Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайка 18+

06.06.2020, 10:00 14625

HALYQLINE.KZ

Тамыздың 1-і. Түнгі сағат 00:01. Әдетте мұндай уақытта қалың ұйқыда жатамыз ғой. Бірақ бұл күні көз шырымын ала алмадық. Неге дейсіз ғой? Қазір айтамыз…

Көпшілік шырт ұйқыда жатқанда бірлі-жарым кәсіп иесіне ұйықтауға болмайды. Олардың қатарында түнгі көбелектер де бар. Жеңіл жүріске салынғандардың іңір түскен уақытта жұмысы қызатыны әмбеге аян. Сұраныс болған соң, бір күнде жүзге жуығы көшеге бір-ақ шығады. Сауна, қонақүй, кафе, жалға берілетін пәтерлердің бұрыш-бұрышында тәнін сатқандар қаптап кетеді. Бұрынғыдай емес ашықтан-ашық сауда. Сол сауданың үстінен түсіп, түнгі көбелектермен тілдесеміз деп біз де ұйықтамадық.

Алдын ала ескертіп қояйық, сіз ұятсыздау тақырыптағы мақаланы оқып отырсыз. Сондықтан әріге кетіп бара жатсақ, айып етпеңіз. Бірақ шектен шықпауға мейлінше тырыстық.

«Басыңа бәле болады»

Шаһарды шыр айналып жүретін таксистер қаланы беске біледі. Оны неге айтты демеңіз. Өйткені, сіз оқып отырған мақаланың газет бетінде жариялануына олардың көп септігі тиді. Журналистік зерттеуімізге Манат есімді 20 жастағы таксист жігіт көмектесті. Алғашында өтініші­міз­ді орындай алмайтындығын айтып, қашқақтады. Керек десе­ңіз, «басыңа бәле болады» деп қауіптен арашалағандай ­болды. Себебі, әр жезөкшенің мойныңды бұрап алатын «көкесі» болады-мыс. Ебін ­тауып, ақысын жемей­тін­дігімізді айтып, келіс­тірдік.

Содан не керек, ол бізді «Мерей» мөлтек ауданындағы бірнеше орынға апарды. Әу бастан, мақсатымыз түнгі көбелектерді фотоға түсіру яки олардың қызмет құнын сұрау болмаған. Бұл – жарнама жасамайық деген ниеттен туын­даған ой. Бар болғаны біреуін сөзге тартып, аз-кем тілдесудің өзі жеткілікті еді. Түпкі мақсатымыз – олардың осы жолға қалай түскені жайында білу. Десе де, мұндағы қыз-келіншектер «қыз» күнін еске алуға құлықты емес. «Время – деньги» деген қағидамен жүріп-тұрады. Бір ­сағат уақытын алсақ, 3500 теңгедей ақы төлеуіміз керек. Бірақ бос әңгіме айтып отыру үшін емес. Бұл жақтан түк шықпаған соң, С.Бейбарыс көшесінің ­бойындағы «Рай» деп аталатын саунаға қарай беттедік. Мұнда өрімдей жас қыздар тым көп. Оны таксист жігіттен білдік. Шамамен 18-25 жас аралығындағы қыздар ғана жұмыс істейді. Жезөк­шелікпен айналысатындарға сыртқа шығуға тыйым салынған. Көздегеніміз орындала қоймаған соң, салымыз суға кеткенін де жасырып қайтейік. Ақыры не керек, келімді-кетімді қонақ көп жүретін автовокзал маңындағы бірнеше орынға соқтық. Түк шықпады. Түнгі көбелектермен тілдесе алмадық. Манат бірнәрсені ойластырғандай болып, әудем жердегі «Шарипа-Апа» деп аталатын жерге апарды. Осында 24 жастағы клиенті бар екенін айтып, соны көндіріп беретіндей болды. Таксист жігіт үш жылдан бері кейіпкерімізді жетер жеріне жеткізіп, қызмет көрсетеді. Әйтеуір түнгі көбелекті «торға» түсіріп берді. Автокөлік ішінде аз-кем тілдестік.

«Сұлу Сайка»

Өзін Сайка деп таныстырған бойжеткен былайғы кезде кез келген жігітіңді өзіне ғашық ете алатындай сұлу. Қарға аунаған түлкідей тартымды. Тек төстен төмен, тізеден жоғары киіне­тіні өзіне ғашық боп емес, қашықтау жүруге мәжбүрлейді. Бала күнінде анасы Сайка деп еркелететін болған. Сондықтан әрбір клиентіне өзін солай таныстырады. Оның осы «кәсіппен» ­айналысқанына біраз болған. Бұл жерде өзі құралпы қыздар өте аз. Бәрі кәрі әрі сүйкімі кеткен «апалар» дейді. ­Сондықтан наны жүріп тұр екен. Өзінің ­айтуынша, бір сәттік ләззат іздеп келген жігіттерің оны көре сала жалдауға тырысады. Негізі, Қызылордаға қайта келгеніне көп бола қоймаған. Бұл «кәсіпті» Қарағандыда оқуда жүргенде бастапты. Өзінен үлкен әпкесі бар екен. Онымен араласпайтын болып шықты. Ал әкесі ертеректе қайтыс болып кетсе керек. Жас күнінде шешесі бірнеше күйеуге тиіпті. Бірақ үй болып кете алмаған көрінеді. Қазір шешесі ауруханалардың (қайда жұмыс істейтіндігін айтпауды өтінді – авт.) бірінде еден жуушы екен. Әлгінде айтқанымыздай, одан жезөкше болуға не итермелегенін, бәрі қалай басталғанын айтып беруін өтіндік.

«Бәріне шешем кінәлі, ­сосын жүрек…»

Бала күнінде шешесі үйге еркектерді көп әкелетін болыпты. Өсіп келе жат­қан қыздар оны көріп қайдан оңсын. Бойжеткен әңгімесін бастағанда ойымыз­ға келгені осы болды. Кейін көп қыдырып, жігіттермен жүруді шығар­ған. Би кеші, отырыстарды құр жібермейтін болыпты. Мектеп кезінен өзінен үлкен балалармен араласып, ерте жетіл­ген. Ішу, шегу деген тоғызыншы оқып жүргенінен-ақ басталыпты. Бірақ оқуда озат болғанға ұқсайды. Тоғызыншы сыныпты бітіре салысымен Қарағандыда тұратын нағашы әпкесінің қолына кетіпті. Екі жылдан кейін сондағы мектептердің бірін бітіріп, университетке оқуға түседі. Бәрі осы кезден басталады.

Нағашы тәтесі қиқаң-сиқаңды ұнатпайтын болған. Біраз шектепті. Бірақ үйде көрген тәрбие ғой. Жүріп қалған қыз. Ешкімнің айдауымен жүріп үйренбеген. Оның үстіне, үйдегі қыздар оған еліктеуді шығарады. Олар да кешқұрым қаңғыруға дағдыланады. Қарсы келіп, сөз қайтаруды үйренеді. Содан әпкесі оны жатақханаға шығарып жібереді. Үйден келетін ешқандай көмек болмай, тарығады. Жатақхананың ақысын төлеу­ге де шамасы жетпейтін. Топтастардан көмек сұрап, қарызға белшеден батады. Бірінші аралық бақылаудан-ақ құлап қалып, шәкіртақыдан қағылады. Әйтеуір, тегін оқуды оқып жүреді. Бір күн барса, екі-үш күн оқуға бармауға үйренеді.

Сөйтіп жүрген кезде, Айбек есімді төртінші курстың жігітімен танысады. Ол оқуға кеш түскен. Жасы 25-те. ­Астында қымбат автокөлігі, шағын бизнесі де болған. Бұған қаржылық көмекті көп көрсетіп, жатақханадан шығарып алып, пәтер жалдап береді. Өзінен 8 жасқа үлкен жігіттің бұл қамқорлығын өзіне ғашықтықтан жасап жүр деп ойлайды. Оның «бетін ашқан» да осы – Айбек екен. Жас қызды бір жарым жыл ермек қылады. Артынша тастап кетеді. Өзге біреуге үйленіп те алыпты. Бойжеткен арланып, оның ойыншығы болғанын кеш түсінеді. Бірақ қаржылық қиындықтардан қашу үшін оның ойнасы болып жүре береді. Кейіннен оның достарымен де бірге болып, жатып-тұру қалыпты құбылысқа айналады. Бұны Айбек те білетін. Бірнеше досымен келіп, кезек-кезек онымен көңіл көтереді. Жас қызды Айбек жолдастарына сатуды да шығарады. Осылайша жезөкшеге айналып шыға келеді.

Қарағанды – алып шаһар. Мұнда ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Айбектен кетіп, басқа жігіттермен кездеседі. Пәктіктен айырылған қыз абырой­ды да ұмытады. Сол кездердің өзінде түсіктің неше атасын жасайды. Кейін өміріне Жолдас енеді. Ол ­кей­і­п­керімізді құлай сүйеді. Өзінің жары етуге дейін дайын еді. Оның өткен өмірін де ұмыттыруға барын салады. Кейін екеуі отау құрады. Екеуінің үйленуі қалай тез болса, айырылысу да солай болады. Бастысы, араларында бала жоқ. Сайкамыз соған қуанады. Өйткені, оның жүрегінде Айбек жүретін.

Ол баяғы әніне басып, Айбектің қолжаулығы болуға қайта барады. Не де болса, соның жанында болуды аңсайды. Бірақ ол кейін із-түзсіз жоғалады. Хабарласуды да қояды. Үйіне жуытпайды. Себебі, жары бар. Сүйгенінен үмітін үзген соң, күйеуіне қайта қосылғысы келеді. Алайда бұл ойынан түк шықпайды. Жолдастың да көңілі қалады.

Содан оқуды бітіріп, Қызылордаға қайтып келеді. Себебі, бұл кезде Қарағандыда қалуға еш негіз болмайды. Қазір анасымен бірге тұрады. Қызының жезөкше екенін біле тұра, ештеңе демейді екен. Кезінде өзі де осы кәсіппен қыздарын жеткізген.

«21+»

Сайканың еркек атаулыдан көңілі қал­ған. Тек түнгі өмірде ғана жігіттермен жақындасады. Сосын жасы 21-ге толмағандарға қызмет көрсетпейді. Бұның себебін «не опытныйлармен» болғым келмейді» деп түсіндірді. Айтпақшы, өзі қызмет істейтін жерде жағдайға қарамайтын осы ғана. Қалған жезөкшелер еркектердің қалтасына қонымды бағаны айтады дейді.

«Бұл кәсіпті тастай  алмаймын»

Жоғарыда бойжеткеннің бұл кәсіпті қалай бастағанын айттық. Ал қашан ­тастайтындығын өзі де білмейді. Осы өмірі өзіне ұнайды. Жұрт қатарлы өмір сүріп, отбасын құруды ойламайды да. Ана болу тіпті санадан өшкен. Тапқанына көлік алыпты. Айтпақшы, аруымыз осы тірлігі үшін өзін қор санап, жазғырмайды. «Басқа қыздардан еш айырмамыз жоқ» деген ойда. Себебі, үйдегі қыздар да көше қыздарынан қалыс қал­майды. «Олардың түздегі тірлігі бізден асып түспесе кем емес, тек онысына ақы сұрамайтыны болмаса» дейді ол.

«Клиент келіп қалды»

Табиғаттың заңдылығы ма, әлде ессіз еркектер көбейді ме, Сайка сияқтыларды торуылдап жүретіндер жетеді. Тіпті, бір орындағы 20 шақты қыздың бірде-біреуі босамай қалатын кездер де кездеседі. Өзі сияқты бір бойжеткен біз отырған автокөлікке жақындап, «сені шақырып жатыр» деп оны өзімен алып кетуге оқталды. Ол құрбысының бұл сөзіне қуанғандай болып, сөмкедегі айнасына бір қарап, әтірін сеуіп, түнгі өмірдің көркін қыздыру үшін кете барды…

ЖАЛЫН,

«Халық» газетінің 2016 жылғы санынан алынды.

P.S. Өзіңіз ойланып көріңізші, кейіпкердің жеңіл жүріске салынуына кім ­немесе не түрткі? Сүйгенінің арбауы ма? Әлде «сананы тұрмыс билейді» деген мәтелдің рас болғаны ма? Біздіңше, олай емес! Кеткен ағаттық – отбасындағы тәрбиеде. Әйтпесе, үйден жырақтап, оқу оқып жатқандар көп. Олардың бәрі жезөкше болып кетіп жатқан жоқ ғой…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: