Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ажырасу – мемлекетті «минусқа» тығудың тың түрі

03.09.2020, 11:00 752

«Пәлен жерде алтын бар» десе, алды-артымызға қарамай үдере көшетін әдетіміз ғой. Осы жолы да жазған қалпынан таймай, үкіметтің беріп жатқан 21 мың теңгесін алу үшін ел-жұрт небір қитұрқы әдеттерге барыпты. Айтса, адам сенгісіз. Құрығыр 21 мыңды құрыққа ілу үшін жұртың бәрі демей-ақ қояйық, ақша алғысы келетін жұптың денi жаппай ажырасуға арыз берген. (!) Аты-ақ жаман әдетке ақша үшін үйір болған қазағымның басына осындай күн туарын кім білген? Биыл облыста бүгінге дейін бас-аяғы 5367 неке тіркелсе, жыл бітпей жатып оның 2000-ға жуығы ажырасып үлгерген. Демек, үйленейік деп бас қосқандардың 30-35 пайызы үй болуға үлгермей, жарым жолда жолайрыққа тіреледі деген сөз».

Бұл – біздің («Халық» газеті – ред.) жыл басында жазған мақаламыздан үзінді. Өте қорқынышты! Оқуға арланасың! Сонда қалай, отбасылық құндылықтың орнын ақша оңай басып тұр ма? Өйтпегенде ше, ажырасуды ойыншық көретін қоғамда құндылық туралы айтудың өзі…

«2019 жылдың сәуір мен тамыз айы аралығында арнаулы­ әлеуметтік көмектің тағайындалуына байланыс­ты, тапсыратын құжаттарды рәсімдеу мақсатында отбасын­да неке бұзу саны көбейгені анықталды. Статис­тика бойынша 2019 жылы неке бұзу өсімі 47,6%-ға өскен, оның 30%-ы арнаулы әлеуметтік көмекті алушылардың есебінен көбейген» деген дерек келтірді Қызылорда қалалық­ жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімі.

Сондықтан, бұлайша дүрсе қойып бастауымыздың себебі бар деп ойлаймыз. Осыған қатысты статистиканы алдыңызға ашықтан-ашық ашып тастайтын да уақыт келед­і. Әзірге «мұндай жағдайға қалай жеттік?» деген сауалғ­а жауап іздеп көрелік. Біз өз нұсқамызды ұсынамыз, төрелік сізден болсын!

Жалпы, ажырасуға арыз беретіндердің дені үйленгендеріне 3-4 жыл болмағандар деседі. Себебі айтпаса да түсінікті. Ажырасу аз болса, осы іске баруға арланатындар да көбейер еді. «Қазіргі жастарда отбасын сақтап қалу, бала-шаға алдындағы ата-аналық парыз, міндет дегенді сезіну мүлдем жоқ. Болмашы нәрсеге бола екіге кете баруға­ дайын» дейді алуан түрлі ажырасудың куәсі болған­ судьялардың бірі. Бұған қандай уәж айтуға болады? Ақталуғ­а не ақтап алуға келе ме?

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Қорқытып, үркітуден аулақпыз. Үлкендердің аузынан жиі еститін мына бір сөзді осы ретте қолданудың жөні келіп тұрғандай. Қыз бала өзге үйдің босағасын аттағанда ет жақындары «сүйегінің сол жақта шығатынын» жаймен болса да ескерт­кен. Төркініне қыдырып келген қызды ертерек қайтаруға тырысқан. Мұның барлығы – тәрбие. Әлгіндегі «мұндай жағдайға қалай жеттік?» дегенге жауабымыз – осы. Бүгінде «төркінге сенгеннің төбесі тесік» деп жүрген қыз бар ма? Қайтып келген қызға «ескі үйі» есігін айқара ашып тұрса, анасы «кел, өзім-ақ бағамын» десе, қыздың ойы мың құбылуы заңдылық шығар. Демек, тәрбие тұсына­ келгенде әлі де ақсап тұрмыз.

Енді ресми деректерге тоқталайық. Өткен жылы АХАТ саласы (Қызылорда – ред.) бойынша неке қию туралы­ 2714 акт жазбасы тіркелген. Оның 1171-і некесін бұзған. Бұл – 40 пайыздан астамы ажырасты деген сөз. Ал, осы жылдың алғашқы 7 айында неке қиюды тіркеу бойынша 1022 акт жазбасы тіркеліп, 172 неке бұзу туралы­ акт жазбасы жүргізілген. Бір жайтты ескеру керек. Аталған сандар Қызылорда қаласына ғана қатысты. Аудан мен ауылдардағы статистика басқаша сарнауы әбден мүмкін.

2018 жылы осы уақыт аралығында бір жылда 399 неке бұзу акт жазбасы тіркелсе, 2019 жылы тек сәуір-тамыз айларында 589 неке бұзу акт жазбасы есепке алынған. Сан жыл өткен сайын өсіп барады. Биыл қалай болмақ?

Біз көтеріп отырған мәселені Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігіт­ова «Сіз не дейсіз?» айдарында толықтырады. «Ауруын жасырған өледі» деген рас болса, түйткілді тақырып­қа барлық басшы назар аударып, өз ойын ашық білдіруі керек. Жариялылық пен ашықтық деген сол.

Ал, адамнан айла артылмайтыны айдан анық нәрсе. Ақша алу үшін ажырасу – мемлекетті «минусқа» тығудың тың тәсілі. Иә, солай секілді. Бұлай демеске еш шарамы­з  жоқ. Айтарымыз  да  жоқ.

Рыскелді   ЖАХМАН


Индира  АҚЖІГІТОВА,

Қызылорда қалалық жұмыспен қамту,

әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу  бөлімінің басшысы:

ОТБАСЫ  ҚҰНДЫЛЫҒЫН  ҚАРЖЫ  АЛУ ҮШІН  ҚҰЛДЫРАТЫП  ЖАТЫР

– Адамды адам еткен – ұлттық болмыс деген діңгекті ой қазір тек жаттанды дилемма болып қалыптасты. Оған бүгінгі жаһандық жағдайда сыртқы және ішкі себеп те әсер етсе керек. Саяси институтпен белгіленген заңнамалардың орындалуы мемлекет тарапынан неке қию бағытындағы азаматтық хал актілерін тіркеуде айқын байқалады. Қазақстанның отбасы құндылықтарына көзқарасы әлі де өзіміздің ұлттық мәдениетімізді жоғалтып алудың алдында тұр.

Әлеуметтік заңнамалық негіз отбасылық бірліктен гөрі, осал топтардың қорғалуына жұмыс істеп тұр, толық отбасына қарағанда, ажырасқа­ндарға материалдық қолдау көп жасалынғандай. Адамды тұрмыс  билеген уақытта  адами  және  отбасы  құндылықтарының  кезегі­  кейінге қалып қойды. Ол – заңдылық.

Сөзіме деректер арқылы негіз берейін, дәлел келтірейін.

2019 жылы АХАТ саласы бойынша, неке қию туралы 2714 акт жазбасы­ тіркелсе, 1171 неке бұзу туралы акт жазбасы есепке енген. Бұл 40 пайыздан аса үлесті құрап отыр.

Осы жылдың алғашқы 7 айында неке қиюды тіркеу бойынша 1022 акт жазбасы тіркеліп, 172 неке бұзу туралы акт жазбасы жүргізілген.

2019 жылдың сәуір мен тамыз айы аралығында арнаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуына байланысты, тапсыратын құжаттарды рәсімдеу мақсатында отбасында неке бұзу саны көбейгені анықталды. Статистика бойынша, 2019 жылы неке бұзу өсімі 47,6%-ға өскен, оның 30%-ы арнаулы әлеуметтік көмекті алушылардың есебінен көбейген.

2018 жылы осы уақыт аралығында бір жылда 399 неке бұзу акт жазбасы­ тіркелсе, 2019 жылы тек сәуір-тамыз айларында 589 неке бұзу акт жазбасы есепке алынған.

Осы ретте айтайық, барлық ажырасудың 17,6 пайызы – отбасылық түрлі жағдайлар, ал қалған 30 пайызын тұрғын үй көмегін, әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар құрап отыр. Сондықтан, қазіргі заңнамаларға өзгерісті толық отбасылық жағдайда да берілуіне мүмкіндіктерді қарастыру керек секілді. Уәкілетті орган ретінде заңнама шығарушы орталық атқарушы органдарға тиісті ұсыныстардың берілуін қарастыру қажет деп есептейміз. Олай болмаған жағдайда, біз ұлт, отбасы, құндылық­тар  деген  ұғымдарды  4  айдың ішінде 30 пайызға өсірсек, алдағы­ 3 жылда  кардинально 60 пайызға жеткізуге қазіргі  жағдаяттар  алып  келуі  мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: