Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ана мен бала өлімі алаңдатады

06.02.2020, 11:18 1378

Қасиетті Құран Кәрімде «Алланың берген жасын ешкім ұзарта да, қысқарта да алмайды» деп жазылғаны­ белгілі. Десе де, көпшіліктің жанының тіні үзілмеуін, сырқаттанған жақын­-жуығының аман қалуын Аллада­н тілеп, ақ желеңді қауымға зор үмітпен қарайтынын несіне жасырамыз? Оған дәрігерлерді ел ішінде «адам жанының арашашысы» санап, олардың қызметіне «ауған түйенің жүгін басқандай», «шықпаған жанға себеп­ші» деген баға беруі дәлел болады.

Қазалылық дәрігерлердің білігі, кәсіби деңгейі, аудандағы медициналық ұжымдардың озық үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы жақсы деңгейде. Бірде өзге өңірден қыдырып келген дәрігер досым­ аудандағы денсаулық сақтау саласындағы медициналық құрал-жабдықтарды көргенде сүйсінгенін жасыра алмаған еді. Туған жерін, жерлестерін мақтағанға кім қуанбайды? Мен де желпіне түсіп мейманыма Қазалыда ауданаралық аурухана ғимараты жаңадан салынғанын, алдағ­ы уақытта ауысымына 250 адамды қабылдайтын аудандық емхананың құрылысы басталатынын, Қазалы ауданаралық ауруханасында жаңа технологиялармен жабдықталған «Ангиограф» аппаратының көмегімен жүрек-қан тамырларына ота жасалғанын, осынау заманауи құрылғы елімізде аудандық деңгейде алғаш рет Қазалыда орнатылғанын, осы аппараттың көмегімен енді біздің дәрігерлер көршілес аудандардың тұрғын­дарына да медициналық көмек көр­сете алатынын, басқа да естіген-біл­ген жетістіктерді тізбектей жөнелдім.

Лайықты істі ретімен мақтап, жағымды жаңалыққа шаттанған да жөн. Алайда бұл Қазалы ауданындағы денсаулық сақтау саласында бәрі жіп­тіктей деген ұғымды білдірмейді. «Ауруын жасырған өледі». Ендеше, көңілде ауыр зардабы қалған қайғылы жайттарды да бүгіп қалмасақ.

Бір сәт «Халық» газеті редак­циясының жолдаған хатына (17.01.2020 ж., №5 хаты) облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусаметовтен (27.01.2020, №09-14/379) келген жауап­қа  назар  аударайықшы.

Онда «Қазалы ауданаралық ауруханасында 2020 жылдың 1 қаңтарында жүкті әйелдің қайтыс болуы тіркеліп, мәйіті Сот-медициналық сараптамаға (СМЭ) берілді. Орын алға­н жағдайға байланысты тиісті органдарға ақпарат ұсынылып, об­лыстық денсаулық сақтау басқар­масының мамандарының қатысуымен талдау жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылды.

Сонымен қатар, 2020 жылдың 9 қаңтарында Қазалы ауданы бойынша 1 жасқа дейінгі бір баланың қайтыс болу оқиғасы тіркелініп, мәйітке патологанатомиялық тексеріс жүргі­зілді. 1 жасқа дейінгі сәбилердің шетінеу­ оқиғасы 2018 жылы 8,7 промильді құраса, 2019 жылы 8,58 промильді құрап, 0,12 промильге төмендеген. 2018-2019 жылы орын алған жағ­дайдың барлығына талдау жұмыс­тары жүргізіліп, Заң аясында мамандарға тиісті шаралары көрілген» деп жазылыпты.

Осы жолдарды оқып отырғанда ақ оранып қимылсыз жатқан ана… жан жарын жоғалтып қайғыдан қан жұт­қан азамат… ерте солған қызғалдағын зарлана жоқтаған туған-туыс… асыл анасынан айырылып жанары жәутеңдеген кішкентай сәбидің аянышты бейнесі… бәрі-бәрі… көз алдымнан жылжып өте шықты…

Менің де алқымымды кермек жас буды. Олай болмағанда ше? «Әр  қазақ – менің жалғызым» деп ұғатын әрбір адамға мұндай жағдайдың өзекті өртейтіні хақ. Ал, дүние есігін ашып үлгермей жатып қайта сөнген сәби де аса өкінішті. Мүмкін, келешекте еліміздің аспанында жарық жұлдыздай жарқырайтын бір данадан айырылған болармыз, кім білсін?

Жоғарыда жазылғандай, сәбилер­дің шетінеу оқиғасының төмендегені, Заң аясында мамандарға тиісті шара көрілгені дұрыс та шығар. Алайда сол жүрегіңе қанжардай қадалатын адам өлімінің көрсеткіші, сәби шетінеуі, осындай ауыр ахуалдан соң маман­дарға шара қолдану, т.б. мүлде орын алмаса екен. Онсызда ат төбе­ліндей аз қазақтың жаны түгел малының тұяғы кетілмесе дейміз. Әрине, адам өліміне соққан жайттың себеп-салдары терең зерделенгеніне күмә­німіз жоқ. Бірақ… Аяулы жанынан айырыл­ған жандардың қайғысын, жүрегіндегі жарасын кім, қалай жаза алады?

«Сау адамның басында алтын тәжі болады. Оны тек сырқат адам ғана көреді». Денсаулығымыздың сыр бермегеніне, ауырып-сырқай қалған жағдайда ауруханаға үмітпен барып, дәрігерлердің емі дарып, отбасы, жақын­-жуығыңмен шаңырағыңда аман-есен қауышқанға не жетсін? Лайым, солай болғай!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: