Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі бірқатар нысандарды аралады

30.03.2020, 10:45 409

Өткен аптада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы бірқатар нысандарды аралап, аймақта коронавирус ауруының алдын алу және күресу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Аймақ басшысы алдымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына барды. 3 қабатты ғимаратта орналасқан облыстық аурухана 1989 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінгі таңда емдеу орнында науқастарға арналған 185 төсек орны бар. Оның ішінде ересектерге – 142, балаларға 43 орын қарастырылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Әбдусаметов өңірде коронавирус індетінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Облыстағы емдеу, алдын-алу ұйымдарындағы медицина қызметкерлері арасында тиісті сала мамандарының қатысуымен коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша семинарлар өткізілді. Медицина қызметкерлері арасында талдаулар алу, күдіктілер мен науқастарды оқшаулау және оларға көмек көрсету бойынша нұсқаулықтар берілді. Сондай-ақ, «Қорқыт-Ата» әуежайында және барлық медицина ұйымдарында коронавирус инфекциясы күдігін анықтау үшін оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Аймақтың барлық емдеу мекемелері бірінші типтегі костюмдермен, қорғаныс құралдарымен, сонымен қатар қажетті дәрі-дәрмек қорымен толық жабдықталған», – деді Ж.Әбдусаметов

Коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі аймақтық штаб отырысының шешіміне сәйкес, денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен барлығы 100 провизорлық стационар ашылған. Оның 30 облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, 70 облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған туберкулезге қарсы санаториясында орналастырылды. Сонымен қатар, карантинге оқшаулау мақсатында облыс бойынша барлығы 850 төсек орын дайындалған.

Аймақ басшысы ауруханаларда төсек орындарын көбейтуді және коронавирус ауруының алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

«Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жариялады. Бұл жағдайда медицина қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артылады. Емдеу мекемелерінде төсек орнын көбейту қажет. Вирустың таралуын алдын алу және емдеу үшін күшейтілген режимде қызмет жасайтын боламыз», – деді облыс әкімі Гүлшара Наушақызы.

Мұнан соң Гүлшара Әбдіқалықова Ұлттық сараптама орталығына барды.

Облыс орталығында орналасқан ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Ұлттық сараптама орталығының филиалы қажетті құралдармен жабдықталған. Тест қондырғыларының саны – 800 дана. Қызметкерлер қорғаныш костюмдер, бетперде және қолғаптармен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдың 30 наурызында қосымша медициналық бұйымдар жеткізіледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Қызылорда облысында коронавирусты инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды үйлестіру мақсатында комиссия құрылып, коронавирусты инфекциямен ауырған немесе оған күдікті науқасты кіргізбеу және аурудың таралуын болдырмауға бағытталған індетке қарсы шаралардың кешенді жоспары бекітілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: