Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жастарымызды қазақ тіліне қызықтыратындай контент керек»

25.09.2020, 17:00 436

HALYQLINE.KZ Кей мемлекеттік қызметші «қараны – қара, ақты – ақ» деп қазақ тілінде түсіндіріп те бере алмайды. Бұл туралы «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» атты онлайн-конференциясында Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских айтты.

«Бүгінгі таңда жастарға қатысты сапалы әрі қызықты контент қалыптастыру қажет. Яғни, жастарымызды қазақ тіліне қызықтыратындай контент керек. Өйткені, өскелең ұрпақ қазақ тілінде сөйлеу үшін осы бағыттарға нақты мән бергеніміз жөн. Сонымен қатар шетелден келетін кинотуындыларға қазақ тілінде дубляж жасалуы тиіс. «Болашақ» қауымдастығы көптеген кинотуындыны қазақ тіліне аударғанын білеміз. Олардың біраз жобаларының тұсаукесеріне барып, Голливуд актерлері қазақ тілінде сөйлеген кезде рухтанып қайтқан едік. Меніңше, осы дубляж мәселесін Мәдениет министрлігімен бірлесіп шешсек, абзал болар еді», – деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, ол кинотеатрлар қазақ тіліне дубляждалған фильмдерді, қазақ режиссерлері түсірген фильмдерді прайм-тайм уақытында көрсетуі тиістігін баса айтты. Мұнан бөлек депутат мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктердің де бар екендігін айрықша атап өтті.

«Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте немесе өңірлерге барғанда кейбір мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде сөйлеген кезде «ақсап» жатады. Тіпті, «қараны – қара, ақты – ақ» деп қазақ тілінде түсіндіріп те бере алмайды. Бұл, халық арасында теріс көзқарас қалыптастырады. Меніңше, осыған да мән беруіміз керек. Мәселен, «Таңшолпан» бағдарламасының тілшілері еліміздегі бір министрлікке хабарласып, қазақ тілінде спикер сұраса мемлекеттік тілде сөйлеп бере алатын спикерлерінің жоқ екендігін айтыпты. Осындай үлкен министрлікте қазақша түсіндіріп бере алатын маманның жоқтығына таңғаламын», – деді Геннадий Шиповских.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: