«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 423.87 (0)

  • EUR: 505.25 (0)

  • RUB: 5.59 (0)

Қазаққа крематорий керек пе?

15.10.2020, 12:00 190 0

Нұр-Сұлтанда өлген адамның мәйітін өртейтін крематорий салынатыны жөнінде бұған дейін де жазған едік (қараңыз: «Исламға жат әрекет қой», 12 қыркүйек, 2020 жыл, «Astana aqshamy»). Әрине, бүкіл әлемді тарының бір қауызына сыйғызған індет кезінде мұндай шешімді қабылдамас бұрын халықтың, қоғамның ой-пікірі ескерілуі тиіс еді. Өйткен себебі, елорда тұрғындарының, тіпті қазақстандықтардың басым бөлігі мұндай шешімді қолдамайтыны анық. Сол себептен, мезгіл мәселесіне шағын журналистік зерттеу жүргізіп, қоғамның ойына, әлемдік діндердің ұстанымына тағы бір үңілуді жөн көрдік.

КРЕМАТОРИЙДІҢ   КЕРЕГІ   ЖОҚ

Нұр-Сұлтан қаласында 10-ға жуық зират бар. Адам жерлеумен айналысатын ірілі-ұсақты­  компаниялар, жеке ұйымдар көп. Солардың ішіндегі ең ірісі – Астрахань тасжолының бойын­да орналасқан (Атбасар көшесі, 2 б үй) «Ритуал Элит» компаниясының кеңсе-дүкенін іздеп шықтым. Алдын ала хабарласып алған едім, мекеменің басшысы Людмила Кучерова жылышыраймен қарсы алды. Бір қуанғаным, компания директоры елордада крематорий салу­ға қатысты бүкпесіз ой-пікірін айтып, мәселенің мәнісін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

«Елордада крематорий салу туралы шешім қабылданғанын естігенде сенер-сенбесімді біл­медім. Қазақстан – мұсылман мемлекеті, мұны бәріміз білеміз. Ендеше, крематорийдің керегі не? Ол біздің салт-дәстүрімізге, дінімізге кере­ғар­ емес пе? – дейді Людмила Юрьевна. – Айтпақшы, жобаның мақсаты – елордадағы зираттардың аумағын азайту деп жазылыпты. Осыдан екі жыл бұрын, бас қаладағы ауданы 760 гектар жаңа қалалық қорым пайдалануға берілді. Аумағы апшаптырым, жан-жағы қоршалған жер бос жатыр. Яғни, оған да көп қаражат бөлін­ді. Нұр-Сұлтан қаласының халқының басым бөлігін  мұсылмандар құрайды. Демек, крематорийдің  түкке де керегі жоқ!».

Әңгімесін тыңдап отырып, компания басшысына төтеннен сауалдар қойдым.

– Сіздерге мәйітті өртеуге тапсырыс берушілер көп пе? Ол діни жоралғының құны қаншаға түседі?

– Бұл – біздің қызметімізді тұтынушылардың 0,2 пайызы. Мәселен, биыл мәйітті өртеуге  4  өтініш  түсті. Оларды түгел Ресейдің Новосібір қаласындағы крематорийге апардық. Өлген адамның денесін өртеуге христиан дінінің өкілдері өтініш білдіреді. Бұл рәсімнің құны – 500 000 теңге. Карантин кезінде шекара жабылған­дықтан, ондай өтініштерді жүзеге асыра алмаймыз. Новосібірдегі крематорийде болып, мәйітті қалай өртейтінін көзіммен көрдім. Ешқандай да жағымды әсер алмадым. Өртегеннен кейін қалған күлді құтыға жинайды. Біреу күлді ашық жерде сақтаса, екінші біреу көміп тастайды. Күл сақтайтын парк салып қойыпт­ы. Байқағанымдай, Ресейде өлген адамды­ жерлейтін ыңғайлы жер табу өте қиын. Ал қазақтың даласы кең емес пе? 

– Людмила Юрьевна, елордада қазір қанша қорым бар?

– Ұзын-саны 10-ға жетеді. «Қалалық зират», «Қырқыншы», «Учхоз», «Қоянды», «Софиевка» деп  тізбектеле  береді.

– Биыл індет күшейген маусым-шілде айларында елордада бір күнде 30 адамның жерленгені рас па?

– Иә, рас. Ол кезде бір күнде кем дегенде 30-35 адам жерленді. Біз індетке шалдыққандарды жерлеген жоқпыз. Өйткені, өлген адамдарды жерлеуге қатысты өтініштерді қабылдап, мәйіттерді қалалық қорымға жөнелтеміз. Ескі және жаңа қорымда індеттен қайтыс болған адамдарды жерлеумен айналысқан арнайы бригада­ болды. Көп адамдардың өкпесі қабынып, көз жұмғанын білеміз. Ал қазір жағдай тұрақталды. Өмір болған соң, күніне 1-2 адам қайтыс болады. Кей күндері ондай оқиға болмайды. Әрине, біз өз қызметімізге жүгінген жандарға  көмектесеміз.

Әңгімеміз осы жерде аяқталып, Людмила Юрьевна кеңсе-дүкеніне келген адамдарды қарсы алуға орнынан тұрды.

ҚАЙ  ДІННІҢ  САЛТЫНДА  МӘЙІТТІ  ӨРТЕЙДІ?

Православ шіркеуі мәйітті өртеуді қоштамайды, бірақ ерекше айыптамайды. Патриарх Алексийдің өзі мұндай діни рәсім православ канон­дарына қайшы келмейтінін айтқан. Содан­ шығар, ресейлік крематорийлерде өлген адамның күнәсін жеңілдету үшін ән айтылады. Иуда діні мәйітті өртеуге тыйым салады, яғни адамның жаны өртелгенде қатты азапталады деп саналады. Үндістанда мәйітті жағу – көнеден келе жатқан салт. Үнділер ағаштан жасалған­ пирамидаға от жағып, оған хош иісті сандал ағашының майын тамызады. Мәйітті өртейтін кезде дұға оқып, Жаратқаннан марқұмның жаны­н тезірек қабылдауды сұрайды. Отқа жанбаған­ сүйектерді жинап, Ганг өзеніне лақтырады.

Будда дінінде мәйітті өртеу – адамды  о  дү­ние­ге аттандырудың жалғыз жолы, қалыптас­қан дәстүр. Мысалы, Жапонияда өлген адамдардың 98 пайызын өртейді. Буддизмнің дәстүрі бойынша кремация алдында адамның тістерін жұлады. Будданың тісі – осы діндегі жалғыз релик­вия. Жапондық дүниетанымға сәйкес, кез келген адам – болмай қалған Будда құдайы. Сол себептен, әр адамның тісі болашақ Будданың тісі болуы­ мүмкін деген түсінік бар.

Жапониядан бөлек, қазіргі кезде мәйітті өртеу Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде міндетті түрде жүзеге асырылады. Бұл рәсім Еуропа және Солтүстік Америкада кең таралған. Чехияда өлген адамдардың 95 пайызын, Ұлыбританияда – 69, Данияда – 68, Швецияда – 64, Швейцарияда – 61, Австралияда – 48, Нидерландыда­ 46  пайызын  өртейді.

САРАПШЫЛАР  НЕ  ДЕЙДІ?

Бұл мәселеге қатысты біздің қоғамның ойын білмек  болып, әртүрлі сала мамандарының пікір­леріне  құлақ  түрдік.  Жауаптары  төмен­дегідей:

Хасан Аманқұлов, Қазақстан мұсылмандары діни  басқармасының  Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің  орынбасары:

«Кремация  (лат.  crematіo,  cremare – өртеу) – мәйітті арнаулы тәсілмен өртеу әдісі. Алғаш рет соңғы неолит пен қола кезеңдерінде пайда болған­ (б.з.б. 3 – 2-мың жылдықтар). Ежелгі гректер мен римдіктер адам мүрделерін өртеуді кеңінен қолданды. Жапонияда, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерінде кремация ертеден бар. Кремация будда дінінің өлік жөнелту қағидаларымен байланысты қалыптасқан. Еуропа елдерінде кремация христи­ан шіркеуінің шамандық, яғни «дінсіз» халықтардың салты деп жарияланды. Оның үстіне, христиандар ұғымында кремация библиялық «қайта тірілу», «о дүниедегі өмір» ілім­деріне қайшы келетін болды. Тек 19-ғасырдың екінші жартысында ғана Еуропада кремация қайтадан  қолданыла  бастады. Арнаулы пештер – крематорийлар кеңінен тарады (алғаш рет 1876 ж. Милан қаласында салынды). Еуропада өртенген мәйіттің күлін жерге көмеді немесе арнау­лы урналарда сақтайды. Қайтыс болушының денесін арнайы пеште өртеп, күлін жерлеу; көптеген ежелгі заман халықтарындағы «жалынм­ен жерлеу», соның ішінде ежелгі славянд­ардың жерлеуінің бір түрі. Ислам шари­ға­тында мұсылмандардың мүрделерін кремация (өртеу) арқылы жерлеуге болмайды. Бұл – адамзат жаратылысының ардақтылығына қайшы келетін­ іс. Жаратқан Иеміз Құранда адамзатты ардақты етіп жаратқанын айтады. «Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық. Құрлықта, теңізде алып жүрдік, жақсы нәрселерден ризық бердік әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік» дейді. Әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір жәндікті отпен жазалауға болмайтынын ескерткен. Басқа хадисте Пай­ғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең». Яғни адам баласы тірі бола ма, дүниеден өткен бола ма, құрметке ие. Жалпы, мұсылман үмметі адам дүниеден өткен соң оны жерлеу керектігіне бір ауыздан келіскен. Ал оны өртеу болса мәйітті, қорлау, азаптау болып санал­ады. Тіпті Алла елшісі қабірді баспаңдар деген. Бұл да болса дүниеден өткен марқұмға құрмет ретінде айтылған. Құран Кәрімде жерлеу­ үлгісі Абыл мен Қабыл оқиғасында баяндалған.­ Шариғатымыз бойынша адам баласы дүниеден өтсе, оның денесін жер қойнауына тапсырады. Ал өлген адамды өртеу дінімізге жат».

Дмитрий  Байдек, Нұр-Сұлтан қаласындағы Свято-Успенский  кафедралдық  соборының  протерий­і:

«Христиан діні адамның мәйітін өртеуге тыйым салмайды, айыптамайды және құптамайды, барынша бейтарап қарайды. Өйткені, христиан дініндегі адамға өлгеннен кейін денесін­ қайда жіберетіні емес, оның рухына оқылған дұға, жанын тазалау және өлгеннен кейінгі адамдардың жүрегінде қалғаны бәрінен маңызды. Адамның тәнінен жан кеткенімен, рухы өлмейді. Кремацияға қатысты оны жасауға немесе жасамауға біздің дінімізде қандай да бір догмалық, канондық нормалар мен ұйғарымдар жоқ. Кремация біздің дәстүрімізде, бүгінгі қалыпты өмірімізде жоқ. Сол себептен, жұрт­тың үрке қарауы түсінікті жайт. Егер өзімнің жеке пікірімді айтсам, адамның мәйітін өртеуде­ тұрған соншалық қорқынышты нәрсе жоқ. Өртелген мәйіттің күлін сақтап қояды. Біз өлгендердің жаны өмір сүре беретінін білеміз. Кімнің жанын тірілтетінін құдіретті Құдай өзі біледі. Елордада крематорий салынады деген мәселе әлі де талқылану керек деп санаймын. Оның құрылысына белгілі бір қаражат бөлі­ніпті. Демек, мұндай тенденция бар деген сөз. Алайда біздің қоғамда өлген адамның денесін жерлеу қалыпты болып саналады. Мысалы, Мәскеу сияқты 12 млн-нан асатын халқы бар ірі қалаларда крематорий тәжірибесі – өте қолайлы әрі пайдалы және қажетті шараның бірі. Бізге әлі де ойлану керек».

Сұлтан  Ыбырай,  абайтанушы ғалым:

«Адам өлген соң тәнін өртеу деген қаншама мың жылдық дәстүрімізде жоқ нәрсе. Тіпті, бүгінгі мұсылмандық кезімізді айтпай-ақ қоялық. Археологиялық қазбаларды қарасақ, сонау түркі дәуірінен бастап адам жерленген. Исламда, христианда және жөйттердің дінінде де өртеу деген жоқ. Сол себептен, мен Қазақстан Республикасының азаматы, мұсылман ретін­де елордада крематорий салуға қарсымын. Бір күмәнданатын нәрсе, адам өлген соң дене мүшелерін пайдалану деген үлкен сұрақ бар. Адам қапелімде өліп қалса, оның келісімінсіз ішкі ағзасының бір бөлшегін сатып, тәнін өртеп жіберу оп-оңай. Меніңше, бұл да – сыбайлас жемқ­орлық қылмыс тудыратын фактор. Тағы бір қисынсыздау жағы, Алматы мен Нұр-Сұл­танда өлген адамды жерлеуге жер жетпейді деген­ сылтау айтылады. Құдайға шүкір, қазақтың  жері жетеді. Тек адамды жерлеуге қатысты белгілі бір стандарттар енгізу керек. Мысалы, өлген кісілердің бәріне бір-бір үлкен кешен, мавзолей салсын деген әңгіме жоқ. Адамның бейітін де кішірейтіп, әдеп-ғұрыптан аспайтын қылып, салуға болады. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Біреуді қылмыскер өлтіріп кетеді. Оның қалай өлгенін зерттейді. Өлген адамның денесін қайта қазып алып, қарайды. Сөйтіп, пәлен жылдан кейін қылмыс ашылып жатады. Ал адамның тәнін өртеп жіберсек, сондай дәлелдер  болмайды».

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: