Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АИТВ және ЖИТС туралы нені білу керек?

30.11.2020, 18:00 1938

HALYQLINE.KZ

АИТВ инфекциясы (адамның иммунитет тапшылығының вирусы), яғни адамның иммун тапшылығы вирусы тудыратын баяу дамитын бұл ауру адамның иммундық жүйесін бұза отырып, басқа да инфекциялық аурулардың дамуына әсер етеді. Өйткені иммундық жүйе ағзаны ауру тудыратын микроорганизмдерден қорғау қабілетін жоғалтады. АИТВ инфекциясын жұқтырған адам уақыт өте келе сау адамдар үшін ешқандай қауіп келтірмейтін микроорганизмдердің өзін тез қабылдайтын болады.

Дүниежүзі ЖИТС жайында алғаш рет білгеніне 35 жылдан астам уақыт өтті. Жылдар өткен сайын індет барлық жерде таралып, оның зардаптары ойлағандағыдан әлдеқайда ауыр болды. Әлемде АИТВ жұқпасымен әр минут сайын 10 адам тіркеледі.Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, әлемде АИТВ/ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны 50 миллионнан асып кеткен, оның ішінде шамамен 3,5 миллионы – балалар. Алайда барлық АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың ішінде 20-40 жас аралығындағылар басым көпшілігін құрап отыр.

АИТВ алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та тіркелген. Бұған дейін бұл ауру өте сирек кездесетін, 10 млн халыққа 1-2 оқиғадан 60 жастан ересектерде ғана. Бірақ сол жолы жасы 30-ға жетпеген ауру адамдардың көбі 20 ай ішінде көз жұмған. 1981 жылы Лос-Анжелесте тағы бір топ адам пневмоцистік пневмониямен ауырып, бұл дүниемен қош айтысқан. 1983 жылы Льюк Монтанье, Роберт Галло есімді екі ғалым осы дерттің қоздырғышы вирус екенін анықтады. Жылма-жыл осы дертке шалдыққандардың саны көбеюде. 2020 жылдың 9 ай қорытындысымен Қазақстанда 39062, облысымызда 172 адам АИТВ жұқпасымен тіркелген.

АИТВ инфекциясы қандай жолдармен таралады? Бірінші жолы жыныстық қатынас арқылы, екінші жолы екіқабат әйелдерден балаға немесе жаңа туған нәрестеге, үшінші жолы қан арқылы, нашақорлар арасында жиі кездеседі. Ағзаны толық вирустан тазартуға әлі ем жоқ, тек аурудың өмірін ғана ұзартуға мүмкіндік болып отыр.

ЖИТС (жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы) – АИТВ инфекциясының соңғы сатысы. Адам ағзасында пайда болған қоздырғыш иммундық жүйенің маңызды клеткалары – лимфоциттерді жояды. Кез келген адам қанында бір текше миллилитрде саны 800-ден 1200-ге дейін лимфоциттер болады. Егер бұл клеткалардың саны 500-ге төмендесе, адам әртүрлі қоздырғыштарды, микробтарды тез қабылдайды. АИТВ/ВИЧ көп жылдар бойы адам ағзасында өмір сүріп, оның алғашқы белгілері пайда болғанша басқа адамға жұғуы мүмкін. Көптеген адамдар АИТВ-ны өз басыма келеді деп ойламайды. Себебі, қоздырғыш белгісі адам бойынан табылғаннан бастап ауру дамығанша 10 және одан көп жылдар өтуі мүмкін.

Аталмыш қатерлі дерттен бойыңды аулақ ұстау мен өз денсаулығыңды, болашағыңды қорғаудың ең сенімді, тура жолы – есірткіден бас тарту және бейберекет, кездейсоқ жыныстық қатынастан бойды аулақ салу. Әр адам өз денсаулығы үшін, өсіп келе жатқан ұрпағы үшін ойлануы керек!

Ботагөз  Демеуқызы,

«Қызылорда  облыстық  салауатты  өмір  салтын  қалыптастыру  орталығы»  ЖШС  алдын  алу  бағдарламаларының  менеджері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: