Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Егіз егізді жар етті

09.11.2020, 9:30 1729

HALYQLINE.KZ Әлемде 80 мыңға жуық егіз бар. Олардың басым бөлігі Қытай, Африка, Жапония елдерінде тұрады. Ал, елімізде егіздер жиі өмірге келетін ауылдар бар. Ең қуантарлығы, жұп болып жарасқан егіздердің қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Асан мен Үсен. Егіздер Әлия мен Әсия есімді егіздерді жар еткен. 

Бұл туралы Qazaqstan арнасында айтылды.

Асан мен Үсен Әріпбай, Әсия мен Әлия Жайлаубай – жас отбасы. Шаңырақ көтергеніне 3 айдан асқан. Бір-бірімен әлеуметтік желі арқылы танысып, бүгінде отбасы қатарын толықтырып отыр. Ең алғаш Әсиямен Үсен танысқан екен. Кейін Әсияның сыңарын өз ағасымен таныстырған. 

«Асан екеуміз о бастан егіз қыздарға үйленсек деп ойлайтынбыз. Желіден егіз қыздардың суретін көріп қалып таныспақ болдым. Ағам екеуміз танысайық деп ақылдастық. Әсия сыңары барын айтты. Солай табыстық», – деді Үсен. 

Әдетте егіздердің мінезі де, көзқарасы да екі түрлі болады. Сол секілді Әсия – ұяңдау, Әлия ашық мінезді екен. Әзілге жақын болғандықтан, күнделікті әзіл айтып, бәрін күлдіріп жүретінін айтады. 

«Өмірде бір-біріміздің орнымызға барып, қулыққа баратын кездеріміз көп. Көп адам шатастырады. Тіпті, жаңа үйленгенде бізді күйеулерімізді шатастырып қалатын», – деп күледі Әлия. 

Егіздердің кейбірі бір-біріне ұқсағысы келмейді. Екі түрлі киініп, бөлек адам болғысы келеді. Асан мен Үсен де мұндай өтпелі кезеңнің болғанын жасырмайды. 

«Жасөспірім шақта бір-бірімізге ұқсағанымызға ренжіп, бөлектеніп кеткен кезіміз болды. Кейін қайта біріктік. Қазір керісінше бәрін бөлісемін. Әйелдеріміз де егіз болғандықтан, бір-бірін көп ойлайды. Жанашырмыз. Екі отбасы емес, бір отбасының адамы секілдіміз. Киімді де, басқаны да бірдей аламыз. Егіздер сыңарын үнемі ойлайтындықтан бауырмал болады», – деді Асан.

Асан мен Үсен де, Әлия мен Әсия да бірдей киініп жүреді. Көз үйренген адамдар өздерін оңай ажыратады екен. 

Ең қызығы, Қазақстанда сыңарларға үйленген 7 жұп бар. Асан мен Үсен, Әли мен Әсия солардың бірі. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: