Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БАЛА ТӘРБИЕСІН ТАЯҚПЕН ТҮЗЕУ – жүрекке жара салар жаза

24.12.2020, 11:00 399

Өмірзақ  қажы  ҚАЗКЕНҰЛЫ,

Қарағанды  облысының  бас  имамы

Соңғы кездері әлеуметтік желіде­ баласын ұрып-соққан, ұл мен қыздың көз жасын көлдей етіп әкесінен айырған оқиғалар жиі жарияланып кетті. Көрудің өзі қорқынышты. Жүрегің ауырады. Бұл – бала психологиясына жа­салған үлкен соққы. Қаншама адамдар Құдайдан перзент сұрап, дұға етуде. Ал Алланың берген нығметіне шүкір етпей, оны қа­ты­гездікпен ұрып-соғу, менің ойымша, шүкірі аз адамның әрекеті деп айтар  едім.

Баласын тепкілеп, тәрбие бер­гісі келген азаматтың араққа са­лынып кеткені туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Өкінішке қарай, арақ деген «әзәзіл» қаншама отба­сының шаңырағын шай­қалтып, қаншама адамның тағ­дырына теріс  әсер  етуде…

Осы ретте баланы жазасыз тәрбиелеудің өнегелі үлгісін көр­сетіп кеткен ардақты Пайғамба­рымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты  мен  сәлемі  болсын) оқиғасы еске түсіп отыр. Бірде бір кісі бақшасында өсіп тұрған құр­масына тас лақтырған баланы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келді. Құрма иесі шағымын айтып, қабағы  қатулы күйде  баланы қалай  жазалау  қажеттігін сұрайды. Сонда­ Алла елшісі жайдары жүзбен, күлімдеген кейіпте: «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?» деп сұрайды. Сонда әлгі бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді» деп жауап беред­і. Жер бетіне мейірімділікті жаю үшін түсірілген Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәле­мі болсын)  балаға: «Жерге түске­нін жей  ғой,  бірақ  енді құрма­ларға тас лақтырма, жарай ма?» деді. Содан кейін баланың басынан сипап­, оған былай деп дұға жасады: «Уа, Алла тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!».

Біз  осы оқиғадан бірнеше са­бақ аламыз. Біріншісі – жұмсақтық. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның  бойында мейі­рім-махаббат оянбайды. Қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, көз жет­кізуі ләзім. Бұрыс басқан қадамынан сабақ алған ол саналы түрде ендігәрі жат қылықты қайталамауға  тырысады.

Мінезі қырсық баланы таяқпен түзеймін деу – әурешілдік. Кейде балаға қатты мінез көрсеткенде мәселенің себебін айтпай, тілін жұтқан адамдай үнсіз қалады. Өйткені, себебін айтса тағы да айғай­лап ұрысатынын сезеді. Әз Пайғамбар балаға «балапаным» деп тіл қату арқылы  оның жүре­гіне  жылулық  сыйлады. Бір хабарларда ол баланы қасына жақын­датып, яғни бауырына жақын тартып­, ерекше жылы сөзін арнағаны  айтылады.

Екіншісі – мәселенің себебін сұрау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жылы сөзбен не үшін құрма аға­шына тиіскенін біліп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізді. Сондық­тан ұл-қыздарымызға бірден жекімей, не үшін ондай қадамға барғанын жылы сөзбен білгеніміз абзал. Сонда ол іштегі сыры мен мәселенің мәнісін ағы­нан  жарылып,  ақтарыла сөйлей­тін  болады.

Үшіншісі – балаға балама жол көрсету. Әз Пайғамбар (оған Алланың  салауаты мен сәлемі болсын): «Жерге түскенін жей ғой, бірақ енді құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» деді. Қабырғаны сызу, үй заттарын сындыру, т.б. жайттар – балалы үйде болатын және күнде қайталанып  тұратын табиғи  құбылыс. Қабырғаны сызбау үшін басқа нәрсені балама ретінде балаға ұсын­ған дұрыс. Оны сызу-бүл­діруден  тыю – дамуын тежеу деген сөз.

Төртіншісі – балаға дұға жасау. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Аллада­н тілеу – әр мұсылманның міндеті. Өйткені, қайырлы ұрпақты  пайғамбарлар  да Жаратушыдан сұраған.  «Бала бер, бала берсең сана  бер.  Сана бермесең ала бер», – деген  қанатты сөз қайырлы ұрпақты  тілеуден туған ниет. Дұға – мұсылманның қорғаны. Қасиетті хадис-шарифте айтыл­ғандай, әр пендеге ниет еткен нәрсесі беріледі. «Жақсы сөз – жарым­  ырыс».

Расында, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасы­на бір уақытты арнау – оның  тәрбиесін жүйелі қадағалау­ға мүмкіндік береді. Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қай­та­лай­ды. Бұл – бүлдіршінге тән табиғ­и құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір  хадисінде:  «Балаға бір рет көңіл бөліп,  тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көле­мінде  садақа  бергеннен  де  жақсы», – деген.­

Халқымыз қашан да ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына үлкен  жауапкершілікпен  қараған. Әсіресе,  жас жеткіншектеріміздің ерте бастан, тіпті жөргегінде-ақ үлкен азамат болып қалыптасуына қам жасап, жол көрсете білген. Осы  ретте  Хәкім Абайдың: «Бала­ның  жақсы  болмағы бірінші – ата-анасына­н, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан», – дегені­н ескерсек, еркін ойлы, асқақ рухты, білімді де тәрбиелі, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды  ұрпақ  тәрбилеуде аталған үш негіздің маңы­зды­лығын  көреміз. Тәрбиелі бала ең бірінші тәрбиелі ата-анадан шы­ғады.­ Кейде замандастарымыз «қиын бала»  деген қайдан шығады осы?» деген сауал қойып жатады. Оның жауабы жоғарыда ай­тылғандай, қатыгез бала қатыгез ата-анадан  шығады.

Адамзаттың екінші ұстазы ретін­де мойындалған бабамыз, ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәр­бие­сіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі», – деген сөзі әрбір тәлімгер мен білім беру­шінің жүрегінде жазылып тұратын сөз. Мұндағы тәрбие деген сөзден үлкен-үлкен ұғымдарды аңғаруға болады. Яғни, тәрбие дегенде біз адамгершілік пен әдептілік, ар мен намыс, ұят пен ождан, ізгілік пен қайырымдылық, төзімділік пен сабырл­ылық  сынды  жақсы қа­сиеттерді  түсінеміз.

Хадисте: «Әрқайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам жанұясының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы, әрқайсыларың бақташысыңдар және қоластында­ғыларың үшін жауаптысыңдар» делінген.­

Алланың елшісі: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген­ екен. Ендеше, ұрпағымызға ең жақсы сыйымызды беруде табан­дылық пен тұрақтылық танытайық.­

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: