Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байқоңырлық студент патриоттық фестиваль жеңімпазы атанды

30.10.2020, 12:35 908

HALYQLINE.KZ Жақында ғана мәресіне жеткен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалінің жеңімпазы атанған байқоңырлық Таңат Молдабеков туралы шағын фильм түсірілді.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.

Патриоттық фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар бақ сынады. Соның ішінде, Қызылорда облысы Байқоңыр қаласынан қатысқан өнерпаз бәйгеде оза шауып, ерекше өнерімен көзге түсті. Атап айтар болсақ, «Орындаушылық шығармашылық» аталымында бақ сынаған Таңат Қанатұлы Молдабеков жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда Қазанғап атындағы Қызылорда жоғарғы музыкалық колледжінің 2-курс студенті болып табылатын домбырашы жігіт туралы фестивальдің ұйымдастырушылары шағын фильм түсірді.

Таңат домбырамен жаным егіз деп санайды. Қасиетті күй өнерін жанына серік еткен жас өнерпаз: «Нағыз қазақ – домбыра» деген ұстаныммен өмір сүремін. Домбыраны алғаш рет осыдан 7 жыл бұрын 12 жасымда қолға алдым. Туған жеріме, еліме деген сүйіспеншілігімді домбыра арқылы паш еткім келеді» дейді.

 – Шәкіртім Таңат Молдабеков түрлі байқауларға қатысып, өзінің нағыз домбырашы екенін көрсетіп келе жатыр. Алар асулары әлі алда» ,- деп ағынан жарылды ұстазы Әлімжан Әбсадықов:

Киелі топырақта өскен Таңат Молдабековтың өнері туралы фильмді Ұлттық Дельфий Комитетінің facebook және Youtube желілерінің әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.

Жобаға тоқталатын болсақ, оған қазақстандық авторлар, сондай-ақ, патриоттық тақырыпқа авторлық туындыларды орындайтын шығармашылық ұжымдар «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография) және «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) аталымдары бойынша қатысты.

– Әлемдегі эпиджағдайға байланысты фестиваль пішіні өзгергенімен, жоба нәтижесіне көңіліміз толды. Қазіргі таңда 10 жас автордың шығармашылығын насихаттау бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Жеңімпаз жас авторлар туралы шағын фильмдеріміз жақында көрермендерге жол тартады», –деді жоба авторы, Ұлттық Дельфий Комитетінің директоры Құралай Түспекова.

Бірінші айналымның жұмыстары желі қолданушылары өздеріне ұнаған қатысуға дауыс бере алатын жобаның әлеуметтік желілерінде жарияланды. Осылайша, халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист айқындалды.

Байқаудың ақтық сынында қазылар алқасының мүшелері 1,2,3 орын лауреаттарын анықталды, жеңімпаздарға Қазақстанды еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның атынан қатысу құқығы беріледі.

Ұлттық Дельфий Комитетінің Баспасөз қызметі

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: