Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда «қалдыққа» тұншығып отыр

18.06.2020, 15:30 2017

Әр адамның немесе кез келген бағыттағы шаруашылықтың әрекеті қоршаған­ орта мен ауаны ластауы мүмкін. Мәселен, көшеде келе жатып құтыдағы­ суды тауыссаңыз, босаған ыдысын табиғатқа жанашырлығыңыз үшін  емес,  айыппұл  төлемес үшін қоқыс жәшігін іздеп, соған тастайсыз. Дәл осы әрекетіңізді айдалада, ешкім көрмейтін немесе сәл көзден таса жерде қайталаңызшы… Ол жерде қоқыс жәшігі жоқ, сізді сырттай бақылап тұрған адам және көрінбейді. Не істейсіз? Айналаңызға қарайсыз да, жасыл желектің үстіне не арасына лақтыра саласыз. Міне, қоршаған ортаның ластануы­на  бірден-бір  антропогендік  фактор. Бұл  жай  ғана мысал. Күн­делікті өмірде бұдан да сорақы жағдайлар, көріністер көз алдымыздан көлбеңдеп өтіп жатыр. Халықтың күнделікті тұтынатын тауарларының қалдығы­, өнеркәсіп орындары, ауыл шаруашылығы мекемелері мен кәсіпкерлік нысандарынан шығатын түрлі санаттағы қалдықтар қайда тасталып­  жатыр  және  қандай  талаптар  сақталуда?

КӨМІРТЕГІ  ОКСИДІ 

БІРНЕШЕ   ЕСЕ   ЖОҒАРЫЛАҒАН

Хош. Қызылорда облысында қатты тұр­мыс­тық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 2019 жылы 14 пайызды құрады. Аймақтың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының мақсатты­ индикаторларының көрсеткіштері бойынша 2020 жылы жарамсыз заттарды кәдеге­ жарату үлесін 18%-ға жеткізу жоспарланған. Сондықтан аймақтың қоршаған орта сапасын оңалтудың кешенді жоспарында көзделген өндірістік және тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі іс-шараларды кезең-кезеңім­ен жүзеге асырудың маңызы зор. Осы тектес өзекті мәселелер «Қызылорда қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық ахуалын жақсарту» тақырыбымен қалалық мәслихат депутаттарының дөңгелек үстелі барысы­нда  кеңінен  қаузалды.

– Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысымен «Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге арналған іс-шаралар жоспары» келісілген және қол жеткізу үшін орындалуы кезек күттірмейтін іс-шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, біріншіден, қаланың бұрынғы жылу электр орталығ­ының күл үйіндісін жою және орнын қалпына келтіру, екіншіден, биологиялық тазарту­ станциясын (СБО) жаңғырту, үшін­ші­ден, қаладағы Титов кентіндегі сүзу алаңын құрғату, төртіншіден, қоқыс сұрыптау кәсіп­орны мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу, бесіншіден, Белкөл кентінде ағынды сулардың биологиялық тазартудың модуль­дік станциясы сияқты құрылысын салу және басқа да шешілуі кезек күттірмейтін, экология­лық проблема туындатып отырған мәселелер жоспарға енгізілген, – деді Қызыл­орда облысы Экология департаментінің бас­шысы  Марат  Құрманбаев.

Айтпай кетуге болмайтын жайт, Қызылорда қаласының орталық көшелерінде көміртегі оксид­і шекті рауалы концентрациядан бірнеше есе жоғары екендігі анықталған. Осыған байланысты 2021 жылы 5,0 мг/м3, ал 2024 жылдан бастап 3,0 мг/м3-ке түсіріп, нысаналы көрсет­кішке жету қарастырылған. Бұдан басқа қала және аудан орталықтарының әртүрлі аумақ­тарында осы сияқты озон, күкіртсутегі, шаң, күкірт диоксиді, күйе, азот диоксиді, метан, аммиак, формальдегид  сияқты ластағыш заттар­ бойынша қоршаған ортаның нысаналы көр­сеткіштері  белгіленген.

ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ   «БАС  АУРУЫ»

Қызылорда экологиясының «бас ауруына» айналып тұрған орталық полигонның жай-күйі әлі  де  алаңдатарлық. Ондағы жиі тіркелетін өрт, сұрыптау жұмыстарының жолға қойылмауы, экологиялық талаптарға сәйкестендірілмеуі – мәселенің бастысына айналғалы біраз болды. Әсіресе, өрт алу себептері қоршаған  ортаға­ және халық денсаулығына кері әсерін тигізіп  отыр. Экология департаменті тарапы­нан полигон  өртінен атмосфералық ауаның ластану­ деңгейі шекті концентрациядан асқанын немесе­ аспағанын, оның нақты себе­бін­, шығу көзін анықтау мақсатында ұдайы түрде тиісті зерттеу мониторинг жұмыстары жүр­гізілуде. Десек те, күйе және азот диоксиді бойын­ша ең жоғарғы бір реттік нормативтен асу,  ал  азот  диоксиді бойынша орташа тәулік­тік нормативтен асу деректері анықталған. Облысты­ң бас экологының айтуынша, өртті болдырмау туралы талап арызбен сотқа жүгін­ген, сот шешімімен коммуналдық қалдықтарды өртеуге тыйым салынса да, өртеу оқиғасы қайталана береді. Ал бұл әрекеттің «Жасыл экономи­каға» көшу процесіне кедергі екенін бәріміз  де  білеміз.

Еліміздің дәл осы «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылы 40%, 2050 жылы 50%-ға жеткізу көзделсе, 2030 жылға қарай қоқыс шығару қызметімен 100% халық қамтамасыз етілу  керек.  Сондай-ақ, 2030  жылға  қарай 95% тұрмыстық қатты қалдықтарды орналас­тыру объектілерін экологиялық талаптар мен санитарлық қағидаларға сәйкестендіру қарастырылған. Осыған байланысты Қызыл­орда қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешенінің құрылыс және сырт­қы инженерлік желілерді жеткізу жобасы іске асыры­лу­да. Дегенмен, ондағы әрекет те «мақтаған қыздың» тойдағы «әрекетіне» ұқсас екені ұнжырғам­ызды  түсірді.

– Қала аумағынан (Белкөл кенті – ред.) салыны­п жатқан қоқыс полигонында өте үлкен проблема болып жатыр. Оның сыйымдылығы тар, жобасының дұрыс емес екенін әу баста айтып,­ шырылдағанның бірі мен едім. Бұған дейінгі ескі қоқыс алаңының өзіне сыймай жатқан­ қоқысты оған сыйғызу мүмкін емес еді. Осы күні полигон сыйымдылығы толды, қайда апарарын білмей, ескі орынға тастауға мәжбүрміз деп отыр. Өйткені бұл жерде 10 мың тонна (!) заңсыз тасталған қоқыс бар. Заң негізінд­е бір тонна заңсыз тасталған қоқыс үшін 10 есе айыппұл төлейді. Ал бұл жерде 10 мың тонна қоқыс тастап  отыр. Жыл  басынан  бері  4 мәрте өртенді, 12 өрт сөндіру көлігі жабылып, өшіре алмады. Мемлекет шығынға ұшырап отыр, – деді «Ибрайхан и К» ЖШС-нің директоры И. Мұсабаев.

Айта кетейік, 2019 жылы ғарыштан Қызыл­ор­да қаласының радиусы 50 шақырымдық аумағында 228 заңсыз қалдық орындары анықталған. Оның 219-ы жойылып, тазар­тылған.

КҮРІШ  ҚАУЫЗЫ  КӘДЕГЕ 

ЖАРАТЫЛМАЙ  ОТЫР

Ауыл  шаруашылығы  саласындағы  бір­қатар аяқсыз жұмыстар да экологиялық мәселе туғызуда­.  Атап  айтқанда күріш алқаптарын  егіс орағынан кейінгі өртеу шаралары едәуір зиян келтіріп  отыр.

– Облыс орталығындағы Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зертте­у институты мәліметіне сәйкес, күріш қауызы күріш дәні өнімінің 17-18%-ын құрайды. Жыл сайын күріш өңдеу кезінде 90 мың тоннада­н астам күріш қауызы пайда болады екен. Осы орайда ғалымдар қауыздың химиялық құрамын зерттеуі нәтижесінде құрамында 19% тумин қышқылы, 0,6% азот, 0,26% фосфор, 0,88% калийді құраса, мырыш, кадмий, мыс, никель, кобальт, магний секілді микроэлемент­тер шектелген мөлшерде екендігін айтуда. Бұл жоба Қарауылтөбе егістігінде 7-10 га жерде сыналғ­анын, жобаны егіс даласына шығару­ үшін өндірістік цех немесе шағын зауыт салып, биокомпостты көп көлемде ауыл шаруашылығына ендіру жөнінде ғылыми жұмыстар атқа­рылуда. Бұл ретте биокомпосттың сөлі алынып, оны егіске стимулятор (демеуші) ретінде қолдан­уға,  тіпті  арнайы ыдыспен  тауар  ретінде сатуға болатынын, биокомпостты 2000-5000 тонна көлемінде дайындап, 1000-2000 га жерге өзіндік сепкішпен органикалық тыңайтқыш ретінде беруге болатынын және Ресейде өндіріске енгізілгенін келтіруде. Бұл ғылыми жетістік нәтижесі 5-7 центнер қосымша өнім әкелетінін және демеушілік қажет екендігін ұсынуда. Департамент бұл өзекті мәселені дер кезінде күн тәртібіне қойғанмен, түйткілді мәселе өз шешімін таппауда. Бұл қалдық түрлері­не «қалдық» деген атаудың орнына «қайтала­ма шикізат» деген көзқарас қалып­тасуы қажет. Сонда ғана өртеу және жою жағдай­лары орын алмайды, – деп мәлімдеді облысты­ң  бас экологы  М.Ердәулетұлы.

Сала мамандарының айтуынша, аймақта ауыл шарушылығының қалдықтарына күріш сабаны, егістіктердегі табиғи  түрде  қурап  пайда­ болатын қамыс және күріш қауызы жатады. Осы қалдықтардың ішінде аз да болса кәдеге жаратылатын табиғи қалдық – күріш сабаны. Ал кәдеге жаратылмай келе жатқаны – күріш қауызы. Бұл мәселелер бірнеше мәрте облыс көлемінде көтеріліп, аталған қалдықтарды өңдеп, түпкілікті шикізат шығаруға инвест­ор­лар тартуды қарастыру тапсырылды. Алайда бүгінгі күні ешқандай инвестор бұл салаға қызығушылық танытпаған. Осы мәселеге байланыс­ты экология департаменті айма­ғы­мыз­дағы күріш ғылыми-зерттеу институтының  потен­циалын  пайдалануды  ұсынды.

ЖАҒЫМСЫЗ  ИІС  НАМЫСҚА  ТИІП  ТҰР

Қаланың бірқатар бөлігінде кәріз су төгетін нысан бар. Ондағы проблема да шаш-етектен асып тұр. Неге десеңіз, қала тұрғындары мен қала  қонақтары үшін жел бағытымен жағымсыз  иістің шығуы ұятқа қалдырып тұр. Әсіресе,­ Қызылорда қаласының Титов қыстағындағы биологиялық тазарту станциясының техникалық ахуалы және тазартылған судың қайтадан бұрынғы сүзгі алаңына тасталуы экологиялық жағдайды ушықтыруда. «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорны қомақты шығынға батып лас суды тазартып, оны лас судың үстіне қайта тастауы ешқандай түсініксіз және онда не үшін тазартылып жатыр?» деген заңды сұрақ қалалық мәслихат депутаттарын алаңдатпай қоймады.

– Сүзгі алаңының жағымсыз иісі «Батыс Европа­-Батыс Қытай» автожолында 120-130 шақырым жылдамдықпен кетіп бара жатқан автокөл­іктердің салонында да байқалатын болға­н. Бұл – намысымызға тиетін жағдай. Қаланың оңтүстік бөлігі Белкөлдегі, Тасбөгет кентінің оңтүстігіндегі, Титов қыстағындағы және Талдыарал елді мекеніндегі сүзгі алаңдарының жағымсыз иісі қаланы және сол жаға­лау­дағы жаңа  қаланы  басып­  қалу қатерін  ашық айтуымыз  керек, – деді М.Құрманбаев.

Бұлай деуіне себеп те бар екен. Өйткені Тасбөг­ет кентіндегі модульді биологиялық тазалау­ станциясы (МБТС) қызметінде сар­қынды сулар тек механикалық тазартудан өткізіліп, биологиялық тазарту өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Тазартудан шыққан сарқынды су жинақтағышқа сыймай сыртына шығуда, айналаға қауіп төндіріп, жағымсыз иіс таратуда. Ағымдағы жылы жерасты суы деңгейінің көтерілуіне байланысты сүзгі алаңы суға толып, дамбасын шайып кету қаупі туындаған. Титов қыстағындағы биологиялық тазарту станциясы қалыпты технологиялық режимде, талапқа сай тиімді жұмыс істемей отыр. Авариялық жағдайға арналған карталарға қаладан шығатын  лас  су тазаланбай, тікелей төгілуде. Белкөл кентіндегі «Арал» бірлескен дирекциясы филиа­лына қарасты кәріз суды қабылдайтын сүзгі алаңын­ың жағдайы да өте мүшкіл. Яғни сүзгі алаңына лас сулар тазартылмай тасталып, антисан­итарлық ошақ көздері қалыптасып отыр. Қалаға жел беттен жағымсыз иіс осы көзден таралуда. Талдыарал елді мекеніндегі әлеуметтік объектілер мен тұрғын үйлерден шығатын кәріз су арнайы салынған сүзгі алаңына­ тасталынбай, сол жердегі «Шіркейлі» каналының ескі арнасына тасталуда. Нысан иесі «Арал» бірлескен дирекциясы филиалы мұны жасырып келген. Ең ауыр экологиялық зардап, төгілген қалдық су жерасты суына да кері әсерін тигізуде.

– Бүгінде жеке сектордағы әрбір тұрғын үйге ауызсу кіргізілген де, орталық канализация жүйесімен қамтамасыз етілмегендіктен және ассени­затор көлігімен шығарылып жатқан лас суды қабылдау жүйесі ұйымдастырылмағандықтан қаланың айналасы лас су төгетін  алаң­дарғ­а айналу­да. Бұл өте маңызды және алаңдатарлық  мәселе! – деп қатқыл үн қатты  бас  эколог.

ТҮЙІН. Қаланың қордаланған эко­логиялық проблемаларын ортаға салған Экология департаментінің басшысы М.Құрманбаевтың айтқандарын жиынға қатысқан депутаттар шама-шарқынша талқылап,­ мәселенің шешу жолдарын талқылады. Қоқыс полигоны, күріш қауызы, биологиялық тазарту станциясының жұмысы, кәріз су алаңдарының заңсыз көбеюі, ауызсу,  аяқсу  секілді экологиялық өзекті тақырыптар  VI шақырылған Қызыл­орда қалалық мәслихатының маусым­  айындағы кезекті сессиясының күн  тәртібінде негізгі мәселе ретінде  қаралмақшы.

Швед ғалымы Нильс Борд «Адамзат атом бомбасынан жойылмайды, олар өз қалдығына тұншығуы мүмкін» деп топшылап кеткен. Әлемдік, республикалық, облыст­ық жерлердегі көтеріліп жатқан экологиялық мәселелерге байыппен қарар болсақ, дәл осы процесс жүріп жатқандай. Ал, біз 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын, анығында, қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өмірге төзімділігін және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуді жоспарлаған ел ретінде әрекет етуге тиіспіз.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: