Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әбдіқалықова дүкен аралап жүр

04.09.2020, 13:55 705

HALYQLINE.KZ Бүгін Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Қызылорда қаласындағы әлеуметтік сауда үйлерін аралап, азық-түлік бағаларын бақылады. Сонымен бірге сауда нысанындағы дезинфекциялық талаптардың орындалуын көрді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен, аймақ басшысы «Анвар» сауда үйіне барды. Сауда үйінің сөресінде 8 000 тауардың түрі бар және тұтынушыларға арналған 5 касса жұмыс істейді. Оның ішінде 1 касса мүгедек жандарға арналған. Сауда үйінде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар бағасы арнайы бекітілген бағамен сатылады. Қала әкімі аймақ басшысына халық үшін маңызды әлеуметтік тауарлардың межелі бағасы республикалық баға талаптарына сәйкес сатылатынын атап өтті.

Облыс әкімі мұнан кейін «Қызылорда оптомаркет» сауда желісіне келді. Сауда үйінің сөресінде жалпы 10 000 тауардың түрі бар. Тұтынушыларға арналған 9 касса жұмыс істейді. Бүгінде сауда желісінің қалада 5 филиалы жұмыс жүргізіп, 115 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, халыққа қызмет көрсетеді. Облыс әкімі сауда желісінің басшысына күнделікті қолданыстағы азық-түлік өнімдерінің тапшылығы туындамауы керек деп атап өтті. Сондай-ақ, қажетті қорды жасақтау міндетін қойды.

Облыс әкімі қаладағы ірі желі SMALL сауда үйіне де барды. Халықтың күнделікті қажеттілігі туындайтын азық-түлік бағаларының бағасын бақылады. Әсіресе, азық-түлік өнімдерін көріп, тауарлардың қоры туралы сұрады. Сауда үйінің сөресінде 15 000 тауардың түрі бар және тұтынушыларға 12 касса қызмет етеді. Қазіргі таңда, қала бойынша «SMALL» сауда үйінің 5 филиалы жұмыс істеп, 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сауда үйін аралау нәтижесінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі мен Қызылорда қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысына ашық базарларда санитарлық нормалардың сақталуын қадағалап, тұрғындардың бетперде режимін сақтауын бақылауға алу қажеттін тапсырды. Халық жиі шоғырланатын сауда нысандарында дезинфекциялық шаралар қарқынды жүруі тиіс деді. Сонымен бірге, азық-түлік бағасын тұрақты бақылауда ұстап, қажетті қорды алдын ала жасақтауды міндеттеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: