Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамды тек өлгенде ғана жақсы көрмейікші…

20.03.2020, 15:37 680

Оқшау  ой

Құшағымыз қатты, қысып тұрып өлтіріп аламыз! Әдейі емес, аңғармай! Арқадан қағып, алақанмен аялап, басынан сипап отырып тіліміздің бізін оңдырмай сұғамыз, аузымызбен оңай жазалаймыз. Кеше Мұхтарды джиппен шықты деп кінәлады біреулер. Осылай сөз етерін білгенде мұқым Семейден бір жигули тауып алар еді ғой күтіп алғандар. Көз алдау немесе жұрттың көңілі үшін!!! Көліктің қат кезінде джип байлық саналған шығар, қазір иттің итақайының тақымын тұлпардың ер-тоқымы емес, шетелдің темір-терсегі қажап жүр. Қамап ұстасаң да табанын жерге тигізбей қымбат көлікке мінгізіп, қазағы алқалап ақ жол тілеп шығарып салды, ал қайтесің деген ойға қалғам кеше. Сөйтсем…
11 жыл отырғанда мынауың қазақша білмейді ғой дегенді жазыпты біреулер. Өздерінің есім-сойынан і, ө деген әріптерді таппаған соң: «Шайнапсың!» – дедім. Өзің диуанасың кімге пір болмақсың?
«Қара халықты менсінбей олигарх достарымен отыр»,- деп шықты тағы бірі. Әншейінде уағыз айтады, мешіттен шықпағанды керемет көреді, жұма намазға баруды, намаз оқуды сәнге айналдырған көбі… Сөйте тұрып… Әй, сен сол достарының не істеп не қойғанын қайдан білесің? Мұсылманшылығың қайда қалды? Әрбірден соң бізде бәрі митингіге шығумен өлшене ме? Олардың белсенділердің арасынан, сот күндерінде табылмағанына ренжігені ғой, түсінем. Бірақ… Достары да қарап жатпаған шығар 11 жыл бойы. Соған сенем, болды. Ал ақиқаты – Мұхтар соты, біреулер жаратпай қалған Жәкішев Алтайдан Атырауға дейінгі қазақты біріктіре алды! Сен ше, солай бәрін біртұтас етіп, өзіңді сыйлата аласың ба?
… Адамды тек өлгенде ғана жақсы көрмейікші.

***


Балам жұмысына барып жүр. Бір емес, үш адамның жұмысын істеуге мәжбүр қазір. Солай! Ал мен қу жанымды шүберекке түйіп оның тек аман жүруін тілеймін! Күні-түні! Мен құдай емеспін. Өз баламның амандығын тілей отырып өзге қазақтың, әр қазақтың баласының ауырмауын сұраймын Жаратқаннан! Менің шешем балаларына қайнамаған су бермеген адам болған. Әппақ марлямен шәугімін, қасындағы шыныаяғын жауып қояды екен. Сырттан жүгіріп кеп су сұрағанда суық су ішкізбей мәпелепті үш баласын. Ұмытпасам, 5 класс оқып жүргенде алақандай ауылдың балалары жаппай сары аурумен ауырды. Мектеп карантинге жабылған сонда. Мұғалімдер бөлмесіне жиналған ұстаздар: «Кенженің үш баласы өліп қалатын болды-ау»,- деп уайымдаған екен. Тым «залалсыздандырып» өсірілген үшеуміздің мұғалім анамыздың әріптестерінің алаңдағаны ғой. Ауылды былай қойғанда екі жақтағы көршінің үйіндегілерді де сары ауру айналып өтпеді. Ол уақта шарбақ болмаған, кілт көмір қорадағы шелектің астында тұра беретін (тілдей қағазға соны жазып, есікке қыстырып кетіп жүре беретін аңғал таза кезім-ай…). Біз аман қалдық. «Шешелерінің аруағы ғой қорғаған» дегенді естіген едім алғаш сонда. Содан бері сенем! Алла жар болып, аруақ жебейтініне. Мен алланы жек көріп өсіп жақсы көре алған жанмын! Шешемдей тазайым емеспін, бірақ лас нәрсені жаратпаймын.
…Аман болайықшы. Қазақты құдай қолдап, аруақ жебесін! Шөкімдей-ақпыз ғой.

Айгүл  Болатханқызы,

фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: