Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әбдіқалықова: қалалықтардың тоңбауына жұмыс істеу керек

07.10.2020, 18:40 598

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жылу маусымының басталуы қарсаңында Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Өңір басшысы алдымен «Қызылордажылуэлектрорталығының» Оңтүстік бу қазандығының жылу маусымына дайындық жұмыстарымен танысты. Аталған бу қазандығының жылу энергиясын қаладағы 197 көпқабатты үй, 5 балабақша, 10 медициналық мекеме, барлығы 763 нысан тұтынады. Жылу қазандығы газбен жылытылады, резервтік отын ретінде 644 тонна мазут алынған. Жылыту қазандығы 10 қазанда толық іске қосылмақ. Аймақ басшысы дайындық жұмыстарын дер кезінде аяқтап, қала тұрғындарын уақытылы жылумен қамтуды қатаң тапсырды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мұнан кейін Г.Әбдіқалықова Ә.Бөкейханов көшесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан УТ-15А магистралды жылу желілерін қайта құру жобасын назарға алды. Ұзындығы 1 567 метр жылу желісін «Авангард» ЖШС қайта жүргізуде.

– Пандемия уақытында біз тұрғындардың денсаулығына аса мән беруіміз қажет. Қазіргі уақытта күн суып келеді. Сондықтан қала халқына дер кезінде жылу беріп, олардың «тұмау» секілді ауруларға шалдығуының алдын алайық. Ол үшін мердігер мекеме осы жұмысты 10 қазанға дейін аяқтап, қалалықтардың тоңбауына жұмыс істеуі тиіс, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі №15 Автономды блокты-модульді қазандығының жұмысын да көрді. «Арай-2» шағын ауданында орналасқан «Қызылордажылуэлектрорталығына»  қарасты қазандық 2015 жылы пайдалануға берілген. Қазандық осы аудандағы 19 көпқабатты үйді жылумен қамтамасыз етеді.

Сырдарияның сол жағалауындағы үйлерді жылумен қамтамасыз ететін автономды блокты-модульді қазандығының құрылысы да 15 қазанға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Бүгінде сыйымдылығы 2 дана су қоймасының құрылыс-монтаж жұмыстары, қазандыққа қажетті жоғарғы қысымды газ құбырларын, ауызсу құбырларын тартып, қазандықты монтаждау, ғимараттың ішкі бөлмелерін салу, моржаларының монтаждау және ішкі құбырларын жүргізу жұмыстары жүргізілген. Келісімшарт бойынша құрылысты аяқтау желтоқсан айы деп белгіленгенмен, мердігер мекеме жылу маусымының басталуына дейін жұмысты толық орындайтындығын жеткізді. Аймақ басшысы қазандық құрылысын сапалы аяқтап, сол жағалаудағы 32 көпқабатты үй мен 2 әлеуметтік нысанды дер кезінде жылу жүйесіне қосуды тапсырды.

Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова «Қызылордажылуэлектрорталығына» да барды. Орталықтың биылғы жылыту маусымына негізгі жабдықтарын дайындау мақсатында «Жұмыспен қамту 2020 Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 1022 млн. теңге бөлінді. Осының арқасында 156 адам жұмысқа орналасты. Аталмыш жылумен жабдықтау аймағының жылу энергиясын 995 нысан тұтынады. Оның ішінде 365 көпқабатты үй, 29 мектеп, 13 балабақша, 9 медициналық мекемені жылумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қуаттылыңы 113,2 Мвт электр энергиясын өндіреді.

Аймақ басшысы бұдан әрі салынып жатқан 200 орынға арналған модульдік үлгідегі жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысымен танысты. Аурухана қазан айының соңына дейін толық іске қосылады деп жоспарланған. Г.Әбдіқалықова пандемия уақытында емдеу мемекелері барлық жағдайға дайын болып, еш босаңсуға болмайтындығын ескертті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: