Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемге танымал спортшылар және Қоңқабаевтардың полицейлер династиясы

06.01.2021, 17:05 1106

Қоңқабаевтар әулеті полицейлер династиясының нағыз ұрпақтар сабақтастығы деуге болады. Атасы, әкесі және екі ұлының құқық қорғау саласындағы жалпы еңбек өтілі 71 жылды құрайды.

Олардың ең үлкені яғни, полицейлер династиясының бастаушысы – Қоңқабаев Балықбай. Балықбай атамыз Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыс жылдарынан кейін, 1950 – 1980 жылдары аралығында ішкі істер органында учаскелік инспекторы болып қызмет атқарған. 30 жылдан аса табанды қызмет еткен Балықбай ата полковник шенінде зейнеткерлікке шыққан. Ұмсындық әжеміз екеуі 15 баланы тәрбиелеп өсіріп, жарты ширек ғасыр уақыт бір шаңырақ астында тұрған.

Кішкентайынан әкенің іс-әрекетіне қанық болып, оны үлгі етіп өскен баласы Бисенбай да құқық  қорғау саласын таңдаған. Әрине, мұнда әке тәрбиесінің рөлі ерекше екенін аңғаруға болады. Балықбай атамыздың ізін жалғаған ұрпағы Қоңқабаев Бисенбай ағамыз құқық қорғау саласында мінсіз 20 жыл қызмет атқарған зейнеткер. Жауапты салада ҚІІБ жауапты кезекшісі қызметінде болып, майор шенінде елге адал қызмет ете жүріп, өзінің ұлдарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмыспен күресу, мемлекет пәрменін орындау, халық пен биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, полиция қызметкерлерінің ең басты міндеті екенін әрдайым айтып өсірді. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік жүгі ауыр салада еңбек ететін құқық қорғау саласының қызметкерлері уақытпен санаспайтынын ескере отырып, өзінің екі ұлы Асқар мен Қамшыбекті осы салаға бейімдеді.

Үлкен ұлы Асқар Қоңқабаев 10 жастан бастап бокс спортымен айналысады. Ол мектептегі жасында бокстан 6 алтын медаль иегері атанған. Қоңқабаев Асқар орта техникалық білім алғаннан кейін, Қазақстан Республикасы арнайы күштер жасағына борышын атқаруға шақырылады. Қазіргі таңда Асқар жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың полицейі. Әрине, әкесінің ізбасары қарапайым және тәрбиелі болғандықтан өзін батыр деп санамайды. «Біз өз жұмысымызды атқарамыз» дейді Асқар. Асқардың тағы бір атап өтер жетістігі «Бокстан және жекпе-жектен спорт шебері» атағына ие. Қызметте сауатты, адал, мінезі салмақты Асқар қазіргі таңда өзінің тікелей міндеттерімен қатар, соңынан ерген жас қызметкерлерге жинаған тәжірибесімен бөлісуде. Асқардың жұбайы Маржан екеуі тату-тәтті отбасында бір ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған ата-ана. «Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табысу, сыпайы болуы да аса маңызды. Үйде ұл-қызыма, жұмыста әріптестеріме білген кеңесіммен әрдайым бөлісіп отырамын»-дейді Асқар. Полицейлер отбасының діттеген мақсат-міндеті де осы болмақ.

Сыр елінің мақтанышына айналған Қамшыбек ағасы Асқардың артынан ерген інісі. Қамшыбекті алғаш рет спорт мектебінің бокс секциясына әкеліп, оның әлем чемпионы атағын алуына бірден-бір себепкер болған да осы Асқар еді. Жастайынан соңынан ерген інісіне қамқор болып, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен кәсіби деңгейде шұғылдануына ат салысты.

Полиция лейтенанты Қамшыбек Қонқабаев Қызылорда қалалық Полиция басқармасының аға лейтенанты, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионы, Болгарияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, ҚР Спартакиада чемпионы, Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атағына ие. Сонымен қатар, Қамшыбек бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны.  

Қызылорда қалалық

Полиция басқармасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: