Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ардагерлер дауысы» неге құрылып жатыр?

12.11.2020, 12:00 740

Сурет Ақбарша Ильястың фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Ертеде жаңа жайлауға қоныстанған бір бай екі кедей жігітке құдық қаздырады. Құдық қазылып біткен соң жігіттер байдан ақысын сұрайды. Бай олардың біріне саулық, біріне қозы береді. Қозы алған жігіт оған наразы болады. Төле биге келіп шағым айтады. Төле байға құдық қазған екі адамның еңбегі бірдей екенін айтады. Бірақ құдық иесі өз дегенінен қайтпайды. Сонда Төле:

– Адамның екі көзінің, екі қолының қайсысы кем? – дейді байға.

– Ешқайсысының кемдігі жоқ. Екеуі де бірдей. Сөзіңізге жығылдым, биеке! Өкпелі жігітке қой берейін, – депті амалы құрыған бай.

Міне, осы тектес қоғам шекпенінен шикі шыққан мәселелерді ортақ тезге салып, жөнін айтып, жоралғысын жасап отыратын қариялар жоқтың қасы дегенді жиі айтамыз. Расында солай ма?

Жуырда жұртшылық шырпы тиген тамызықтай лау ете қалды. Елең етпейтін құлақ жоқ, сұрастырып бақсақ, ардагер ағаларымыз «Ардагерлер дауысы» қоғамдық ұйымын құрмақшы болып талпынып жатыр екен. Әлі тіркеуден өтіп, жұмысын бастамаса да халық арасында түрлі пікірлер айтылып, жан-жақты сүзгіден өтіп үлгерді. Біз де тілшілік тіршілікпен «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Шәріповті сөзге тарттық.

– «Ардагерлер дауысы» ұйымы әлі заңды тіркеуден өткен жоқ. Тек ғана ұйымдастыру жиналысын өткіз­дік. Тіркеуден өт­пейінше, ешнәрсе айта  алмаймын.

– Жалпы, тір­келмей тұрып не айта аласыз? Мақсаттарыңыз қандай?

– Қазіргі кезде біреуге жазықсыз жала жабу секілді теріс әңгімелер көбейіп кетті. Қолайсыз, келеңсіз жайттар болуда. Карантиннің уақытында осы тектес жайттар көбейіп кетті. Жалпы, облыс халқының адамгершілігі мықты, кішіпейіл деп мақ­тауш­ы еді, соңғы кезде дұрыс болмай бара жатқан сияқты. Одан кейін әлеуметтік желілердегі жазбаларға пікір қалдырады: «Бұл елдің ақсақалдары жоқ па? Олар неге төрелік айтпайды? Елдің бірлігін сақтауға неге жұмыс істемейді? Ақсақалдар бәрі олай болған, бұлай болған, баяғы ақсақалдар секілді емес» деп жазады. Аудитория әреке­тінің дұрыс, бұрыстығын ашып айтатын ешкім жоқ. Жауап ретінде пікір қалдырсаң, тағы басқа әңгіме бастайды. Сондықтан ақсақалдардың бар екенін көрсету үшін бірігіп, осындай ұйым құруға шешім қабылдадық. Кейбіреулерде оппозициялық ұйым деген теріс түсінік қалыптасып үлгерді. Бұл ешқандай да оппозициялық ұйым емес. Құрамында осы елге осы уақытқа дейін қызмет еткен, жұмыс істеген саласында ізі қалған адамдар бар. Елдегі жағдайды бес саусақтай біліп, мәселенің ара-жігін ажырататын кісілер.

– Сонда сіздер қарапайым халық ара­сындағы  мәселелерді шешесіздер ме, әлде саяси  мәселелерді  ме?

– Әртүрлі. Әлеуметтік желіні оқып жүрген адамдар қай жазба кімге арналғанын, кімнің жаздырып отырғанын жақсы біледі. Сондықтан елдің ақсақалы ретінде барды бар, жоқты жоқ, артық кеткен тарапт­ы мәмілеге шақыруға тырысамыз. Бұрынғы кезде де қазақ қоғамында төрелік еткен ақсақалдар болған. Міне, біздің де ой осыған саяды. Ұлттық дәстүрді қалпына келтіріп, сол жолды жалғастыруды мақсат тұтқан ұйым – бұл. Ешқандай жеке мүдде үшін емес, біреумен айтысып-тартысып отыру үшін емес, билікке қарсы емеспіз.

– Сіздер қоғам тарапынан ұсынылған мәселені тек қоғамдық ұйым ретінде ғана қарай аласыздар. Ал заң тұрғысынан шешілуі керек мәселелерді қайтпексіздер?

– Сөз жоқ, мұндай мәселелер құзырлы орындарға жолданады.

– Бұдан бөлек, аймақта «Ардагерлер кеңесі»­  деген  бар  емес  пе?

– Ол ұйым өздерінің жұмысымен айна­лысады. Біздің  оларға  ешқандай қатысымыз  да, кедергіміз  де  жоқ.

– Ол  ұйым  мұндай  қоғамдық мәселелерді  шеше  алмай  ма?

 – Оны білмедім.

Төле би секілді төрелігін танытып, төбелігін көрсететін ұйымның негізгі мақсаты осындай. Жалпы, «Адамның бас­шы­сы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген сөз бар. Көптің ойында жүрген мәселенің мәнісін аймағымыздағы ардагерлер кеңесі шеше алмайды ма? Құрылғалы жатқан жаңа ұйым бұл кеңестен несімен ерекше? Облыс орталығында, аудандар мен Байқоңыр қаласында кеңселері бар бұл кеңес қазір қандай шаруамен айналысып жатыр? Осы сауалдардың жауаб­ын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың өзінен сұрадық.

– Серік аға, өңі­рімізде «Ардагерлер дауысы» ұйымы құрылғалы жатыр екен. Бұл ардагерлер кеңесіне қосал­қы ұйым ба, әлде…

– Біріншіден, маған ешкім мұн­дай ұйым құру туралы ой тастаған жоқ. Екіншіден, бұл ұйымның біздің кеңеске еш қатысы жоқ. Аймағымызда облыс­тық, қалалық және аудандық ардагерлер кеңесі ұйымдары жұмыс істеп тұр. Сол кеңестерде қай мәселе­ қандай масштабта қаралатыны шешіледі. «Ардагерлер дауысы» ұйымының не мақсатпен құрылып жат­қанынан хабарым жоқ. Тіпті ол құрылды ма, құрылмады ма, әлде ел арасындағы әңгіме ме, оны да толық білме­дім. Менде тек облыста ардагерлер кеңесі жұмыс істеп тұрған соң кез келген мәселені ортаға салып, бірлесіп, ақылдасып шешсе болмас па еді деген ой туады.­

– Өзіңіз төрағалық етіп отырған «Ардагерлер кеңесінің» негізгі мақсаты қандай?

– Бірінші, ардагерлердің өмірден жинаған тәжірибелерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Екінші, елді ынтымақ, бірлікке шақыру. Үшінші, мемлекеттік саясатты насихаттау. Сондай-ақ, шешімін таппай жатқан қоғамдық мәселелерді ортаға салып, шешілуіне ықпал жасаған кездер аз болған жоқ.

Қазақ қоғамының рухани сауаттылығын арттыру бағытында билер төрелігі мен ақсақалдар кеңесінің айтары мол болған деседі. Ұлттық сана-сезім мен мәдениет дәрежесін көтеруде көрегенді кісілердің айтары мол. Ал қазір қандай? Бір ауыз сөз­ге тоқтам жасап, қателігін мойындап, кешірімін беретін немесе ілтипаттығын үлгі ететін қоғам мүшелері бар ма? Әрине, бұл сұраққа ашық түрде «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру де оңай емес. Өйткені бұл сауалдың артында бүтіндей халықтың пікірі мен ойы тұр. Сіз де, біз де өте жақсы білеміз, елдің асқақ мұратқа жетуіне халық­тың бірлігі әсер етеді. Оның үстіне әлеуметтік теңсіздік, саяси тартыс, экономикалық дағдарыс жағдайында жүрген халық үшін түймедей нәрсе түйедей болып көрінетіні  тағы  бар.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: