Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АНАЛАР ҮЙІ һәм тәлкек тағдыр

27.02.2020, 12:15 588

Бұрын «балалар үйі» болды. Қазір елімізде олар жойылып, есесіне «Аналар үйі» ашылуда. Естіген құлақ елең ете қалады, ой сан-саққа жүгіреді. Атауы ардақты орын қай тауқымет иесін бауырына басады, кімдерге құшақ жайып, маңдайынан сипайды?  Сауал көп. Жауапты бара білдік. Қаланың орталық аумағында орын тепкен қосқабатты зәулім үйдің темір қақпасы біз барғанда айқара ашық тұр екен. Қақпадан ене бергенде аулада ұсақ-түйек жұмыспен айналысып жүрген қос келіншек күлімдей қарсы алды. Жүздері жып-жылы. Табалдырықтан әрі не бері аттарымызды білмей, аңтарылып тұрғанымызда «кіре беріңіздер, кәдімгі үй ғой» деген ізгі ілтипаттан кейін ішке қарай ендік.

ЖЫЛАҒАННЫҢ   ЖАСЫН СҮРТЕМІЗ

Қызылордада «Аналар үйінің» ашылғанына бес жылға таяп қалды. Осы күнге дейін бұл жер 200-ге жуық анаға пана болыпты. Түрлі тағдыр тауқым­етін тартқан қыз-келіншектер балаларымен бірге дәл осы ұядан сая тапқан. Бірақ, мұнда келгендер ұзақ уақытқа орналасып қала алмайды. Небәрі алты ай ғана паналауына рұқсат. Жағдайы тым ауыр болса ғана бір жылға дейін тұрақтауларына болады. Дәл қазір мұнда сегіз келіншек тұрып жатыр. Негізі он екі орын­ға  арналған.

– Бұл жерге ешқандай қыз-келіншек жайдан-жай кел­мей­ді. Әрқайсысының бір тарихы бар. Тағдырды еш­кім тілеп алмайды. Бастарына іс түскен соң барар жер, басар тауы болмаған соң осында келулеріне мәжбүр болады.­ Мұндай жандарды біз кері итеріп тастай алмаймыз­, реті келіп жатса әрқайсысы психологиялық тұрғыдан қалпына келгенше көмек беріп, демеу жасауға­ талпынамыз,- деді  «Аналар үйі»  қоғамдық қорының  директоры  Дина  Жүсіпбаева.

Мұндағылар қарап отырмайды. Арнайы  тігін цехы да жұмыс істеп тұр. Қолының  місекері бар қыздар осында тігін тігіп, шеберліктерін шыңдап жүр. Тіпті арнайы бала­бақшалармен келісімшартқа отырып, қажетті құрал-жабдықтарын тігіп береді­. Тіпті мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, шаштараз ашып, кәсібін  дөңгелетіп  жүргендер  бар.

ҚАРЖЫ   ҚАЙДАН   КЕЛЕДІ?

Оларды «көкек аналар» дейміз бе, қазір туа сала шаранасын күл-қоқыстың айналасына лақтырып кететіндер көп. Есі кірмей етегі көтеріліп, жанған отқа өзі түсетін бойжеткендеріміздің тағдырына шын алаңдап жатқандар аз. «Аналар үйінің» басты миссиясы – ана мен баланы бір-бірінен айырмау. Әрине, мүмкіндік болса. Бірақ, бұл жерде ананың жауап­кершілігі  де  маңызды.  «Аналар  үйіне»  баласын  дүниеге  әкелуге  шын  ниеттілер  ғана  келеді.

Статистикаға келейік. Жоба 2013 жылы басталған. Қазір Қазақстанның 19 қаласында 25 «Аналар үйі» бар. Қоғамдық қорға еліміздің меценаттары қаржылай қолдау көрсетіп, жан-жақты демеушілік жасай­ды. Күні бүгінге дейін 3000-нан аса қыз-келіншек «Аналар үйінің» көмегіне жүгінген. Оның:

-2312-сі отбасымен қайта қауышқан;

– 903-і  жұмысқа  орналасқан;

– 500-ге жуық әйел құжаттарын қайта  қалпына  келтірген;

– 200-ден аса бөбек медициналық көмек алып, оңалтудан өткен;

– 199 әйел баспана алуға кезекке тұрған;

– 198 баланың әкесі балаларына қайта оралған;

– 108 бала мемлекеттік балабақшаларға тегін баруға мүмкіндік алған;­

– 52 әйел (балалар үйінде тәр­биеленген) мемлекеттің қолдауымен тегін баспанаға ие болды. Тағы айта кетерлігі, осы жоба арқылы­ 70 пайыз отбасының балада­н  бас  тар­туының  алдын алу  мүмкіндігі  бол­ған.

Қызылордадағы «Аналар үйіне» меценат Алидар Утемуратов демеу­шілік  етеді.

– Мемлекеттік сатып алуға қатыспаймыз. Бірақ осы облыстағы бір­қатар мемлекеттік ұйымдармен бір­лесе отырып, іс-шаралар ұйымдас­тырамыз. Мәселен, Қызылорда облыс­тық  білім  басқармасы, Қызыл­ор­да  облысының жұмыспен қамтуды  үйлестіру  және  әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және Қызылорд­а облыстық полиция депар­таментімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Жасыратыны жоқ, мұндағылардың күнделікті тамағы, киім-кешегіне меценат қаржысынан жұмсалады. Кейде қайырымдылық корларынан да келіп жатады. Соларды керегімізге жаратамыз,- деді директ­ор  Дина  Маратқызы.

ӘРІСІ   ТАРАЗ,  БЕРІСІ ТҮРКІСТАННАН   КЕЛГЕН

Қазір мұнда тұрып жатқан қыз-келін­шектердің жүздері жайдары, бір қарағанда көңілдері тоқ секілді. Алайда­ олардың ішіндегі алай-түлей күй мен жан дүниесіндегі терең сырды­ өздерінен бөлек ешкімнің жете түсінбейтіні айдан анық. «Аналар­ үйіне» ешкім жоспарлы түрде келмейді. Тек тағдыр олардың өмірінің арнасын осында еріксіз бұрады. Бізге сұхбат беруге келісім берген  қыздардың  есімдері  өзде­рінің өтініштері бойынша өзгер­тілді. Әңгімелері қаз-қалпында жазылды. Біздің  бірінші  кейіп­керіміз – Тараз қаласының тума­сы. Жасы 26-да. Қы­зыл­ордадағы «Аналар үйі» туралы «Анашым, мені қалдырма» фильмінен  көріп-білген. Бол­ған  жайт­ты өзі толық­тырсын.

Маржан  ЕСЕНГЕЛДІ:

ОТБАСЫЛЫ   АДАМНАН  ЖҮКТІ   БОЛДЫМ

– Әкем бар. Анам 2017 жылы қайтыс болған. Одан кейін әкем үйлен­ді. Өзім екі ағайындымыз. Ағам және мен. Жоғары білімдімін. Тараз­ мемлекеттік педагогикалық институтында «Педагог-психолог» мамандығы бойынша білім алғанмы­н. Жоғары оқу орнын бітірген соң аудандық әкім­шілікке жұмысқа орналастым. Сонда бір жігітпен таныстым. Бір мекемеде жұмыс істедік. Сөйлесе келе мен оны жақсы көрдім, ұнаттым, оған сендім. Бас-аяғы бір жылдан аса уақыт араласып жүрдік. Сөйтіп соңында жүкті екенімді білдім. Жағдайды оған айтып едім, ол үйлене алмайтындығын жет­кізді. Өйткені оның отбасы болды. Мен оның отбасы бар екендігін біле тұра осындай қадамға бардым және осы жағдайым үшін өкінбеймін де. Жақсы көргендіктен бе, көзім махаббаттан байланып қалды деп ойлаймын. Ара қатынасымыз басталғанда да арамызда болашақты жоспарлау, бірге болу туралы мәселелер қозғалған жоқ. Тек көзсіз сезім ғана болды деп ойлаймын, басқа ештеңені ойламаппыз. Өткінші сезім де болған шығар, бәлкім?! Бірақ, менің балалы болғаныма ешқандай өкінішім жоқ. Қазір баланы босанға­ныма 9 ай толды. Мен жүкті екенімді ата-анам, туған-туысқандарыма айтқ­ан жоқпын. Оларға айтпастан осы жаққа кетіп қалдым. Тек осында келгеннен кейін ғана әкеме, ағама айт­тым. Олар ренжіп, менімен байла­ныс­тарын үзді. Осы қалаға келген соң «Аналар үйіне» тіркеуге тұрдым, осындағы перинаталды орталықта баламды босандым. Бұл тұрғыда «Аналар үйіне» үлкен алғысымды айтамын. Әкеммен қазір хабарласып тұрамыз. Ара-тұра барып қайтамын. Ауылға қайтқым келмейді. Ол жақта тұра алмай­мын. Себебі мен Қызылордаға келдім, енді осы қалада жаңа өмір бастаймын деп шешім қабылдадым. Еліме қайтып, өткен өмірімді қайта есіме алғы­м келмейді. Барлығы өткен шақта­ қалса деймін. Баланың әкесі менің бо­сан­ғанымнан хабардар. Ол – мемлекеттік қызметкер. Кейде хабарласып тұрады. Бірақ  мен  одан ештеңе талап етпей­мін. Өздігінен  бізге қарайласып тұрамын десе қарсы емеспін. Алдағы уақытта баламды­ балабақшаға беріп, өзім жұмыс  істесем  деген  жоспарым  бар.

Жанар   ӘШІМҚЫЗЫ:

«АНАЛАР   ҮЙІНДЕ»   ЕКЕНІМДІ АНАМНАН   БАСҚА   ЕШКІМ БІЛМЕЙДІ

– Түркістаннанмын. Жасым 25-те. Біраз уақыттан бері жүрген жігітім болатын. Бірнеше жылдай жүргеннен кейін ол мені өзінің анасымен таныстырды. Бірақ оның ата-анасы оның маған үйленуіне қарсы болған. Жігітім мұның себебі мен руға жатпайтындықтан деп түсіндірді. Бас-аяғы 3  жылдай  жүргенбіз. Арада біраз жылдар өткен соң ол басқа біреуге үйленіп кетті. Алайда аралары дұрыс болмай 6 айдан кейін екеуі ажырасты. Бұрын­ғы жігітім ажырасып жүрген аралықта екеуміз қайтадан кездесе бастадық. Сол аралықта мен жүкті болып қалдым. Екеуміздің қайта байланыс орнатып  жүргенімізді  білген  әйелі қайтадан  келіп, жігітім өзінің әйеліне­ қайта қосылды. Біз екі ортада қалып қойдық. Бойыма бала біткенін білгеннен кейін небір ойлар келді. Алдырам деп ойладым. Өзім отбасында екі ағайындымыз. Мамандығым – бастауыш сынып­ мұғалімі. Анама ішімдегі балама­ 6 ай  болғанша  айтқан  жоқпын. Ешкім менің  жүкті екенімнен  хабарсыз  болды. Менің «Аналар үйіне» келгенімді анам ғана біледі. Ал туысқандарымның көпшілігі  мені «Алматыға жұмыс істеуг­е кетті» деп ойлап жүр. Балама қазір 4 ай толады. Осында бізбен психолог­тар жұмыс істейді. Соларға арқа сүйеп, ақылдасып отырамыз. Қазір жалпы көңіл күйім жақсы, депрессия жоқ. Мүмкін мен басқа қалаға кетіп қалған соң ба, барлық жаман ойла­р сол қалада қалып қойған сияқты. Енді осы Қызылордадан жаңа өмір баста­п жатырмын. Осының ішінде тігін цехы бар. Тігінді ермек қыламын. Жан-жақтан тапсырыстар аламыз. Баланың әкесімен кейде сөйлесіп тұрамын. Осы балам дүниеге келгеннен кейін өмірім өзгеріп шыға келді. Енді тек осы балам үшін өмір сүруге талпынамын. Болашағы жақсы болса екен деймін. Қайтадан Түркістанға  қайтқым  келмейді. Қызылорда  маған  ұнады.

Бұл жерді сағалайтындардың дені облыстың барлық аудандарынан және өзге өңірлерден келеді. Көпші­лігі өмірлерін түбегейлі өзгерту үшін өзге қалаға бет бұрғанды тәуір көреді. Өйткені тағдырларының тезге ұшыраған сәтін тұрған өлкелерінде қалдырып, жаңа өмір бастайды.

ОБЛЫСЫМЫЗДА   ОН  ТӨРТТЕГІ ҚЫЗДАР   ЖҮКТІ  БОЛҒАН

Біздің мақсатымыз біреуді қаралау немесе тағдыр тәлкегіне ұшырағандарды табалау емес. Көңіл шерлерімен бөліскен қаракөздеріміздің өмірі өзгелерге үлгі болсын деп емес, мүм­кін болса жаза баспауға сабақ болсын дедік. Есін біліп, етегін жиған қара­көздеріміз осындай жайтқа тап болып жатқанда, мектеп оқи жүріп аяғы ауырлайтын қыз баласына бәлендей деп ақыл бағыттау да ерсі көрінер. Қызылорда облыстық прокуратурасының ұсынған мәліметі бойынша облысымызда 14-15 жастағы қыз­дардың  жүкті  болып, тіпті азаматтық некеде тұрып жатқандары да бар екендігі анықталып отыр. Мұны кімнен  көреміз?  Батыстық  «үрдіс­тің» үдеуінен бе, әлде қыздарына қырық үйден тыйым сала алмай отырған ата-анадан ба? Әлде есін білмей жатып, етегін ашқан қыздардың саңылаусыз санасынан көреміз бе?  Кесіп-пішіп  түйін  айту  қиын.

– Біз көптеген мектеп директор­ларына қыздар арасында жыныстық тәрбиеге байланысты лекциялар оқуға ұсыныстар жасаймыз. Бірақ көпшілігі қарсы. Ал мұны білмеген қыз баласы орынсыз от басып, ақырында түрлі жағдайларға душар болып­  жатыр,- деді «Аналар үйі» директор­ы  Д.Жүсіпбаева.

ТҮЙІН. «Аналар үйі» – алдан­ған  аналардың арқа сүйеп қалатын орны  емес. Тек  қиын  жағдай­ға  қалғандарға уақытша көмек қолын созып, қанаттарын қайта қомдауға септігі тиетін жер. Әр қазақтың қызы бір-бір үйдің түті­нін түтетіп, салиқалы ұрпағын тәрбиелеуге лайықты. Ал сәбилер жетімдіктің зардабын емес, бақытты балалық шақтың ғана дәмін татуға тиіс. Үкілі үміт артқан ұл да, қыз да әр қадамның ауыр жауапкершілігін  сезінсе  екен  дейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: