Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әншейінде ойшыл жұрт тойшылдығын тыймай тұр

02.04.2020, 11:19 804

Өткен жолы таксиге отырып, үйге қарай бара жатқанмын. Жол бойы жүргізуші (өзі де әңгімеге шебер екен) ақтарылып, бар ойын айтып келеді. Сөзін бөлмей соңына дейін тыңдайын дедім. Айтуынша, Қызылорда қаласының ішінде құда жолы, сырға салу, қыз ұзату салттары әлі де тыйылмай келеді екен. Таксист болған соң көп адамды тасиды ғой. Көзімен көргендерін айтып отыр.

– Өткен жолы бірнеше әйелді қала шетіндегі қыз ұзатып жатқан үйге апарып салдым. «Тойды доғармағансыздар ма?» деп сұрап едім, «қой, көп адам жоқ екен, тек ет жақындары ғана жиналған» деп жауап берді, – деді көлік жүргізуші.

О, тоба! Ет жақындары жиналса, оларға вирус жұқпайды екен деген ұғым жоқ. Мұны құлағына іліп жатқан адам бар ма өзі? Ойланып қалдым. Біз көрмеген, естімей үйлерінде тығылып, ым-жымын білдірмей жиналып, той-жиын жасап жатқандар қаншама? Ым-жымын білдірмейді дегеннен шығады. Түнеукүні бір ағамыз ел мынадай жағдайға түсіп жатқанда «үйде құран оқыттық» деп мәз болып отыр. «Ел-жұрт білмесін деп келген қонақтардың көліктерін аулаға тығып қойдық. Сыртқа тек 1-2 көлікті қалдырдық» дейді. Тіпті сөз арасында «коронавирус деген өтірік, бұл – биліктің қолдан жасап алып отырған дүниесі» дегенді алға тартып отыр. Оған не дейсің? Аз ғана уақытқа сабыр етіп, сақтануды санаға сіңірер кім қалды екен?!

Жаратылысынан адам тыйым салған дүниеге ұмтылғыш келеді екен. Алла тағала Адам ата мен Хауа ананы жаратып, пейіштің төрінен орын берген. Алайда олар Тәңіріміз  тимеңдер» деген жеміс ағашынан дәм татып, жұмақтан қуылады. Демек, тыйымға үйір болу бізде әпсанадан бар. Мынау кесірлі кезеңде «Үйде бол!», «Далаға шықпа!», «Көпшілік жиналған жерге барма!» деген ұрандарға құлақ аспай, керісінше қисық қылық танытып жүрген қауым әлі де болса арамызда бар. Жұқпалы инфекцияның қай жерде, қай ортада, қай орында тығылып тұрғаны көзге ұрып көрініп тұрса жақсы. Көрінбейтін нәрсе қай жерден шап ете қалатынын ешкім де білмейді.

Айтқанға көнбейтін тойшыл қауымға заң да тосқауыл бола алмай тұр ма, кешелі-бері Шиелінің бір шенеунігі, нақтырақ айтқанда, ауыл әкімі тойдың нақ ортасынан табылған деген ақпарат желдей есті. Алақандай болса да ел басқарып отырған азаматтардың санасына сіңбеген дүниені соңынан ерген халық тыңдасын ба?! Облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Айтбайұлы осы туралы аз-кем ақпаратымен бөлісіпті.

Төтенше жағдай жарияланғалы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен 49 тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оның 14-і соттың қаулысымен әкімшілік қамауға алынса, 23-іне әкімшілік айыппұл салынды. Қалған 12-сі соттың өндірісінде,- деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Назарға ілінген Шиелі ауданы Төңкеріс ауылының әкімі Әлия Тәшкенбайқызы туыстарының келін түсіру рәсіміне қатысқан. Сондай-ақ төтенше жағдайға қарамастан Таразда беташар өткізген асаба бес тәулікке қамалды. Естеріңізде болса, әлеуметтік желіде оның үй ауласында бет ашып, «Коронавирус кет, кет» деп әндетіп, ырғала билеп жүрген видеосы тараған еді.

Тізе берсек, мұндай жағдай көп. Көргеніміз бар, көрмегеніміз қаншама? Естігеніміз бар, естімей қалғанымыз одан да көп. Сәл уақыт шыдаңыздар, ағайын! Ел болып біріксек қана еңсеретін қиындық бұл. Тек сабыр мен шыдамдылықты ғана серік ете тұрамыз. Көзге көрінбейтін жауды үйде отырып жеңеміз. Шешімі – осы.

# Үйде болыңыз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: