Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АСАУ ӨЗЕН АРНАСЫНАН қауіп бар ма?

05.03.2020, 12:21 1202

Қылышын сүйреткен қыс мезгілі басталмас бұрын қызылордалықтар дария демін басатын шараларға дайындық жұмыстарын бастап кетеді. Сыр арнасы асау мінезін көрсететін тұс тақалғанда тіпті тығырыққа тірелеміз. Қайбір жылдары дүлей мінезді арна жағасына сыймай тасығанда күндіз-түні дария демін күзеткеніміз есімізден кеткен жоқ. Әсіресе, жағаға жақын орналасқан саяжайлар мен елді мекен тұрғындары сең жүру процесі басталғанда буынып-түйініп отыратын. Айтып келмейтін табиғи апат әп-сәтте бөгетті бұзып, жағалаудан асып, жайылымды шайып өте шығатынын жатқа білеміз. Жапа-тармағай қауырт тірліктің ортасына қойып кетпес үшін осы бастан қауіпсіздік шаралары қолға алынуда.

– Бүгінде судан келер қауіп жоқ. Облыс бойынша­ барлық бөгеттер бақылауға алынған. Төтенше жағдайл­ардың алдын алу мақсатында  «Көксарай»  су реттегіші 300 текше метр су  қабылдаса, қалған  90 текше метр су дария бойымен Қызылорда аумағына келуде. Бұл көрсеткіш өткен жылдарға қарағанда едәуір төмен. Тіпті, өңірдің оңтүстік аймақтарында қыс бойы өзен бетінде мұз қатпағаны көңілге демеу болып отыр. Биыл Сырдария өзенінен қауіп жоқ дегенімізбен, жоспарға сәйкес халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өйткені табиғаттың тосын мінезіне дайын болуымыз керек. Осы орайда жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-қимылдар арқасында Қызылорда облысында Сырдар­ия өзеніне жақын орналасқан қауіпті  56 аймақ белгіленген. Онда 174 мыңға жуық тұрғын және 250 мыңнан аса үй жануарының бары анықталды. Су тасу қаупі төнген жағдайда облыс көле­мінде 89 эвакуациялық қабылдау және 101 эвакуациялық жинақтау пункті белгіленген. Дегенмен, азаматтық қорғау күш-құралдары арнайы штабтық оқу-жаттығулар ұйымдастырып, дайындық деңгейлерін пысықтауда, – деп мәлімдеді Қызылорда облыст­ық төтенше жағдайлар департаментінің баспасө­з  қызметі.

Бүгінде «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенімен төменге секундына 400 текше метр су жібе­рілсе­, оның 350 текше метрін «Көксарай» су ретте­гіш­і қабылдауда. Ал облыс аумағына жалпы түсіп жатқан су көлемі секундына 60 текше метр ғана.

– Қазіргі таңда елді мекендерді су басу қаупі байқалм­айды. Облыс бойынша 56 су басу аумағы анықталып, оған 430 арнайы техника және 1315 адам күші бар 127 мекеме бекітілген. Мұз жару жұмыс­тарына мамандандырылған мекемемен келісім жасалы­нған және «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 2 тікұшағы, халықты көшіруге жинақтау және қабылдау эвакуациялық пункттері дайындалған, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқарма­сының басшысы Асылбек Шаменов.

Жауапты органның ақпаратына сүйенсек, «Қаз­гидро­мет» РМК және «Қазсушар» РМК Қызыл­орда филиалдарымен су бекеттері мен су тораптарында өзен арнасындағы су деңгейіне күнделікті мони­торинг жүргізілуде. 2019-2020 жылдары қыс-көк­темгі су тасқынына қарсы шараларға қатыстыры­латын күштер мен құралдар жеткілікті. Атап айт­қанда­, 1081 адам, 361 бірлік техника, 75 мотопомпа бар. Күн райының қытымыр қылық танытпай тұрғаны­  сырбойылықтарды бір жағын­ан әбігерге салуда­н сақтап тұрғандай. Десек те Қазалы ауданы аумағында  Басықара су торабына дейінгі 101 шақы­рымнан  бастап  Арал теңізіне дейін Сырдария  өзені  бетінде  мұз  бар.

– Қазіргі уақытта Қырғызстандағы «Тоқтағұл» су қоймасындағы судың көлемі – 12540 млн текше метр, су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 599 текше метр су жіберілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 текше метрге аз. Тәжікстандағы «Бахри-Точик» (Қайраққұм) су қоймасындағы су көлемі 3512 млн м3, өткен жылмен  салыстырғанда 290 млн текше метрге артық. Бұл жерден өзеннің төменгі ағысына секундына 1030 м3 су босатылуда. Бұл да салыстырмалы түрде өткен жылғыдан 150 м3/сек көп. Ал Шардара су қоймасы­ндағы 4452 млн текше метр судың 400 текше метрі Сырдарияның төменгі ағысына жіберілуде. Ал Қызылорда су торбасы арқылы секундына 60, Әйтек су торабынан 40, Қазаөзек арнасымен 17, Қазалы су торабынан 80, Ақлақ су торабы арқылы 100 текше метр су өтуде. Үлкен Арал теңізіне секунды­на 62 текше метр су босатылуда. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының негізгі міндеті өз теңгеріміндегі каналдармен облыстағы ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілердің еккен егістік жерлеріне суару суын жеткізіп беру және ақаба сулар­ды қашыртқылармен ағызу, – дейді ҚР Эколо­гия,­ геология және табиғи  ресурстар  министрлі­гі Су  шаруашылығы  комитеті «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда облыстық филиалының дирек­торы  Х.Биімбетов.

Айта кетерлігі, биыл Сырдың бойында күн райы құбылмалы болғанымен, төтенше жағдай орын алатында­й ахуал қалыптаспады. Сол себептен де дария бетінде қалың мұз жамылғысы да жоқ. Аймақтағы­ жылы ауа райының қалыптасуына және жоғарыдан келетін су мөлшерінің аз көлемде болуына­ байланысты өзен арнасындағы мұз бір­қалыпты жағдайда еруде. Жалпы, ағымдағы жылы су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге облыс бюджетінен 573,8 млн теңге қаржы бөлініп отыр.

Б.Есжанов  (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: