Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа технологияларды қолдану күріш өнімділігін арттырады

15.12.2020, 10:40 1400

HALYQLINE.KZ

Облысымыздағы негізгі ауылшаруашылық дақылы күріштің өнімділігін үнемі арттырып отыру үшін сорт алмастыру және сорт жаңарту жұмыстары дер кезінде жүргізіліп тұруы тиіс. Яғни, бұрыннан егіліп келе жатқан сорттардың орнына өнімділігі, жарма сапасы, аурулар мен зиянкестерге және жергілікті топырақ – климаттың қолайсыз жағдайларына төзімді жаңа сорттарды енгізу керек. Сорт алмастыруды тездету үшін тұқым шаруашылығында, әсіресе, бастапқы тұқым шаруашылығында тұқымды жедел көбейту әдістері мен тәсілдерін әзірлеп, тікелей өндіріске енгізу қажет. Соңғы жылдары Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары күріштің жаңа жоғары өнімді, жарма сапасы шетелдік тәуір сорттардың жарма сапасынан кем емес, ал жергілікті тұзданған топырақ пен қолайсыз ауа райына жақсы бейімделген жаңа «Сыр Сұлуы», «Айкерім» сорттарын және Ресей ғалымдарымен бірлесіп шығарған алғашқы домалақ дәнді Байқоңыр сортын шығарып, өндіріске енгізуде. Сонымен қатар, бірнеше жыл экологиялық сынақтан өтіп, біздің жерде өнімділігі мен бейімділігі бойынша көзге түскен Ресейдің «Ласточка» және «Партнер» сорттары да өндіріске ұсынылып отыр.

Ал, біздің облыста күріш егісінің негізгі көлеміне өз елінде егілмейтін Ресейдің «Лидер» және аз көлемде егілетін «Янтарь» сорттары мен жергілікті «Маржан» сорты егілуде. Бұл сорттардың әрқайсысының өзіне тән кемшіліктері бар. Мысалы, «Лидер» сорты кей жылдары солтүстік өңірлерде толық піспей қалады және оның егістігі қызыл дәнді түрлермен ластануға бейім. Ал, «Янтарь» сортының өнімділік әлеуеті шектеулі екенін білеміз. Облысымыздың брендіне айналған «Маржан» сорты жергілікті жердің стрестік жағдайларына бейімділігіне және жармасының дәмділіне байланысты, әлде де болса, сұранысқа ие болуына қарамастан бұл сорттың да өзіне тән кемшіліктері бар. «Маржан» сортының өсімдік әлеуеті жоғары өнімді Ресей сорттарынан төмендеу және сақтандыру шаралары дер кезінде жүргізілмесе, саңырауқұлақ ауруларына жиі шалдығады. Соңғы жылдары Ресей сорттарының да ауруға шалдығуы жиі байқалып жүр.

Осыған орай, жоғарыда аталған сорттарды жаңадан шыққан отандық сорттармен тездетіп алмастыру үшін күріш институтында әзірленіп, патенттер алынған, тұқымы тапшы жаңа күріш сорттарын жеделдетіп көбейту әдістері қолданылуда. Бұл әдістерге бастапқы тұқым шаруашылығында, яғни ұрпақты сынау және көбейту питомниктерінде қолданылып жүрген, күрішті жалға егу, тұқымды өндіріп себу және күрішті көшеттеп егудің бірнеше әдістері мен тәсілдерін  жатқызуға болады.

Су және тұқым үнемдеу тұрғысынан қарағанда күрішті жалға (жүйектеп) егу әдісінің артықшылықтары бар. Онда күріш арнайы немесе модификацияланған (бейімделген) сепкіштермен жалға себіліп, тұрақты немесе үздік-создық суғарудың орнына қысқартылған режиммен суғарылады. Бұл әдісті, негізінен, көбейту питомнигі мен суперэлита егістіктерінде қолдану ұсынылады. Ол үшін егістік жерге жал жасап, оның екі бүйіріне егуге бейімделген арнайы отандық немесе шетелдік, мысалы, үнділік әмбебап сепкіштермен тұқым 2-3см тереңдікке себіледі. Тұқыммен бірге бірден минералды тыңайтқыштары да беруге болады. Себу нормасы әдеттегіден 2-2,5 есе аз болғандықтан бұл әдісті қолданғанда әр гектардан 125-150 кг тұқым үнемделеді. Бұл әдіс бойынша атызды алғашқы суға бастыру және су деңгейін реттеу кездерінде су жүйектер арқылы беріліп немесе қашыртқыланатын болғандықтан қысқартылған су режимін қолданып, суды 25-30%-ға дейтін үнемдеуге болады. Жалға егіп өсіру әдісін қолдану тұқымның көбею коэффициентін 20-30-дан 50-60-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сол секілді, күріштің тұқымын өндіріп суға себу әдісі де тұқымды үнемдеп дән шығымдылығын арттыруға зор мүмкіндік берді. Бұл әдіспен сепкенде әр гектар егістен 100-150 кг тұқым үнемделіп, өскіндер дәстүрлі әдіспен салыстырғанда 4-5 күн ерте көктеп шығады.

Күрішті көшеттеп өсіру әдісін тұқым шаруашылығында, оның ішінде, бастапқы тұқым шаруашылығында қолдану өте тиімді екендігін көрсетті. Кейінгі жылдары көшеттеп егу әдісін қолданған кезде көшетті әдеттегідей топырақта өсірмей «гидропоника» тәсілін  қолданып сұйық ортада өсіруде. Бұл тәсілді қолданғанда көшеттердің сапасы жоғары, аурулар мен зиянкестерден тазарған, мықты болып келеді. Сондықтан көшеттер 5-6 күн ерте жетіледі және тез арада тамырланып, ортаға бейімделіп кетеді.

Күрішті көшеттеп өсіргенде себілетін тұқым гектарына 200 кг, ал суғару суы 6-10 мың текше метр үнемделеді. Күріштің өсу дәуірі 20-25 күнге қысқарады, егістіктің ластануы 3-5 дана/ш.м дейін азаяды, ал гербицидке жұмсалатын шығын мүлдем болмайды. Ең бастысы, күріш өнімділігі гектарына 3,0-3,5 тоннаға дейін артады. Бұл жағдайда жаңадан шыққан инновациялық сорттарды өндіріске енгізу мерзімін 2-3 жылға дейін қысқартуға мүмкіндік туады. Мұның өзі облысымыздағы күріш шаруашылығының тиімділігін арттыруға, соның арқасында күріш өндірушілердің табысын молайтып, егіншілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Қ.Бәкірұлы,

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш

шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының

бас ғылыми қызметкері,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

ҚР АШҒА-ның корреспондент-мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: