Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құс тұмауы тағы бірнеше облысқа тарады

22.09.2020, 8:55 505

Қазақстанның бес облысында құстардың қырылуы тіркелген: үш облыста құс тұмауы екені расталған, қалған екі облыста зерттеу жүріп жатыр.

Бұл туралы дүйсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтылды, деп хабарлайды centralasian.org

«Қазіргі кезде бес облыс 26 аудандағы 47 елді мекенде құстардың қырылуы тіркелді. Жеке үй-жайларда 12 926 құс өлген, Солтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасында 41 мыңнан астам құс қырылған» деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.

Оның сөзіне қарағанда, жоғарыда аталған бес облысқа Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстары кіреді. Соңғы аталған екі аймақта зертхана жұмыстары жүріп жатыр.

Бірнеше күн бұрын Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі Солтүстік Қазақстан облысында (СҚО) «жоғары патогенді құс тұмауы тарағанын», соған байланысты тұмаумен күрес шаралары басталғанын хабарлаған еді. Министрліктің мәліметінше, тамыз айының басынан бері Ресейдің Қазақстанға жақын аумақтарынан құс өнімдері мен тірі құстарды елге әкелуге тыйым салынған. Дәл осыған ұқсас шектеу аталған бес облысқа да қойылған.

Тұмаудан өлген үй құстарының иелеріне билік өтемақы төлеуге уәде берген.

Ресми ақпарат бойынша, 4,7 млн құсқа вакцина егу үшін 1,4 млн доза бөлінген. Алдағы уақытта тағы 3,5 млн құсты егуге мүмкіндік беретін 1 млн доза түспек. Құс тұмауы басталмай тұрып 11,8 млн құс егілген.

Министрлік өлген құстар жойылатынын, залалсыздандыру жұмысы күшейетінін айтып отыр.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, адамдар арасында құс тұмауы тіркелмеген. Құстарға жақын жүрген 400 адам медициналық бақылауға алынған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: