«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.05 (1.18)

  • EUR: 509.29 (4.04)

  • RUB: 5.58 (-0.01)

Үйдегі көңіл мен базардағы баға

27.10.2020, 18:30 176 0

HALYQLINE.KZ

Күз бастала дүркін-дүркін өтетін жәрмеңкелерге қолымызды қалтамызға салып барамыз, аларымызды алғасын, қымбат екен, оның несі жәрмеңке деп те жатамыз.

«Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп» дегендей бағаның бағамы жайлы нақты пікір айту қиын әрі соншалықты абыройлы шаруа да емес. Бір анығы, жерге дән тастап дақыл өсіру, мал бордақылып ет сату оңай кәсіптің қатарынан емесі анық.

Жоңышқаның бір дестесін 600 теңгеге, жемнің бір қабын 2000 теңгеге сатып алып, ұры-қарымен аңдысып жүріп өсірген ақадал малының етінің келісін ауылында-ақ 1800 теңгеден саудалап жатқанда, сонау жерден жолкіре жұмсатып шаһарға шақыртып 1600 теңгеден сатқызу ең сыпайылап айтқанда обал болады.

Бұл ретте Сұлтанмахмұт ақынның:

…Кесені қолыма алып қарай бердім,

Ішінде нахақ көзден жас бар ма деп, – деген шумақтары ойға оралады.

Ақыры басталғасын күзгі жапырақтай сарғайған бір ойдың да ұштығын шығара кетейін.

Ауданда бөлімдері, облыста басқармалары бар ауыл шаруашылығы министрлігі түгел таратылып жібермегенмен түбегейлі өзгертілуі қажет. Осынша тонна мал азығы дайындалды, пәлен литр сүт, түген дана жұмыртқа өндірілді деген есептері «қос уысың бір келі» деген шамада жасалатындай болып тұрады.

Астық өсірсе диқанның, мал өсірсе шаруаның еңбегі, сайып келгенде әуелі басына, артылса досына қылатын жекеменшіктің жанкешті тірлігі емес пе? Билік бергенін пұлдаса, азын-аулақ субсидиясын айтар.

Әрине, қала халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының дұрыс бағыттарының бірі. Дегенмен, бәсекелестік орта қалыптасқан ауылшаруашылық саласының дамып өркендеуінде билік су мен субсидияның берілуін, базарға түскен баспақтың бауырының бүтіндігін, таразының тілінің туралығын қадағаласа да жеткілікті.

Қалғанын өзім дегенде өгіз қара күші бар, ортақ өгізден оңаша бұзауды артық көретін жеке сектор-ақ алып шығады. Ал, елде болса, ерінге тиетінін бұрынғылар айтып кеткен.

Айтпақшы, келесі жәрмеңке қашан болар екен, қай аудандікі қай жерде екен…

Сәбит КӨШЕРБАЕВтың әлеуметтік желідегі жазбасы

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: