Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмабек Табынбаев – «Қазалы ауданының Құрметті азаматы»

28.12.2020, 10:20 1224

HALYQLINE.KZ

Қай газет редакциясы болмасын, шығармашылық тобының қатарында меншікті тілшілерімен де ұстыны биік. Салмақтың бір жағын көтеріп жүретін сондай жандардың бірі – «Халық» газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі Жұмабек Табынбаев. Дәл осы қызметті облыстық «Сыр бойы» газетінде қатар алып жүр. Қарапайым еңбек адамы болудан басталған өмір жолы журналистика саласымен өріліп, бүгінде әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси кеңістікте қолтаңбасы бар ағамыз – өзіндік бітім-болмысы қалыптасқан азамат.

Биыл Жұмабек Айдарбекұлы үшін айдарынан жел ескен жыл болды. Өткенде ғана Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, қарымды қаламгер Қазалы ауданында өткен «Алтын дән – 2020» салтанатты шарасында «Дала еңбеккерлері туралы және сала жаңалықтары мен тың бастамаларын бұқараға кәсіби тұрғыда жеткізуде айрықша қосқан үлесі үшін» аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолынан «Озат газет тілшісі» номинациясын иеленген болатын.

Енді міне, жылдар тоғысында тағы да жағымды жаңалық жетті. Бар мен жоқтың, адалдық пен арамдықтың аражігін ажырата алатын, қаламын қару, қағазды қалқан етіп, талай мәселенің мән-жайын оқырманға ашық жеткізіп жүрген, айтар ойы, салмақты сөзі бар Жұмабек Табынбаев «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Біз де әріптесімізді мерейлі сәтімен құттықтай отырып, денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: