Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қажеттілігі жоқ адам өлген кісі-дағы…

20.10.2020, 8:55 670

HALYQLINE.KZ

«Ерекше қажеттілігі бар адам» деген сөз қайдан шықты? Адам қажеттіліксіз болушы ма еді? Қажеттілігі жоқ адам өлген кісі-дағы. Ал әр адамның қажеттілігі өзіне ерекше. Сөздің шығу төркіні орыстікі. «Человек с особыми потребностями» дегеннің тура аудармасы.

Ресми орындар «ерекше қажеттілігі бар адам» деп мүмкіндігі шектеулі жандарды айтады екен. Қызық, ә! Әдетте қазақтан асқан сөз айтқан ұлт жоқ көрінеді бізге. Солай ғой. Қазақ айтады «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді. Бұл мәтелді сөз жасамнан өткізіп, «Қызыл құйрықты, қу жануарды аяғы ұзын, аң аулауға қолайлы жеті қазынаның бірін қосып ұстап ал» десе, не оттап отырсың дейтініңіз тұр. Дәл солай. «Ерекше қажеттілігі бар адам» дегенге соны айтар адам табылмағаны ма? Бұл сөзді «гугле» әжеге салсаңыз, талай ресми құжат өріп шығады.

Біз өзі жаңалық ашуға емес, дайын тұрған жаңашылдыққа жанымыз жақын. Ғылым да солай, ілім де солай. Қай жылдары білім саласында шетелдік «ұлы ғалымдардың» еңбегін қолданып, қолданып демей-ақ қоялық, аударып тұрмысқа енгізгені соған дәлел. Алысқа шаппайықшы, соңғы уақытта локдаун, омбудсмен, тренд, харизма сынды сөздер қолданысқа етене еніп кетті. Интернетті өз тіліне аударған жалғыз түйір ел болса, сол біз, қазақ елі. Әлемнің 200-ден астам елі интернет десе, қазекем ғаламтор дейді. Қызық, ә! Ал қолданысқа карантин (шектеу немесе оқшаулану ғой мағынасы) кезінде локдаун деген шықты. Бір «дауннан» құтыла алмай жүргенде екінші «даун» пайда болды. Алдындв лок-ы бар. Ағылшын тілінен аударғанда «оқшаулауды қатаңдату» дегенді білдіреді. Ал біз алдық та қолдана қойдық. Газет біткен, сайт қостаған, теледидар шолу жасаған министр аузынан шыққан сөзді «қуаттай» жөнелді, жуан әрі үлкен әріппен жазғанын қайтерсің. Есесіне орыстың БАҚ-ы локдаунды аз қолданады екен. Оны да байқап көрсеңіз болады. «Харизма» жиі қолданылып кетті қазір. Харизмасы жоғары, пай-пай харизмасы мығым дейді қазіргілердің талайы. Харизма бір адамды бір адамнан ерекшелейтін қасиет қой. Қасиеті жоғары адам немесе қасиетті адам. Басты да, бас ішіндегі миды да қатырудың қажеті қанша? Бір қызық мысал, сөз арасына қыстыра кетейін, профессордан оқушысы сұрапты: «Жұртқа қалай білімді көрінуге болады», – деп. Сонда профессор: «Жұрт естімеген сөздерді айт, сені білімді деп ойласын», – деген екен. Сол сықылды, омбудсмен деген неге жиі сөз болуда. Ежелгі скандинавиялықтар әкелерімізден ақылды болып па? Омбудсмен – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын ешкімге бағынышты емес тұрғыда, тәуелсіз қадағалау және қорғау, сондай-ақ өз өкілеттігі шеңберінде бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырумен айналысатын адам. Уикипедия солай дейді. Қазақ тарихында омбудсмен болмады ма, болды. Тура да нақты аудармасы – «тура би» болмаса «әділ қазы».

«Әр нәрсені өз атымен атамай, сау адамды жынды қылу оп-оңай», – дей ме біртуар ақын. Қызық сұрақ болсын, өзінде бола тұра кісі қолындағыны қызық көретін, «ұлық» көретін біз кімбіз? Көрсеқызар ұлт емес шығармыз? Жаһандану дәуірінде тереземізді өзгемен теңеу үшін тіліміз шүлдір болуы шарт па? Онсыз да Пәленше Түгеншеивич, Түгенше Пәленшеивичтен құтыла алмай жүрміз отыз жыл бойы. Содан бізді кім «маймыл», тілімізді «маймылдың шүлдірі» демесін?!

Мына жайтты ескерген абзал, біз – күллі Еуропа бұтына жапырақ байлап, табанынан тозып жүргенде, шалбар киіп, атқа қонып, әлемнің жартысын билеген бабалардың ұрпағымыз. Сөзіміздің талайын әлем өзіне бұрмалап жатыр, мәселен «құзбасы – кузнец», «деньги – теңге», «қазына – казна, казначей». Осылай кете беруге болады. Қалай ойлайсыз? Біз шынында көшіріп басушымыз ба?

Дастанбек  САДЫҚ,

тәуелсіз  журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: