Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ояз бағындағы» орайлы іс

05.06.2020, 9:55 1511

HALYQLINE.KZ Соңғы тәуліктерде ауа райы ерекше болып тұр. Күн нұры шашыраған сәттен қапырық леп қоса төгіледі. Үп еткен желмен бірге ыстық ауа тәніңді жалынша қариды. Адам тұрмақ, хайуанның да мазасы қашқандай. Ең шыдамды тіршілік иесі саналатын, адамның төрт аяқты досы иттің де жетісіп тұрғаны шамалы. Жайшылықта жағы сембейтін көршімнің қызыл төбеті ауласының ішіндегі жапырағы жайқалған саялы талдың көлеңкесінен шығар емес. Маңайды мүлгіген тыныштық басып, қалың ұйқыға шомғандай. Алайда бұл – алдамшы көрініс. «Күн ыстық екен» деп дала перзенттері сан алуан тіршілігінен қол үзіп, жан бағып, үйде жатқан жоқ. Таңмен таласа тұратын диқан егінін баптап, бақташы малын бағып, құрылысшы үйін салып, тәрбиеші бөбектерді аялап, ақ желеңді қауым сырқаттарға ем-домын жасап дегендей әркім өз шаруасымен қарбаласып жүр.  

Жанқожа батыр ауылынан қоңырау шалған досым ауылдық мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарының басталғанын қуанышпен жеткізді. Туып-өскен ауылымдағы ауласының ішін көлеңкелі талдар мен жеміс ағаштары, алуан гүлдер көмкерген аталмыш мәдениет үйі ғимаратының көрікті келбеті онан әрі айшықтала түсетінін ойлағанда менің де бойымды шаттық кернеді.

Көрген-түйгенін ұрпағының санасына тағылым қылып сіңірген қазекеңнің даналығына қалайша сүйсінбейсің?! «Таза ауа жұтқаның – талай ғұмыр ұтқаның» деген бір ғана қанатты сөзінің өзінде қаншама ой жатыр десеңші. Ал таза ауаны кеудеңді кере жұту үшін қоршаған ортаны таза ұстау қажет екені жас балаға да аян. Өкінішке қарай, баршаға белгілі осынау қарапайым да басты қағиданы балалар емес, ересектердің өзі ескере бермейтінін күнделікті өмірде байқап жүрміз.

Десе де, қоршаған ортаның тазалығына, көгалдандыру жайына жауапкершілікпен қарап, аудан ажарының көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген мекемелер де, жекелеген тұрғындар да баршылық. «Экологиялық апат аймағы» деп танылған туған жерінің қайта түлеуіне жанашырлық танытқан жандарға айтар ризашылық та шексіз.

Қазалы қаласындағы «Ояз бағының» атағы көпшілікке жақсы мәлім. Аталуының өзі естіген құлақты елең еткізердей бақтың тарихына қысқаша тоқтала кетсек.

Қолдағы дерекке жүгінсек, «Ресей патшасы үкіметінің жымысқы саясаты бағынышты халықтарды бір қолға біріктіру, жергілікті ақсүйектерді билігінен тайдыру және рулық негіздерді әлсірету болғаны әмбеге аян. Осы мақсатта губерниялық, уездік, болыстық басқару жүйесін құрды.1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Қазалыда №1 Фортты салуға кірісуге бұйрық берді. Осы кез Қазалы қаласының іргетасы қаланған жыл болып тарихта қалды. Түркістан генерал губернаторлығы құрылған 1867 жылғы 2 маусымнан бері Сырдария облысының уездік Қазалы қаласы болып, сол генерал-губернаторлықтың құрамына кірді. Қазалы уезіне Арал, Қазалы, Қармақшы аймағы бағындырылды.

Қала Сырдарияға жақын болғандықтан бау-бақша егу назарға алынады. Нәтижесінде сол маңайдағы ең көрікті жерлердің біріне айналыпты. Соның бір айғағы – «Ояз бағы». Көнекөздердің айтуынша, Қазалы уезінің басшысы қаланың шет жағына, дария жиегіне жақын жерден бақ жасап, түрлі саялы талдар, жеміс ағаштарын өсіруге баса мән бергенге ұқсайды. Осылайша бұл жер жергілікті тұрғындар арасында «Ояз бағы» деп аталып кетіпті.

Кейінгі кезеңде «Ояз бағын» қалпына келтіру мақсатында көне дарияға 1,5 шақырым канал қазылып, су әкелінді. «Ояз бағы» су айдағыш (насос) арқылы суарылады.

«Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» біршама уақыттан бері «Ояз бағына» жеміс ағаштарын егуді жолға қойған. 2005 жылдан бастап баққа 1875 дана сары өрік, 1251 дана қара өрік, 417 дана шие көшеттері отырғызылған. Сонымен бірге, аудан көлеміндегі елді мекендерді көркейту, көгалдандыруда екпе көшеттерімен қамтамсыз ету мақсатында тұқымбақ жасалып, қарағаш, үйеңкі, Сыр талы егілді. «Ояз бағының» жалпы көлемі – 17 гектар. Қазіргі таңда 10 га жерге жеміс ағаштары, қалған бөлігіне әртүрлі талдар егілген. 2014-2017 жыл аралығында катальпа, сунах, туя, емен, айланд, гледещи саялы ағаштарын жерсіндіру арқылы тәжірибе жасалынып, соңғы жылдар бедерінде катальпа, сунах саялы ағаштарының көшеттерін елді мекендерге босатуда.

Талаптарыңыз оң болсын, табиғат жанашырлары!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: