал пластикалық негізде өндірілген тауарлар 50-100 жылдың арасында, пластикалық құтылар және қаңылтыр банка 50, балық қармағының жібі 600 жылда жойылады екен. Полигондарға тастауға рұқсат етілмейтін полиэтилентерефталат құрамынан жасалған шиша табиғатта 100 жыл бойы сақталса, теңізде жойылу мерзімі 400-600 жыл аралығын құрайтын көрінеді. Ал оны өртеген кездегі иіс тіпті адамның ағзасын улайды. Ғалымдар да табиғи ортада ұзақ жылдар сақталатын қоқыстар ауаны ластап, нәтижесінде қатерлі ауру тудыратынын айтып отыр. Таза экологиялық өнім емес заттардың зардабы ұрпақтан-ұрпаққа жететінін бағамдап отырған боларсыз. ТЕГІН өніммен табиғатты ластамайық!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: