Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Азық-түлік бағасы тұрақтана ма?

17.09.2020, 11:50 1134

Жаһандық трендтегі «еңбек өтіліміз» артқан сайын алыс-беріс формуласына ортақтасатын елдер де көбеюде. Бүгінде Қазақстан 180-нен астам елмен импорт-экспорт алмасады. Сыртқы сауда серпі­нінің жақсарғанын осыдан-ақ байқауға болады. Айта кететін бір жайт, еліміздің сауда-саттықтағы негізгі әріптестері – Еуропалық одақ елдері. Одан бөлек, оң қаптал, сол қапталдағы, теріскейдегі көршілермен де ортақ келісім және бар. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, қаңтар-шілде айлары аралығында Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 10401,2 млн АҚШ дол­ларын құраған. Мұның ішінде азық-түлік, техника секілді түрлі тауарлық құрылым бар. Тиісінше, экспорт – 19,4, импорт 7,5 пайызға азайған. Ал бестік одақ аясында сауда айналымы қалыпты деңгейден асқан жоқ. Ресеймен – 92,4, Қырғызстанмен – 4, Белоруссиямен – 3,5, Армениямен 0,1 пайыз айналым тіркелген. Жаһандық пандемия себеп болса керек, былтырғы көрсеткіштерге қарағанда төмендегенін аңғардық. Ел ішіндегі ахуал қандай?

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта республикада 620 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының және 318 млн данадан астам жұмыртқаның қоры бар. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларының 16 түрі бойынша Үкімет резерві қалыптастырылды. Бұл мақсатқа 16,7 млрд теңге бөлініп, 43,5 мың тонна азық-түлік сатып алынған. Үкімет мұны неге саралады? Егін науқаны аяқталды, жиын-терін де жақындады, алда табиғаттың өзі қауқарсыздық танытатын қыс мезгілі келе жатыр. Инфляци­я деңгейінің тұрақсыздығынан елдегі азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлардың дені баға өзгерісіне ұшырайды. Осы күннің өзінде кей аймақтарда ұн, қант, жұмыртқа, ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдерінің бағасы ырыққа көнбестік қыр көрсетіп тұр. Сол себепті бүгінде өңірлердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуін қордағы тауарларды бағалау арқылы мониторинг жүргізілуде. Баға тұрақты­лы­ғын сақтау үшін салалық министр ішкі нарықты түгендеп жатыр. Ал баға бет бақтырар емес.

– 2020 жылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4 пайызға өсті. Негізгі өсімді қарақұмық жармасы­ мен қант, сәбіз бен картоп көрсетті. Басты себебі — егістік аумағының қысқаруы, – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов Үкімет үйіндегі отырыста.

Алдағы қыс маусымының жақындауына байланысты халықтың азық-түлік қорын жинақтай бастауы – қалыптасқан әдет. Қазіргі ақпаратт­арға сенсек, елде картоп, қияр, қызылша, күріш, қарақұмық жармасы, қой еті, жұмыртқа, ұн, нан, макарон, сүт және тұз қоры жеткілікті. Ал әлеуметтік маңызы бар 21 мың тонна азық-түлік тауарын­ жеткізу үшін тиісті келісімшарттар жасалған.

Жалпы, азық-түлік тапшылығы 90-жылдардан кейін сезілген жоқ. Тек соңғы жылдары ғана әлемнің кей елдерінде табиғи-минералды шикіза­т көзімен қатар осы мәселе қылаң бере бастады. Жай ғана көз­қараспен қарауға болар еді, уақытша құбылыс, қайтадан қалпына келед­і ­ деп. Алайда бұл – шиеленіске толы әлеуметтік мәселе. Өйткені жоқшылық салдарынан халық арасында әлеуметтік топтың жіктелуі, заңсыз көші-қон, ұсақ бұзақылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адами­ капиталдың сапасыздығы секілді проблемалардың өршуіне бірден-бір себеп – нарық қыспағы. Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған демоболжам бойынша алдағы бесжылдықта (2025 – ред.) Жер шары халқы 8 миллиардтан асып жығылады. Демек, азық-түлік қауіпсіздігі мен шикізат қорын қамтамасыз ету мәселесін қазірден қарастыру тиімді  болмақ.

– Ағымдағы жылы сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақыл­дарының егіс алқабы 439,2 мың гектарға кеңейтілді. Жалпы егіс алаңы 22,7 млн гектарға дейін жеткізілді. Биыл 18 млн тонна астық дақыл­дарын жинау жоспарлануда, бұл ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті іске асыру үшін жеткілікті. Майлы дақылдардың жалпы көлемі – 2,6 млн тонна. Картоп пен көкөніс-бақша дақыл­дарын өндіру көлемі тиісінше 4 және 6,8 млн тоннаға дейін ұлғайды, – деді еліміздің ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров.

Экономикасы ауыл шаруашылығы саласымен тыныстап отырған елдер ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүдделі. Біз де осы сапта екеніміз белгілі. Соңғы 20 жылдың бедерінде ғана «қара алтын» қорымен әлеуетімізді тіктедік. Ол да сарқылуда. Осыны ескерген кей елдер өздерінен өндірілетін азық-түліктік тауарлар­ды экспортқа шығаруға шектеу енгізуде. Биылғы егістік даласы­ үшін табиғи-климаттық факторлардың көп ұшырасқаны да бейқамдықты  кешірмейді.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, азық-түлік бағасы елімізде карантин шаралары енгізілген кезде анық байқалған. Төтенше жағдайлар режимі кезінде қарақұмық жармасы, қант, картоп, пияз, сарымсақ, күнбағыс тұқымы, күнбағыс майын экспорттауға тыйым салынған. Бұдан өзге бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында осы жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін әлеуметтік маңызы­ бар азық-түлік тауарларының импорты мен сатылуына қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілген.

Бұған дейін азық-түлік саясатын әзiрлеу жөнiндегi халықаралық институт 2020 жылы әлем фермерлері дәндi-дақылдарды 40%-ға артық өндiретіні туралы мәлімдеген еді. Ал бұл жағдай экологиялық климат­қа сәйкес, өндiрiс көлемдерiнiң өсуi алқаптың көлемін арттыруда емес, жоғары егiн шығымдылығына негiзделуi керек. Ал қымбатшылыққа келер  болсақ, министрліктегілер жыл  соңына дейін азық-түлік тауар­ларының  бағасы тұрақтанады  дегенді алға тартып отыр.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: