Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ерікті аналардың ерлігі

19.11.2020, 16:30 492

HALYQLINE.KZ Бүгін қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридиновтың қатысуымен қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің ұйымдастыруымен «Сыр Аналар» Альянсы кеңесінің «MEN BAQYTTY ANAMYN» атты кездесуі өтті.

«Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығының жанынан құрылған «Сыр Аналар» Альянсы кеңесі 32 ерікті анадан құралған. Ерікті аналар қала аумағындағы 18 мөлтек ауданға бөлініп, өз аймақтары бойынша тұрмыс жағдайы төмен, көпбалалы, аз қамтылған және отбасында мүгедектігі бар азаматтарды анықтап, оларға көмек қолын созумен айналысады. Белсенді аналар қоғамдағы қолдауды қажет ететін жандардың мәселесіне бей-жай қарамай демеушілердің қолдауымен әлеуметтік-гуманитарлық көмектер ұсынып, білім, медицина, және тұрмыстық жағдайға байланысты мәселелерін шешуге атсалысып келеді. Бүгінгі кездесу барысында белсенді аналар өздерінің жыл көлемінде мұқтаж жандарға көрсеткен көмегін, атқарған жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Шарада жақсылық жасап жарысып жүрген кең жүрек, ақ пейіл, дарқан көңіл жандарға қала әкімінің орынбасары өз алғысын жетікізіп, игі істеріне сәттілік тіледі. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды анықтауда жұмыстарды әлі де ширата түсу керек деген қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Индира Сансызбаева қоғамдық кеңес құрамындағы әрбір ана қоғамға үлгі болу керектігін айтты. Сонымен қатар бөлім тарапынан белсенді аналарды кәсіпкерлікке бейімдеу бағытындағы жұмыстар белсенді жалғасатынын да жеткізді.

Басқосуға арнайы келген «Мағжан и К» ЖШС директоры Мағжан Ералиев, «Еларай» қоғамдық қорының басшысы Асхат Байдәулетов пен Республикалық «Харекет» қайырымдылық қорының ресми өкілі Азамат Каренеевте ерікті аналарға өз ризашылықтарын жеткізіп, қам көңіл жандарға қамқор болып, сүрінгенді сүйеп, жығылғанды демеп жүрген белсенді жандардың қайырымды істеріне қашан да қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Шара соңында кеңес құрамындағы аналарға алғыс хаттар мен қаладағы «Мұз айдыны», «Евразия» кешендеріне арнайы таллондар беріліп, кәсіпкерлердің қолдауымен сый-құрмет көрсетілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: