«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.59 (-2.48)

  • EUR: 505.43 (-2.18)

  • RUB: 5.61 (-0.01)

«Қазақ тілін білмейтіндер, сөйлемейтіндер өз орнын босатуы керек»

26.05.2020, 10:45 213 0

HALYQLINE.KZ

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, кинодраматург:

– Қазақ тілінің мәселесі осыдан 30 жыл бұрын көтеріліп, әлі күнге дейін мардымды нәтиженің болмауы жанымызға қатты батады. Сол тұста ел – қазақ тілінің үлес салмағын барынша арттыру, іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, ел тізгінін ұстаған азаматтардың қазақ тілін білуі және олардың шетел азаматтарымен кездесуі барысында қазақ тілінде сөйлесуі, қазақ мектептері мен балабақшаларының санын арттыру сынды басты-басты мәселелер көтерілген-ді.

Дәл қазіргі кезде қазақ тілінің аздап алға жылжығанын ғана көріп отырмыз. Кеңес заманында білімді орысша алған шенеуніктердің билік басына келгенде іс-қағаздарын жүргізу ісінде де, түрлі жиналыстарда да, орыс тілінде шүлдірлеп, күні бүгінге дейін тәуелсіздік талабына, мемлекеттік тіл талабына қарама-қайшы іс жасауы – ешбір ақылға сыймайтын нәрсе.

Осыдан біраз бұрын «Қазақ үні» газетінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өзінің шынайы мәртебесіне ие болуын талап етіп, әдебиетіміздің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері қол қойған ашық хат жарияланған-ды. Бүгінде тіл жанашыры, қоғам қайраткері Қазыбек Исаның бастамасымен аталмыш ашық хат баспасөз бетінде қайта жарияланып, халықтың зор қолдауына ие болды. Мемлекеттік тілді қолдаушылар санының аптаға жетпей, 50 мыңнан асып жығылуы – ел тарихында болмаған үлкен жеңіс.

Ендігі жерде билік халық талабымен санасып, Конституцияның 7-бабы мен 2-тармағын алып тастауға тиісті. Орыс тілінің заң жүзінде қамын күйттеу – арқылы өз тіліміздің тағдырына балта шабылып отырғанына халықтың көзі жеткендіктен осындай батыл қадамға барып отыр.

Атазаңдағы 7-баптың 2-тармағынан құтылып, Қазақстандағы жалғыз мемлекеттік тіл – қазақ тілінің көсегесін көгертетін Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі. Біз барлығымыз күш-жігерімізді осы бағытқа жұмсауға тиіспіз.

Меніңше, жаңадан қабылданатын Мемлекеттік тіл туралы заң: «Қазақстан азаматтары түгелімен мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруі керек және оны күнделікті тұрмыста қолдануы керек»  деген баптан басталуы керек.

Мемлекеттік тіліміз өз мәртебесіне тек ғана осылай міндеттеген кезде ғана ие болады.

Жоғарыда атап өткенімдей, еліміздің көптеген саласында қазақ тілінің иісі мұрнына бармайтын мамандардың отырғаны – халықтың ашу-ызасын туғызып, зығырданын қайнатты. Ендігі қадам – мемлекеттік қызметкерлерден жаппай мемлекеттік тіл емтиханын алу керек. Қазақ тілін білмейтіндер, сөйлемейтіндер өз орнын босатуы керек. Отыз жыл бойы мемлекеттің басты тілі – қазақ тілін үйренбегендер өз орнын босатып, қазақтың тілін де жанын да ұғатын басқа да білікті мамандарға жол беруі керек.

Қазақстанда мемлекет құраушы елдің тілі – қазақ тіліне заң жүзінде айқын басымдық бергенде ғана қазақ тілінің тағдырын  шеше аламыз.

qazaquni.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: