Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баба кесенесіндегі ұрлық ешкімді бейжай қалдырмайды

08.12.2020, 12:15 527

HALYQLINE.KZ

Естеріңізде болса, halyqline.kz сайтында журналист Жұмабек Табынбаевтың «Қазалыдағы «Құдайдан қорықпайтындар» атты мақаласы жарияланған болатын. Сол күні-ақ аталған мақала қоғамдық үлкен резонанс тудырып, аудандағы, тіпті Қазалыдан шыққан сыртта жүрген жанашырлар да ой қосып, алаңдаушылық білдірді. Жомарт жандар баба кесенесін бейнекамерамен жабдықтауға қол ұшын созатындарын да айтып жатты. Мұның өзі баба аруағы алдындағы парыз деп түсіндік.

Бұл мәселе бойынша Қазалы ауданы әкімдігі де қарап қалмады. Аудан әкімінің орынбасары Ә.Әбиев мәселені жеке бақылауына алып, сала басшыларының қатысуымен жиын да өткізіпті. Ал, апта басында мақала авторына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Тілеумбетов арнайы хат жолдады. Онда: «Жанқожа батыр кесенесінде 03.12.2020 жылы болған ұрлық оқиғасына байланысты аудан әкімінің орынбасары Ә.Әбиев тиісті сала басшыларының қатысуымен жедел жиналыс өткізіп, болған жағдайға қатысты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, Қазалы аудандық полиция бөліміне оқиғаға кінәлілерді тез арада табу және кесене аумағында қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде тапсырмалар беріліп, Әйтеке би кенті әкімі Қ.Орынбасаровқа кесенеде орнатылған бейнекамераларды шұғыл түрде қалпына келтіру, түнгі жарықшамдардың жай-күйіне зерделеу және баба кесенесі аумағын тұрақты бақылауға алу үшін жауапты маман бекіту ұсынылды. Бұл ретте, Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Жолтаевқа мемлекет қорғауындағы мәдени нысанға қадағалау жұмыстарын жүргізу қажеттігі тапсырылды. Аталған жұмыстардың орындалуы тікелей аудан әкімінің орынбасары Ә.Әбиевтің бақылауында болатынын хабарлаймыз» делінген.

Болған қылмыстық оқиғаның жай-жапсарын білу үшін 2020 жылдың 4 желтоқсанында «Халық» газетінің атынан облыстық Полиция департаментінің бастығы Б.Сұлтанға ресми хат жолдаған едік. Дүйсенбі күні аталмыш департамент бастығының орынбасары Б.Байгелді қол қойған жауап та жетті. «2020 жылдың 3 желтоқсан күні Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр» кесенесінде орын алған ұрлық дерегі Қазалы аудандық полиция бөліміне тіркелді. Ұрлық дерегі бойынша Қазалы АПб-мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиға орнына жедел тергеу тобы толық құрамда барып, оқиға орнына толықтай қарап-тексеру жұмыстарын жүргізді. Орын алған қылмыс бойынша қандай да бір жедел қызығушылық тудыратын мәлімет алу мақсатында сол аумаққа жақын орналасқан тұрғын үйлердегі азаматтардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Жауапты мамандар қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында қажетті шараларды жүргізіп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қызылорда облыстық полиция департаментінің барлық бөліністері толықтай құлақтандырылып, бағыт-бағдарлар жолданды. Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімімен ұрлық қылмысын ашу бағытында барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», – дейді Б.Байгелді.

Ендеше, әліптің артын бағайық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: