Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еліктегеннен бір екі болмайды…

20.01.2021, 11:30 548

HALYQLINE.KZ

Кунчита Вурст дегенді танушы ма едіңіздер? Білмесеңіз де, білсеңіз де айту қажет боп тұр. Сол пақырыңыз 2014 жылы «Еуровидение» байқауында жеңімпаз болды. Дауысы зор енді. Бірақ… Сөз арасын бірақ бұзады ғой әдеттегідей. Кунчита дегеніңіз – сақалы бар, шашы қолаң, не еркек емес, не әйел емес бәле. Негізі Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой, еркек қылып жаратқан. Бірақ ол Құдайға қарсы шығып, әйел болуға бейімделіп жүр. Сол 2014 жылы күллі Еуропа жатсынбай Кунчитаны қабылдады. Өйткені олардың кеңістігі мұндайды көтереді.

Оңтүстік Уэльсте екі еркек үйленіпті. Қос «жас» үйлену тойын дүркіретіп өткізбек болған, әлемді жайлаған короновирустың кесірінен «мухаббаттарының жемісті болуын» екеуден-екеу тойлапты. Құдай аясын. Құдай аясын деппін ғой, екеуінің де төбесінен ұрсын. Жалпы, бір жыныстылардың «мухаббаты» мен үйленуі Еуропаның көптеген елдерінде билік тарапынан мақұлданып, заңмен рұқсат етілген. Мәселен, 2017 жылдың 1 қазанында Германия Парламенті бір жыныстылардың некелесуіне рұқсат етті. Олардың танымы бақа-шаянға ұқсас. «Құдайлары» да, діни танымы да қызық. Рим папасы да бір жыныстыларды қолдайтынын айтты бір сөзінде.

Айтпақшы, болса да Германияны сөз еттік қой, 2010 жылы Поссендорфтың тұрғыны 39 жастағы Уфе Митцшерлих өзінің Сессилия есімді мысығына үйленді. Заң рұқсат еткен. Балалары марғау бола ма, адам ба екен. Не шықса да, Еуропадан шығады. 1979 жылы Эийя-Риита Эклев есімді швед азаматшасы Берлин қоршауына үйленді. Заң оған да рұқсат берген. Махаббат баянды болды ма дейсіз ғой, 1989 жылы қоршау құлағаннан кейін «қоршаудың жары» депрессияға ұшырап, әлі өз-өзіне келе алмай жүр екен. Қалай дегенмен бұл – Еуропа!

Ал айтыңыздаршы, осындай пенденің жұмыр басына сыймайтын бәлекеттер шыққан, заңдары «Құдайды ұмытқан» Еуропаға неге еліктейміз? Олар еріккен емес, «Құдайға қарсы» шыққандар ғой. Мойындаңыздаршы?! Бірақ солардан көшіріп алу бізден қалмай келеді. Бұрын «Орыс білгенін, қазақ көргенін істейді» деуші едік. Қазір «Еуропадан үйрен» деген пиғыл басым. Әуелі Құдай жаратқанды өзгертіп, еркектен әйел, әйелден ер жасайтын «жыныс ауыстыруға» рұқсат бердік. Енді міне, баласына қол көтеріп, айғайлаған ата-ананы жазалайтын заң даярладық. Таңғалмаңыз, бір-екі жылда бір жыныстылардың некесін қолдайтын заң даярланады. Сосын Елордадағы «Байтерекке» немесе Алматыдағы «Көктөбеге» тұрмысқа шығатындар табылады. Оған да бір заңды көшіріп алармыз.

Жалпы, біз кімбіз? Күллі Еуропа жалаңбұт жүргенде, не бұтына шөп байлап жүргенде мәдениеттің озығы саналатын әрі әуретін жабатын шалбар киіп жүрген бабалардың ұрпағы емес пе едік? Өз нәжісін өзі жейтін шошқаның етін жейтін еуропалықтарға атқа мінуді үйреткен, «арам қатты» дегені үшін таза өнімді ауызға салмайтын таза халықтың жалғасы емес пе едік? Бала-шағасын еуропалықтар сияқты әйтеуір өмір сүріп, мақсатсыз өлуге емес, пендеуи миссиясын орындап, өмірге саналы ұрпақ әкелетін түркі әлемінің белді өкілі емес пе едік? Ал қазір не жорық?

Қазақ «балам – болашағым» дейді. «Ұрпағыммен мың жасаймын» деген ниетпен саналы ұрпақ өсіруді көздейді. Ұрпағын түзу шыбықтай болуы үшін сөзбен тәрбиелейді, кейде таяқпен. «Аюға әріпті үйреткен таяқ» деген бар. Рас айтылған ғой, баласын ұрғандардың дені ұрпағының жөнді жолмен жүруі үшін сөзбен сыбайды, қамшылайды. Өйткені әке-шеше ұрпақ үшін жауапты. Шын ғой, қай әке 15 жастағы ұлы үйге удай мас болып келсе, басынан сипайды? Қандай ана қызы 13 жасында көше кезіп, әр жігіттің балағынан ұстап жүргенін аңғарса «айналайын» деп маңдайынан сүйеді? Болмаса, қызы 18 жасында үйіне құрбысын ертіп кеп, «әке, мен осы қызға тұрмысқа шығамын» десе, қай әке «бақытты бол, қызғалдағым» дейді? Айтыңыздаршы?

Қазақ ұрпағын «тәйт жаман болады, обал болады, ұят болады» деген сөзбен тәрбиелеген. Кейде таяқтап алу да болып тұрады. Өзі сөз бар, «таяқ жейсің» деген. Таяқты жемейді, ата-ана баласын ұрады, соғады. Әрине, жаны ашығандықтан. Екінші мәрте қателік жасамас үшін «таяқ жеу» – үлкен сабақ. Қазақы кеңістігіміз сондай біздің. Қамшымен сабау – тұрмысымыздың бір бөлшегі. Бұл – тәлім мектебінің бір тарауы. Шығыстың бір пәлсапашысының «Үрей – тәрбиенің бастауы» деген сөзі бар. Одан өзге әке таяқтамаса, шеше сабамаса, оларда мыс бола ма? Мысы жоқ ата-ана жөнді ұрпақ тәрбиелей ала ма? Елбасының өзі «Рухани жаңғыру» бағдарын ұсынды. Қазақ өшкенін қайта жағып, жоғалтқанын табуына бұл бастама бағдаршам болды. Елбасының өзі ұрпақты талай жұртты тамсандырған мол мұрамызбен, терең мәдениетімізбен сусынтату қажеттігін айтып жүр. Одан бөлек ел президенті Қ.Тоқаев отбасылық құндылықты нығайту керегін әр Жолдауына арқау етіп келеді. Ал мына алғашқы оқылымда-ақ мақұлданған заң отбасы құндылығын құрдымға жіберіп, ұлтты рухани қаңғыртуды көздейді. Мысалы, заң қабылданды делік. Әкенің мысы болмаса, бала білгенін істейді емес пе? Әлде заңды жасақтағандар Елбасының, ел президентінің ерен еңбектеріне қарсы қарекет етіп отыр ма? Олар шын мәнінде ұлтты аздырып, Геббельстің ұлы мұратын орындамақ па? Фашизмді қуаттаған Йозеф Геббельс «Жұртты өткенінен, мәдениетінен айырсаң, айдаудағы қойдай тобырға айналады» деп еді. Шынында бізді айдауға оңай тобырға айналдырғысы келген заң жасақтакшылар Геббельстің нақ өздері емес пе?

Не десе, о десін бұл заң  қазақтың тамырына балта шабатын дертке айналады. Алдын алу керек! Бірлігіміз жарасып, осы заңнаманы қабылдамау қажет. Әйтпесе ұл ез, қыз күңге айналады!

Дастанбек  САДЫҚ,

тәуелсіз  журналист

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: