Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Платный» патриотизм

11.06.2020, 10:40 698

Иә, жүрген аяққа жөргем ілінеді. Жүре берсең, көре береді екенсің. Тіпті, неден бастарымды да білмеймін. «Платный» патриотизм дейін бе, жалған жанкештілік дейін бе? Жо-жоқ, тақырып театр туралы емес. Ондағылардың да әртістік шеберлігін он орайтындар жайлы. Олар да «шын шеберлігі» үшін ақы алады. Бірақ, ол адал ақша ма? Тап осы жағдайда «Қолыңнан келсе, сен де істе!» деу қаншалықты орынды?

Жалпы, мемлекет үлкен күшке ие. Әкім­шілік те солай. Халықпен жұмыс істеу – қиынның қиыны. Ақтап алғымыз келмейді, десе де әр адаммен соның «стилінде» сөйлеспесең болмайды. Әрқайсысымен хат алмасып отыруға ұзақ уақыт, жалынды жігер керек. Мұны неге айтып отырмыз? Кез келген жайтқа екі түрлі көзқарас қалыптастыруға болады. Даттағанды ақтап алуға, ақталғанды даттауға дегендей. Дәл осындай функция қосылған мекеме­лер  көп. Біз бұл жолы әкімшіліктің емес,  әлдекімдердің  қатесін  айтпақпыз.

Түсінікті етіп жазайық. Әкімдік өзіне керект­і адамдармен етене байланысып жұмыс істейді. Оның ішінде мақтайтын, жақтайтын, даттайтын, т.б. түрі бар. Мұндай адамдардың не үшін керегін жоғарыда айттық­. Мүмкін, өйтпесе де болмайтын шығар­. Ал, адамдар ойы басқа, сөзі басқа болуға­ қалайша көнеді екен? Сондай лас атмос­ферада қалай өмір сүреді екен? Осы сауал­ көпшілікті алаңдатады деп ойладық.

Шынын айту керек, «акиматтың» адвокаты болу да оңай емес сияқты. «Таз ашуын тырнаудан алады» дегендей, айлығы шайлығына жетпей отырғандар айналып кеп әкімшілікке тиісе береді, тиісе береді. Мұн­дай кезде өз қаласының (ұйым, мекеме, т.б.) патриоттары көмекке келеді. Бас жоқ, көз жоқ «басшылығына» болысады. Бүгінде түйткілдердің түйінін тарқатуда әлеуметтік желінің ықпалы жоғары болып тұр. Сондық­тан, кез келген мекемеде қойылған сансыз сауал мен жазылған сынға жауап беруг­е  білек  сыбана кірісетін кісілер өте көп болуы  мүмкін.

Белгілі бір мекеменің оң имиджін қалыптастыру үшін «жұмысқа тұрған» адамның миында қарама-қайшылық, қарсылық пайда­ болады. Шын мәнінде бір тұлғаның қызметке барғанын құп көреді, бірақ амалсыздан өзінің ми талшықтарына қарсы келіп, «ол бұл орынға лайық емес» деген сарын­дағы материалды жазады. Солай. Өз-өзіңе қарсы шығасың. Сол жердегі жүйеге «еніп» кетесің. «Жұмыс берушіге» еш қарсы­лық танытпайсың, айдағанға көнесің, жетек­тегенге ересің. Сонда сен кім болдың?

Негізінде патриотизм – өте жақсы ұғым. Шын мәнінде жаны ашитын, қамқор жан қай жерді болмасын дамытады, өркендетеді. Елдің қарғысын емес, алғысын алады. Ал, бізде кейбір адамдар сайқал саясаттың құрығына түсіп қала береді. «Жалдап алған солдаттар майданда ешқашан жанын салып соғыспайды» деген Бауыржан Момышұлы не деген дана кісі еді? Ал, біздің билік…

Бәрін айт та, бірін айт. «Сананы тұрмыс билейді» дегенді ойға алсақ, мұндай «жұмыс­қа» ұсыныс түссе, мен де оң қолыммен басымды бір қасып алып, баратын секілдімін… Қайтсем екен, ә!?

Сіз ше, барар ма едіңіз?

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: