Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорданың бір жақсысы мен бір жаманы…

30.11.2020, 17:00 1102

HALYQLINE.KZ

Қазақтың Қадырының «Бірдей екен жақсысы жаманымен» атты өлең жолдарындай қаланың кіреберісіндегі екі ғимарат жөнінде екі ауыз сөз.

Бірінші суретте: қалаға Сырдария өзенінің үстінен өтіп кіріп келе жатқанда Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы ондаған жылдар бойы жартылай бітпей тұрған құрылыстың көз тоятындай қазіргі көрінісі.

Екінші суретте: қалаға Жалағаш жақтан келе жатқан ауданаралық жол бойындағы заманында қала құраушы кәсіпорынның бірі болған целлюлоза картон заводының (ЦКЗ) қаңқасы. Бұл енді адам өміріне қауіпті әрі қаланың эстетикалық келбетін бұзып тұр десем, жаңалық ашқандай болмайтын шығармын. Меншік иесін тезге салатын заң солқылдақ па, әлде құнт жоқ па деп атқарушы билікті сыпайы «сыбап» алсам да болатын шығар.

Жалпы кез келген елді мекен туралы бірінші әсер «театрдың киім ілгіші» секілді кіреберісінен пайда болып, аралағасын толыққанды пікір қалыптасады. Соңғы жылдардағы қаладағы көптеген оң өзгерістерге көзіміз үйреніп те кетті. Қызылорданы жолдары түзу, көшелері жарық, таза қала, қала безендіруде ұлттық орнаменттері басым қала деп айтсам, көпшілік келісетін шығар. Оқушылар үйден оқып жатқасын маңызын түсінбей жатқан шығармыз, әйтпесе биылғы жыл қалада тротуар жылы болды-ау осы. Бұл енді жалпы жергілікті атқарушы биліктің, оның ішінде қала басшылығының ерен еңбегі деп білемін, бұл ретте кезінде әкемнің ризашылығының ең жоғарғы деңгейі ретінде айтылатын алғыс, Нұрлыбек Машбекұлының «атасына рақмет».

Сөз соңында, қазақтың табиғатын әр қырынан ашып көрсеткен Қадыр Мырза Әлінің өлеңін оқи отырыңыздар.

Бабалардың шоқ басқан табанымен

Бірдей екен жақсысы жаманымен.

Бір жаманы – тынымсыз көше берген,

Бір жақсысы – қимаған даланы кең.

Бір жаманы – жел сөзге ерген екен,

Бір жақсысы – тілге ерік берген екен.

Бір жаманы – кетпенге орашолақ

Бір жақсысы – найзагер, мерген екен.

Бір жаманы – кешігіп әліппе ашқан,

Бір жақсысы – күйлері көбік шашқан.

Бір жаманы – қыздарын малға сатқан,

Бір жақсысы – сүйгенін алып қашқан.

Бір жаманы – шаруасын маңдытпаған,

Бір жақсысы – қулықпен жанды ұтпаған.

Бір жаманы – үйленіп жеңгесіне,

Бір жақсысы – жесірін қаңғытпаған.

Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,

Бірге тоңып суықта, бір мұздаған.

Бір жаманы – сонда да үй салмаған,

Бір жақсысы – абақты тұрғызбаған…

Сәбит  КӨШЕРБАЕВ,

қоғам  белсендісі.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: