Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұн бағасы неге қымбаттады?

07.01.2021, 12:00 2026

Нарық сөресіндегі азық-түлік бағасы күн санап қымбаттап жатыр. Пандемия басталғалы ырыққа көнбей тұрған сауда-саттық саласы талайдың сақалын күзегені айтпаса да түсінікті. Алдымен халық ең көп тұтынатын ас майы мен макарон өнімдері, ұн мен сүт өнімдерінің бағасы шарықтады. Бір мәрте емес, бірнеше рет көтерілген баға қазір халықтың қалтасына қолайлы емес. Дүкендерде 50 килолық ұнның бағасы 8-10 мың теңге, макарон өнімдерінің екі килосы 800-900 теңге, шемішке майдың литрі 700 теңге, жұмыртқаның данасы 48-55 теңге аралығында сатылып жатыр. Азық-түлік және оған қажетті шикізат өнімдерінің қымбаттауына не себеп?

Жалпы, 2020 жылы әлем бойынша астық бағасы 20 пайызға қымбаттаған. Дүниежүзі бойынша өндірілген 758 миллион тонна астықтың 3 млн тоннасы Қазақстанға тиесілі.  2019 жылғыдан едәуір аз. Естеріңізде болса, астық жинау науқаны кезінде ел үкіметі 18 млн тоннадай  тарта  астық жиналатынын, жаңа  өнімнің  7,5-8 млн тоннасы экспортқа шығарылатынын айтқан еді.  ҚР Ұлттық Статистика комитетінің мәліметіне зер салсақ, еліміздің одақ елдерімен өзара саудасы 2020 жылы 21 млн доллардан асқан. Оның 6,4 млн доллардан астамы – экспорт,  15 млн доллардан астамы – импорт үлесінде. Сондай-ақ, сервистік қолдаудың жаңа бағытын қолдану үшін Орталық Азия, Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері елдерінен сауда өкілдіктерін ашып, 2021 жылы экспорттық пайда өсімі 725  млрд  теңгені  құрайды  деген жоспар  тағы  бар. Еліміздің  2020 жылға дейінгі Ұлттық экспорттық стратегиясы шеңберінде шикізаттық емес сыртқы тауар тасымалын 1,6 есеге, яғни 15 млрд АҚШ долларына жеткізу мақсаты қойылған. Еліміздің Еуразиялық одаққа мүше болуы отандық салалардың инвесторлар үшін тартымдылығын айқындай  түседі. Олар біздің елден өндіріс орындарын аша отырып, өз өнімдерін одақ елдерінің нарықтарына сату мүмкіндігіне толықтай ие. Дегенмен, 2020 жылы экспорт көлемі 5-10 пайызға төмендеген. Оған өнімді сыртқа шығаруға уақытша тыйым салу себеп болды. Өйткені ішкі нарықты қамтамасыз ету мәселесі алдыңғы орынға шыққан-тын. Сонда да астықтың құны  бағаның  бағамын  төмен түсіре  алмады. Баға  бетімен  кетсе не  болады?

– 2021 жылы да астықтың құны өсе береді. Яғни, ұн да қымбаттайды. Ішкі нарықтағы жағдайды реттеу үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» нақты жұмыс істеуі қажет. Аз қамтылған отбасыларды  қолдау  үшін әлеуметтік  карталарды  іске қосу керек, – дейді  Қазақстан  астық өңдеушілері  одағының  президенті Евгений  Ган.

Солай. Демек, ұн бағасы жақын-жуықта арзандамайды. Сондықтан өзге де азық-түліктің құны жоғарылауы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде 7 пайызға қымбаттап отыр. БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы дәнді дақылдар халықаралық нарықта да қымбаттайтынын болжап отыр. 2021 жылдың соңында әлемдегі дақылдар қоры 895 млн тоннаға жетеді деген болжамның қаншалықты рас екенін уақыт көрсетеді. Белгілісі сол, әлемде азық-түлік тауарлары соңғы алты жылда болмаған деңгейге бір-ақ жеткен. Мәселен, аталмыш ұйым қолайсыз ауа райы салдарынан Еуропалық Одақта, Ресей Федерациясында және Тайландта дақылдардың аз болғанын айтады. Ал біздегі азық-түлік, тұтынушылық тауарлардың дені импорттық жолмен әкелінетінін ескерсек, бағаны тұрақтандыру әзірге мүмкін еместігін айқындап тұр.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: