Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«АБАЙ ОБЛЫСЫН» құру туралы ҰСЫНЫС!

11.06.2020, 10:30 640

ҚР  Президенті  Қ.К.Тоқаевтың

ҚР  Парламенті  депутаттарының  назарына!

Семей өңірі – киелі жер. Бергі тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың көп зиялылары – Алаштың астанасы Семейдің тумасы немесе сол аймақтан білім алып шыққандар. Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Қ.Нұрмұхамедұлы, А.Дүйсебаев, Б.Сәрсенов, А.Барлыбаев, Т.Жарқынбаев, И.Әлімбеков, Қ.Мұздыбаев, М.Тұрғанбаев, С.Мұстафин, М.Малдыбаев сынды көрнекті қоғам қайраткерлері білімдерінің бастауын Семейден­  алған.

Олардың алдында әлемге әйгілі Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Шәкәрім тағы басқал­ар оқыған, өскен жер. Кейін Кеңес заманын­да, егемендік алғаннан соң да мемле­кет­, қоғам қайраткерлері, айтулы тұлғалар шыққан­ киелі жер. Бұл жерді жалпы Қазақ елінің саяси-әлеуметтік идеологиясының негізі бастау алған, ұлттық иммуниетті қалыптас­тырған аймақ десем, артық айтпағандық болар. 1903 жылы Ресей патшалығының үкімімен Семей­ колледжі алғаш рет құрылып, сонда Ә.Сәтбаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.Сәт­баев­, Ә.Марғұлан, М.Бөжеев, І.Айтықов атты алыптар да өмірге жолдама алып, Қазақстанның атын  әлемге  шығарды.

Бір Абайдың өзі екі ғасыр бұрын батысты да, шығысты да зерделеп, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап Қазақ елін өрге жетеледі. Абай – тума талант, данышпан, хакім, гений, қазақтың идеалы. Ол әлем өркениетінің ғұламаларынан көп ілім-білім жиған, сол білімімен адамзат биігіндегі өз ойларын қорытып шығарды. Абай – адамзаттың  рухани  сардары! Абай – ой мен сөз бостандығының символына айналды. Ахмет Байтұрсынов  айтқандай:  «Абайды  қазақ  баласы­  тегіс  танып, тегіс  білуі  керек». Бір  сөз­бен айтсам, Абайдың  толық  адам  ілімінің  жол  картасын  жасап, біздің  рухани  Конституциямыз ретінде­  халықты  оқыту  керек.

Осы орайда, биыл туғанына 175 жыл атап өтілгелі отырған әлемдік деңгейдегі тұлғаға неге бір облыстың атын беруге болмайды деген сұрақ көптің көкейінде тұр. Жамбыл облысы бар. Түркістан облысы ашылды. Талдықорғанға облыс­ мәртебесі қайта берілді. Бір кездерде құлдырап кеткен облыс, әсіресе Талдықорған қаласы қазір қарасақ, сәулетіне көз толады, дамып­  келеді.

Экономикалық жағынан алсақ, Семей өңірінің өндірістік әлеуеті жоғары, халық саны 1,4 миллионнан асады. Абай, Аягөз, Жарма, Зайсан, Тарбағатай, Қатонқарағай, Үржар және т.б. аудандарында халық тығыз орналасқан. Семей қаласында 322 мың, Өскеменде 340 мың адам тұрады. Тамылжыған табиғаты таңғаларлықтай, оның ішіндегі Зайсан көлі, Бесқарағайдың үлкен ормандары, Тарбағатай таулары мен Қатонқарағайдың көркем табиғаты, Алматы облысымен шекаралас Алакөл болашақта үлкен туристік потенциалы бар жерлер болып табылады. Қазақстанның Швейцариясы да осы жер деп айтуға болады. Ертең шетелге ақша шашатындар мен көп шетелдік туристер асығатын әсем демалыс орындарына айналатындай жағда­йы бар өңір. Мысалы, Алакөлдің табиғи емдік қасиеті ТМД елдерінде танымал, сол себепті­ онда келетін туристер де көп. Бұдан басқа­, өңірде түрлі-түсті металдарының, графит пен алтынның қайнар көздері бар. Облыста Ертіс өзені мен оның салалары суының өнер­кәсіп пен халықты сумен қамтамасыз етуде­ үлкен маңызы бар. Бұл өңір Қазақстанның ең ірі индустриялды-аграрлық аймағы саналады. Мұнда металл өндіру, машина жасау құры­лысынан бастап, ауыл шаруашылығына дейін жақсы дамыған өңір болып табылады. Бұл – түбі бай өңір, келешекте тұнып тұрған табиғатымен Қазақстанды сыртқа танытатын өлке.

Түркістан мен Семей қазақ қоғамын ізгілендіретін рухани орталықтар болуы керек. Ескі Семейде «Көпестер қалашығын» жасау қажет. Қазақтың жақсы-жайсаңдары жиналатын «Абай зиялылары» орталығы ашылса, киелі жердің қасиеті аспандар еді! Түркістан мен Семейді жаңғыртып, рухани орталы­қ ету арқылы Қазақ халқының санасы өзгеріп, тереңде жатқан рухани-мәдени, тарихи құндылықтарымыздан күш алып, батыстың да, шығыстың да ықпалынан кетіп, қазіргі аласапыран жаһанданудан ұлттық тінін сақтап қалар ма еді?! Қазақстан жаңа өз даму жолын табар еді! Қазақтың өткенге есесі көп кеткен ел. Мүмкін, бізге тағдыр өтпелі кезеңде осындай мүмкіндікті беріп тұрған шығар!.. Бұл жолы қапы қалсақ, ешкімге де өкпелей  алмаймыз…

Бұл өңірдің халқы Семей полигонынан қанша зардап шекті. 1949-1991 жж. Семей ядролық полигонында 470 сынақ ядролық жарылыс жасалды. Оның салдарынан қанша адам қайтыс болғаны белгісіз. Тек сәулелік зақым (облучение) алған­дардың саны жарты млн адамнан асқан. 2 млн гектар­ ауылшаруашылық жері радиоактивті умен ластанған. Арал, Семей аймақтары экологиялық апатты өңірлер деп есептеліп, бір уақыттарда біз Жоғары Кеңес депутаттары заң қабылдаған бола­тынбыз­. Оның да аяғы суға кетіп, Жоғарғы кеңес қайта-қайта таратылып ақыры ескерусіз қалды. Зардабы ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Ендігі сайланатын, егер демократиялық сайлау болса, депутаттар бұл тағдырлы мәселені қайта көтеріп, екі өңірдің халқына қомақты жәрдем бөлу керек.

Жалпы бұл өңірдің қазақ халқына бергенін, зардап­ шеккенін таразыға салсақ, біз Семейге қарыздармыз деп есептеймін. Оның үстіне қитұрқы саясатпен Семей облысын жауып тастағаны – нағыз­ әділетсіздік. Осындайда жоңғарларды жеңген қазақтың, ұлан-ғайыр жерлерімізді жаудан сақтап қалған қара орман халқымыздың дәрменсіздігіне ішің ашиды, жүрегің сыздайды.

Ал енді Абай облысының орталығы Семейде ме, жоқ әлде Өскеменде бола ма, оны облыстың тұр­ғылықты халқынан сұрау керек. Керек болса, референ­дум жасап, шешуге болады. Маған салса, әрине, киелі жер «Семей!».

Кейбіреулер айтуы мүмкін, қазір дағдарыс уақытында бұл іс-шараларға көп қаржы кетеді, кейінг­е қалдырайық деп. Мен ойлаймын, мұндай ізгілікті қадамды дәл қазір, ақынның мерейтойы тұсында жасауымыз қажет. Жалпы 30 жыл бойы қалыптасқан «ыңғайлы көпшіліктің» қасаң тартқан­ санасын өзгертетін уақыт келді. Қазір қазаққа жетпей­ тұрғаны – рух! Ал Абайдың атын шығару қазақтың рухын көтереді! Абайдың көрегенділігі мен Шәкәрімнің шындығын, Шоқанның ғылымдағы ерлігін бағдаршамдай ұстану қажет. Абай атындағы халықаралық «Рухани даму қоры» құрылған­ын қалаймыз, бұған керек болса, бүкіл ел болып көмектеседі. Абайдың атының өзі-ақ облысты­  көтеріп  береді.

О.СӘБДЕН,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

Қазақстан ғалымдар одағының Президенті,

э.ғ.д., профессор, академик

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: