Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Апат айтып келмейді

27.08.2020, 10:35 590

Арал  ауданының  әкімі  Мұхтар  Оразбаевтың  назарына

Көрнекі   сурет

«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекш­і, бұрын «көрмес түйені де көрмес» дегенде­й анау-мынау кемшілікке көз тоқтатып­, көңіл аудара бермейтін едім. Бұл жолы қолыма қалам алуыма басты себеп, ағымдағы жылғы 1 шілде күні тал түсте Арал қаласына қатты нөсер жауып, соның салдарынан М.Өтемісұлы көшесі №19 үй, сонымен бірге сол қатардағы бірнеше үй көшеден аққан суға кетті. Көзді ашып-жұмғанша болға­н бұл апаттан жоғарыдағы менің үйім қатты зардап шекті. Төсек-орын, үй жабдықтары бүлінгенін айтып қайтейін. Бәрінен бұрын адам аман, қалғаны біртіндеп қалпына  келер-ау.

Айтайын дегенім, бұл оқиға аталмыш көшеде елу-алпыс жылдан бері қайталанып келе жатыр. Көктемгі, күзгі жауын, қысқы жиналған қар суы жан-жағындағы биіктеу жерде орналасқан 4-5 көшеден құйылып, онсы­з да аласа жердегі аталмыш көшені ойран­-топан қылатын. Бұл жолы да сөйтті.

«Мүйіз сұрап жүріп сақалынан айыры­латынның» кері дәл осы көшенің басына түсіп тұр. Биыл асфальт жол төсеуді ұйғарған Арал қаласы әкімдігі бюджеттен бөлінген тиесілі­ қаржыны тезірек игеруді мақсат тұтса керек. Бірақ олар ағаштың екі басы болатынын естерін­ен шығарып алған сияқты. Себебі­, асфаль­т жол саламын деп жүргенде көшедегі тұрғын үйлердің табиғи апатқа ұшырайтынын, суға кететінін ұмытып кеткен тәрізді. Бұл ретте Арал қаласы әкімшілігі басшыларының көше тұрғындарымен ойласпағаны көзге көрініп тұр. Егер тұрғындар тілегін ескерг­енде аққан судың алдын алмас па едік. Сірә, олар «кеңесіп пішкен тон келте болмасын» естен шығарған-ау. Жол жиегіне су жүретін лоток салғанда, мұндай әбігер тағы қайталанбас  еді.

Қоғам байлығы – адам. Асфальт жол салар­да автокөлік үшін ғана емес ең әуелі адамдардың қолайлы, қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етулері керек еді Арал қала­сындағы атқамінерлердің. Бірақ бұл міндет олардың бастарын ауыртпайтыны енді ғана білініп  отыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, осы оқиғаны маған хабарлаған сәтте мен дереу «101» нөміріне телефон шалдым. Ар жақтан телефон көтерген дауыс  «Сырдария аудандық  төтенше жағдайлар комитеті» деп  жауап­ берді. Атын «Дамир» деп таныстырды мен сұра­ғанда. Оған болған жағдайды баяндап, енді қайда хабарласу керектігін сұрадым. Ол «ешқанд­ай  алаңдамаңыз, облыстық комитет кезекшісіне хабарласамын, олар Аралдағы салалы­қ комитетке шығады» деді. Мен осы бір адаммен адамша сөйлескен азаматқа іштей риза болып қалдым. Ал, сол сәтте күй­зеліске түсіп, қайта-қайта телефон шал­ған маған Арал қаласы әкімінің орынбасары, не коммуналдық қызмет орындарының теле­фоны ләм-мим деген жоқ. Сөндірулі тұрды. Апыр-ай, көшеде осындай төтенше жағдай болып  жатқанда бұлардың бейқамдығы қалай деп  ойлауға мәжбүр болдым.

Біраз уақыт өткен соң суға кеткен үйдегі мүлкін сыртқа тасымалдап жүрген балам қақпаның алдына қала әкімінің келіп тұр­ғанын хабарлады. Кейін білдім, қала әкімінің келуінен кетуі тез болыпты. Оның ізін баса бір автокөлік су тартқан автокөлігі де іле-шала көрген түстей ғайып болыпты.

Иә, Арал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы көшенің тұрғындары осылайша табиғи су апатының тақсіретін тартудай-ақ тартып келеді. Мектеп оқушылары мен көше  тұрғындарының  жайылған судан әрі, не бері  өте алмай тұрғанын көргендер бұл көшені «Аралдағы Венеция» деп келемеж ететін көрінеді. Солар «апыр-ай, Арал қаласының атқамінерлері осыған қайық салса қайтер  екен?» десе, не дер екен?

Толыбай  АБЫЛАЕВ,

Қазақстан  Жазушылар  Одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: