Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Электрондық үкімет» сізді үйден шығармайды

27.03.2020, 17:10 772

Елдегі Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында «Covid-2019» вирусының жайылуына байланысты карантин енгізілгені белгілі. Бұл тек үш қалаға ғана емес, республикалық маңызы бар өзге де аймақтарға ортақ мәселе. Сол себепті елде төтенше жағдай жарияланып, халық денсаулығын сақтау және олардың өміріне қауіп төндірмес үшін көптеген жұмыс орындары онлайн режимге ауысты. Оқушылар мен студенттер 16 наурыздан бастап онлайн форматта білім алуда. Осы ретте мемлекеттік қызметтерді көрсету де «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы электрондық өтініш негізінде жүзеге асырылады. Бұл туралы Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев төтенше жағдайға байланысты енгізілген брифинг барысында айтты.

Атап айтар болсақ, үйіңізден шықпай, электронды цифрлық қолтаңбаңыз арқылы келесі қызметтерге қол жеткізе аласыз. Олар:

1. Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу;

2. Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету;

3. Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің және есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін мүгедектерге құжаттарды ресімдеу;

4. Мүгедектерге кресло-арбалар беру;

5. Мүгедектерді санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету;

6. Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеу;

7. Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеу;

8. Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту;

9. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;

10. Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау.

11. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау;

12.  Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау;

13. Мемлекеттік арнайы жәрдемақылар тағайындау;

14. Жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайларына әлеуметтік төлем тағайындау;

15. Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау;

16. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек тағайындау;

17. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;

18. Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;

19. Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) жәрдемақы тағайындау;

20. Бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша жәрдемақы тағайындау;

21. Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау.

Бұл қызметтерді алу үшін өтінішті толтырып, тиісті құжаттардың сканерленген нұсқаларын қоса береді және электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды.

Қол қойылған өтініш Портал арқылы жергілікті атқарушы органның электрондық құжат айналымы жүйесіне түсіп, 2 жұмыс күні ішінде қызметті алушының тұрғылықты жері бойынша сәйкесінше мемлекеттік мекемеге(мемлекеттік корпорация филиалының тиісті аудандық немесе қалалық бөліміне, қаланың немесе ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, Халықты жұмыспен қамту орталығына, Департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне) жіберіледі.

Тиісті мемлекеттік мекеменің маманы 2 жұмыс күні ішінде құжаттардың сәйкестігін тексеріп, сұрақтар туындаған кезде маман электрондық өтініште көрсетілген телефон нөмірі немесе электрондық пошта арқылы көрсетілетін қызметті алушымен байланысады. Тиісті ақпараттық жүйеде электрондық іс макетін қалыптастырады.

Мемлекеттік қызмет көрсету (көрсетуден бас тарту) нәтижесі туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыстың абоненттік нөміріне және көрсетілетін қызметті алушының Порталдағы жеке кабинетіне (техникалық мүмкіндік болған жағдайда) sms-хабарлама арқылы жіберіледі не Сервис арқылы келіп түскен өтінішке жауап түрінде жіберіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: