Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атқарылған істер мен алдағы меже

28.01.2021, 16:30 414

HALYQLINE.KZ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Айдын Қайруллаев филиал қызметкерлерінің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді.

Жиында филиалдың 2020 жылы көрсетілген қызметтерін талқыланып, алдағы уақытта филиалдың атқаратын міндеттері белгіленді.

Әлем жұртын алаңдатқан алып індеттің ауыр зардаптары мемлекеттік корпорацияның жұмысын күрделендіре түсті. Қиыншылықтарға қарамастан мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыру үрдісін жеделдетіп, карантиндік шектеулер аясында қызметкерлерді қайта даярлау арқылы жаңа жұмыс тәртібіне көшіп, халыққа барынша ыңғайлы жағдай жасауға күш салынды. Нәтижесінде облыстық филиал жыл қорытындысымен республика бойынша 4-орын иеленді.

«Осы ретте, өзімнің атымнан әріптестеріме корпорациямыздың дамуына үлес қосып, маңызды жобаларды іске асыруда атсалысқан еңбектері үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Биыл ауыр жыл болса да ауқымды істер атқарылды. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде филиалымыз жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік», – деді филиал директоры Айдын Бөкенбайұлы.

Айта кетейік,  жыл көлемінде филиалдың фронт-офистері сапалы қызмет көрсету бойынша рейтингте республика көлемінде екінші жыл қатарынан 1 орынмен аяқтауда. ХҚО мамандары азаматтарға 2020 жылдың 12 ай көлемінде 628 783 қызмет көрсетті. Пандемия кезеңінде қызметтердің басым көпшілігі электронды форматқа ауысып, азаматтар онлайн қызметтерді өз бетінше алды. Өткен жылмен салыстырғанда онлайн қызметтерді алу көрсеткіші биыл жоғары болды.

Атап айтар болсақ, азаматтар жыл көлемінде 63936 көлік құралын тіркеп, 9077 мерзімі өткен жүргізуші куәлігін алған. Ал, «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы тұрғындарымыз 175385 қызметті смартфон арқылы онлайн түрде алған. Осы ретте азаматтарымыздың цифрлық сауаттылықтары артқанын байқауға болады.

Сонымен қатар, әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша жыл көлемінде 81 683 қызмет көрсетілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артып отыр. Ал, электронды түрде көрсетілген қызметтер өткен жылы 15%-ы құраса, биыл 36%-ға артып отыр. Облыс көлемінде 373481 зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері жүргізілген.

Бүгінде мемлекеттік корпорация көрсететін қызметтердің басым көпшілігі электронды форматқа ауысуда. Бүгінде электрондық техникалық паспорттарды беру, жер учаскісінің кадастрлық құнын анықтау, жер учаскісінің актілерін беру секілді қызметтер egov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн түрде жүзеге асырылуда.

Филиалдың ұжымы алдағы уақытта да еліміздің игілігі үшін жұмыс істеп, мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамытуға бар күш жігерін сала бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: