«Халық» газетіне – үздіктер қатарында!

  • USD: 421.91 (1.24)

  • EUR: 511.57 (0.58)

  • RUB: 5.59 (0.01)

Сөзді сүйектен өткізбес үшін не керек?

15.12.2020, 9:20 130 0

HALYQLINE.KZ

Шведтік IKEA компаниясын білмейтін пенде кем шығар?! Саудаға негізделген кәсібі бар компания әлеуметтік тәжірибелер жасауға дағдыланған. Бірде әлгі компания екі қауашақтағы гүлді алыпты да, біріне былапыт сөз, балағат әңгіме айтады да, екіншісін жапырағы мен тамырын жер мен көкке сыйғызбай мақтайды ғой. Күн өтеді, күн артынан күн зулап, апта өтеді. Құдірет-ай, құлақсыз болса да, әлгі өсімдіктің қолайсыз сөз естігені бойы өспей, қолапайсыздау күйге енеді. Жайлы әңгіменің аясында тұрған гүл жапырағын жайқалта түсіп, көріктеніп сала береді. Екі айдан соң, боқтық естігені мыжырайған күйі қалып, мақтау естігені ажарланып, алып гүлге айналады. Сөз деген құдірет бәріне әсер етеді ғой.

Тәуелсіздік алғалы біздің де естіп келе жатқанымыз жағымды әңгіме емес. Жириновский деген көксоққаннан бастап кешегі Никоновқа дейін неше мәрте естідік «Ресейдің Қазақстанға жерді «сыйға» берді» деген әңгімені. Біз де әбден үйрендік. Шуылдаймыз қоямыз. Кеңіген аямыз жоқ. Есесіне сананы үйретіп жатырмыз. Біз емес, олар біздің сананы үйретуде.

Психологияда сананы қалыптастыру деген бар. Қарапайым тілде құлақ үйрету. Мәселен, әу баста «ажырасып келіпті» деген әңгіме құлаққа түрпідей естілуші еді ғой. Жиі айтылғаны соншалық етіміз өліп кетті бұл сөзге. Педофилизмге де солай. Бірінші рет «Мектеп оқушысын зорлады» дегенде аза бойымыз қаза тұрды. Үркідік. Шошыдық. Қазір бұл жаңалыққа да ет үйренді. Ресейдің «тұлғаларының» жиі «Қазақстанның бес облысы – Ресейдің сыйы» деп айтуы арқылы етті үйретіп жатқандай. Әйтпесе, жылына бір-екі рет емес, бірнеше мәрте бұлай айтылуы нені аңғартады?

Өзімізден де бар енді. Елбасының бастамасымен «Оңтүстіктен солтүстікке көш» басталды. Сол көштен кері қайтып жатқандар көп. Себеп: баспана жайы, берілген уәделердің орындалмауы, жергілікті шенеуніктердің сападан гөрі санға мойын бұруы. Әйтпесе, солтүстіктегі қазақы азшылықты қалпына келтіруді көздейтін бағдарлама баянды еді. Мұнан бөлек, Солтүстіктегі Петропавл, Павлодар сынды қалалардың атауын өзгертпеу әлгі «құлақ үйретер әңгіменің» тууына да жақсы себепкер. Қазақ даласына Павл мен Петрден гөрі кіндік қаны тамып, еңбегі сіңген қанша асыл ер бар. Солардың атауын берсек, ешкім тілімізді не қолымызды қырықпас еді. Одан өзге, Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс жалғауы бар облыс атауларын да байырғы төл атымен атасақ ешкім өкпелемес еді. Аты қазақтың – заты қазақ болып қалады.

Бір жәндік бар тиін деген. Тұрқы шағын ғана мақұлық бізге шөлге шыдамдылығымен сипатталады. Әлгі жануардың тағы бір қызық мінезі, жайлы уақытта бір-бірін жау көреді. Кездесе кетсе, бір-бірін өлтіруге бар. Ал жайсыз жағдай, яғни қолайсыз жай болса, олардан тату жануар жоқ. Біздің де мінез тиінге сай. Қолайсыз жай ғана біріктіреді. Мәселен, Борат қазақтың Байрағын мазақ еткенде біріге кеттік. Бірлесе ұрандадық, бір ауыздан Боратты түтіп жедік. Ал оған дейін туды қорлағандар болмады емес, болды. Жыртылған туды да, қоқысқа жабын болған туды да көрдік. Бірақ бұл бізге қолайлы жағдайда болды. Божко «Қазақтың өзін маймылға, тілін маймылдың шүлдіріне» теңегенде аттандадық. Бізге сол сөзі қолайсыз болды. Ал қазақ өз қазағын сыбау күнделікті жүріп жатыр ғой. Шыны сол. Ресейдің бізді бақылап отырғаны анық. Қалай дегенмен көрші, тағдырлас дегенмен, оның өз мақсаты һәм мүддесі бар. Қалай дегенмен олар сыртқы күш. Біздің іштей қырқысып жатқанымызды аңғармайды, бақыламайды деймісіз?

Біз бөлшектеліп жүрміз әлі. «Кімің бар?» немесе «Кімнің атынан?» деген соқыр сана әлі де бар. Топ-топ боп бөлініп, топ-топ айтысып жүрміз. Жақ-жақ, жік-жік. Рушылдық деген кей төбедегі көкелеріміздің көзін тұмшалап алған. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деуші едік, руға бөлінгеннен жүрек жарылып, жікке бөлінгеннен ми шайқалуда. Алайда бізге жүрек жарылып немесе ми шайқалса да бөлініп жүрген ұнайды. Байқайсыз ба, әлем одаққа, конфедерация болуға ұмтылуда. Біздің қазақ жілік-жілік. Жіліктігімізді қалмақ та, жоңғар да, орыс та пайдаланды, жағамыздан алып, жағымызды көгертті емес пе? Солай бола тұра, отбасылық, рушылдық пайданы әлі ойлап жүрміз. «Отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойламайды» деп еді жүз жылдан әріде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Сол сыртқаттан әлі жазылмаппыз.

Болса да айтып бастадық, әріге кетейік енді, сіздің Отаныңыз қайсы? Төте сұрақ. Жаңылмас жауап – Қазақстан. Ал Ұлы Отан соғысы деген не әңгіме. Әлде қазақта екі отан болып па? Әлем ол соғысты Екінші дүниежүзілік соғыс дейді, біз әлі жүрміз «Ұлы Отан соғысы» деп. Жалпы, адамда екі әке, екі шеше деген болмайды. Балалар «Дәу мама», «дәу папа» деп жүретіні бар. Дәу папа-мамасы әкесінің ағасы мен жеңгесі. «Ұлы Отан» сөзінің өзі сондай ойға жетелейді. Рас сол соғыста қазақтың қанша ұлы мерт болды, қаншасы сол майданнан жаралы қайтты. Бірақ қазақ бірінші дүниежүзілік соғыста да шайқасты емес пе? Сол соғыста майданда болғандар ренжімесін, ол кезде қазақ бодан еді, қазір азат. Ол кезде Отан КСРО еді, қазіргі Отан – тәуелсіз Қазақстан. Келер ұрпақты Отаннан шатастырмай, Қазақстаннан бөлек Ұлы Отаны бар деп өсірмейік.

Жалпы, қазаққа ешкім жерді сыйға берген жоқ. Шаршы метр топырақ үшін қанша қазақтың қаны төгілді? Ата-бабаның қанымен келген жерде ешкімнің қақысы, әкесінің ақысы жоқ. Әркім жиі-жиі басынбас үшін, сананы құлдықтан ажырату қажет. Әр сөзге шамымыз шытынамас үшін, сөзбен шапылдасқаннан опа жоқ. Қарымды тірлік керек. Қарымды тірлік – қазақылану!

Дастанбек  САДЫҚ,

тәуелсіз  журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: